• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Маусым, 2022

Таңдау Әбдіғалиұлына түсті

176 рет
көрсетілді

Жаңадан құрылған Ұлытау облысының әкімі болып Берік Әбдіғалиұлы тағайындалды. Анығын айтқанда, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар құрамындағы 64 депутаттың 51-і оның кандидатурасын жақтап дауыс берді.

Конституциялық реформаның талабына сәйкес Берік Әбдіғалиұлымен бірге өңір басшысының қызметінен үміткер ретінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаровтың кандитатурасы мәслихат депутаттарының талқысына түскен болатын. Ал жергілікті депутаттар алдында екі үміт­кер­дің кандидатурасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жез­қазғанға арнайы келген Президент Әкімші­лігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу таныстырды.

Ұлытау облысының әкімі болған Берік Әбдіғалиұлы биыл 51 жасқа толады. Оның екі жоғары білімі бар: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ресей Федера­ция­сының Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған.

Жергілікті депутаттарға Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту жөніндегі бағдарламасы ұнаған Берік Әбдіғалиұлына аталған өңірдің тыныс-тіршілігі жақсы таныс. Мысалы, ол 2010 жылы Ұлытау ауданының әкімі лауазымында қызмет етті. Одан кейін 2010-2012 жылдар аралығында Жезқазған қаласының әкімі болды. Ал 2019-2021 жылдары ол екінші мәрте Ұлытау ауданын басқарды.

Қазақстан жұртшылығына тарихшы ретінде жақсы танымал Берік Әбдіғалиұлы жеке 10 кітаптың және екі еңбектің бірлескен авторы. Олардың қатарында жаңа әкім авторы және жетекшісі болып саналатын «Желтоқсан – 1986 жыл» 10 томдығы және «Алаш әскері. Ақ Армия құрамындағы қазақ бөлімі» атты сүбелі еңбегі бар. Сондай-ақ ол көптеген ұлттық жобаның авторы және жетекшісі.

Сонымен, Ұлытау облысының тұрғын­дары атынан шешім қабылдаған жергілікті мәслихаттар депутаттары Берік Әбдіғалиұлы­ның кандидатурасын басым дауыспен қолдады. Жезқазған – Сәтбаев – Ұлытау өңірінің активі өндірістік, көлік-логистикалық және туристік әлеуеті зор жаңа облыстың өсіп-өркендеуіне мүмкіндіктің мол екенін атап өтіп, жаңа әкімнің ел үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

 

Ұлытау облысы