Үздіксіз білім алу және шеберлік сабақтарына қатысу Жүрек орталығы қызметкерлерінің жұмысының маңызды бөлігі. Жаңа білім мен халықаралық тәжірибе соңғы жетістіктермен қатар жүруге және отандық медицинаны дамытуға мүмкіндік береді. 7-8 маусымда аталған орталық қабырғасында кезекті шеберлік сабағы ұйымдастырылып, қатысушыларға аутотрансфузия жүйесі ұсынылды.
Аутотрансфузия (ATS) – пациентке хирургиялық араласу кезінде жиналған және сүзілген өз қанын құю әдісі. Бұл жүйе донорлық қанға қажеттілігін азайтады, пациентті қалпына келтіру уақытын және медициналық қызметтерге арналған шығындарды қысқартады.
Шеберлік сабағының екі күні ішінде Жүрек орталығының қызметкерлері LivaNova компаниясының аутотрансфузиялық жүйесімен танысты. Оқу бағдарламасына астаналық және Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды қалаларының медициналық орталықтарының перфузиолог дәрігерлері, кардиохирургтер мен анестезиологтер қатысты.
«Жасанды қан айналым аппаратының көмегімен ашық жүрекке операция жасау кезінде қанды жиі құю қажет. Аутотрансфузия әдісі операциядан кейінгі инфекциялардың, соның ішінде бүйрек жеткіліксіздігі дамуының қаупін азайтады. Бұл жүйе көптеген артықшылықты көрсетеді. Сондықтан оны одан әрі енгізу қан өнімдерін пайдаланудың дәстүрлі әдістеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін», деді. Жүрек орталығының қосымша қан айналымы зертханасы мен операциялық бөлімшенің меңгерушісі Рымбай Қалиев.
Қатысушылар бағдарламаның теориялық бөлімімен, ғылыми мақалаларымен және кардиохирургия саласындағы аутотрансфузияның артықшылықтарымен танысты. Практикалық бөлімінде аппараттың жұмыс істеу принципі таныстырылды, оның барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
«Екі күн ішінде біз жүрек-өкпе хирургиясы саласындағы соңғы біліммен бөлісуге мүмкіндік алдық және кардиохирургтермен осы салада не жақсартуға болатыны туралы белсенді пікірталас өткіздік. Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген көптеген перфузиологпен кездесіп, пайдалы тәжірибе алдық. Жүрек орталығына шеберлік сабағын ұйымдастырғаны және қонақжайлылығы үшін алғыс айтамын», деп бөлісті LivaNova компаниясының өкілі, клиникалық перфузиолог Youssef El Dsouki.