Талдықорған қаласында Жетісу облысы әкімін тағайындауға келісім беру бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиыны өтті. Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен ресми іс-шараға Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысты.
Жиынды ашқан Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы Гүлнар Тойлыбаева ел Президентінің биылғы 8 маусымдағы №912 Жарлығымен бекітілген облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беру қағидаларына сәйкес, Жетісу облысы әкімінің кандидатурасын келісу үшін жиналғандарын және аталған қағиданың 2-бабына сәйкес облыс әкімі лауазымына тағайындау келісімі облыс аумағында орналасқан мәслихат депутаттары жиынында берілетінін айтты. Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Президенттің Жарлығымен Жетісу облысының құрылғанын айта келіп, өңір жұртшылығын осынау тарихи оқиғамен құттықтады. Ол сондай-ақ бұл жолғы әкім таңдауы аймақ дамуы үшін маңызды шешім болатынын атап өтті. Мұнан кейін Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысының әкімі лауазымына Бейбіт Исабаев пен Бағдат Қарасаевтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.
Келесі кезекте кандидаттар депуттар назарына өздерінің болашақ қызметі бағдарламасының тезистерін ұсынды. Нәтижесінде, ашық дауыс беру қорытындысына сәйкес 141 депутаттың 106-сы Бейбіт Исабаевтың кандидатурасына, 35 депутат Бағдат Қарасаевқа дауыс берді. Депуттардың көпшілік дауысын жинаған үміткер Бейбіт Исабаев – Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімі болып тағайындалды.
Тиісті шешім қабылданып, Президент Жарлығы жария болғаннан кейін Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңір жұртшылығына жаңа әкім Бейбіт Исабаевты таныстырып, лауазым иесінің қызмет жолына тоқталды. Ал Жетісу облысының жаңа әкімі Бейбіт Исабаев көпшіліктің алдында ант беру рәсімін жасады.
Премьер-Министр жиынды қорытындылай келе, облыс басшысына басқару органдары мен мемлекеттік мекемелердің тұрақты жұмысын қалыптастыруды тапсырды. Мұнан кейін жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын кеңінен ашу керектігін де баса айтты.
– Жетісу облысының аграрлық мүмкіндігі жоғары. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруді ұлғайту керек. Ирригациялық жүйелер жақсартылып, егіндік көлемі кеңейтілсін. Етті-сүтті бағыттағы мал басы өсірілсін. Өңірде қант қызылшасы, жүгері дақылдары, өңдеу өнеркәсібін жандандыру маңызды. Өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешу жергілікті атқарушы органдар үшін бірінші орында болуға тиіс, – деді жетісулықтармен кездесуде Премьер-Министр Әлихан Смайылов.
Жетісу облысы