• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 14 Маусым, 2022

«Зоопарк»: Сұм өмір абақты ғой саналыға...

435 рет
көрсетілді

Қалыпқа түскен тірлік, екі етіл­мейтін бұйрық, өзгер­мейтін өмір салты, күнделікті бірін бірі айна-қатесіз қайталайтын әрекет, көпке ыңғайлыны ғұ­мыр­лық қағида еткен көңіл­шек­тік, өзгенің қалауын жалғанның мәніне айналдырған мінезсіздік, басқаның талабына табынған табансыздық, ең аяғы жан қалауыңды, ішкі ар-ұжданыңды қалың тобырдың көзқарасына матап берген шарасыздық... Таныс тіршілік пе? Иә, иә, қа­телескен жоқсыз, бұл – әрқай­сымызға тиесілі бір-бірінен аумайтын ерекшеліктен ада біздің өмір. Трафаретке түскеніміз, инкубаторлық сипатқа енгеніміз соншалық, адам ретінде дараланудан қалғанымыз қашан? Өйткені, ерекшелену айналаң үшін ыңғайсыз. Қоғам белгілеген шекарадан шықтың ба – шарасыз күйге түстің! Демек өзгелер сызған ережеге бағынуға тиіссің. Басқа таңдау жоқ! Ал енді өміріңізді зообақтағы аңдардан өзгеше деп көріңізші!..

Бас шаһардың Музыкалық жас көрермен театры күні кеше премьерасын өткізген Эдуард Олбидің «Зоопарк» психологиялық абсурдындағы қисынға қайшы сараптаулар еркісіз осындай ойға жетелейді. Шығармада жеке адамның мәселесі арқылы қоғамның түйткілдері сөз еті­леді. Айнала құжынаған адамдар, бірақ сол көп ортасында өзін керексіз се­зін­ген қос кейіпкердің тағ­ды­ры бір-біріне мүлде кереғар болғанымен, оларды ортақтастыратын бір-ақ жағдай бар, ол – жалғыздық. Жай жалғыздық емес, жан жалғыздығы. Әйтпесе, тас­танды жігіт, ата-ананың аялы алақанын, жылуын сезініп көрмеген көшенің жалаң аяғы Джерри мен тұрақты жұмысы, үйі, сүйікті жары, екі баласы, тіпті мысығы мен қос тотықұсы бар бақытты отағасы Питерді әлеуметтік қана емес, рухани әлем, тәрбие мен таным-түсінік тұрғысынан да ортақ әңгімеге жеткізер себеп мүлдем жоқ десе де болғандай. Салыс­тырып қарасақ, екеуі екі әлем­­нің адамы. Алайда екеуін ортақтастырып тұр­ған бір кесел бар, ол – тағы да жалғыздығы. Бірінде ба­қыт­ты болу үшін бәрі болса, екіншісінде осы өмірде тірі пендені бақытты етер дү­ниелердің бірі де жоқ. Бірі шы­найы жарлы болса, екін­шісі бетпердемен шын болмысын көмескілендірген рухани жарлының жан жа­ра­сын жеткізеді. Сол арқы­лы күллі қоғамның боямасыз бет бейнесі, адамзат атау­лының бауырмалдықтан безініп, немқұрайлылыққа, қатігездікке бет бұрған кел­бе­тін жан-жақты қыры­нан ашады. Осылайша құжы­наған көп адамның ішінде саналы адамның неге жалғыз­сырайтыны да өз өзінен түсінікті бола түседі.

Бостандықтағы аң еркінен айырылып, темір торға қама­лып қиналады. Ал адам бол­­са, өзіндік ерекшелігін жо­ғалтып, өмір талабына бағына отырып, өзін-өзі ерікті түрде торға қамаған, әлемін шым-шытырық шекаралармен шырмаған. Сонда кімнің тағдыры аянышты? Саналы бола тұра санасыз әрекет әдебін әдетке айналдырған адамның темір торға қамалған аңдардан не айырмасы бар? Тіпті тор­дағы хайуандардың мінез-құлқындағы ерекшеліктер де түрлі типтегі адам болмысын дөп суреттейтіндей: күн ысып суға тоймай жатқан мешкей бегемоттар, айбат шегіп, күллі зообақты өз әміріне бағындырғысы келген адуын арыстардар, аң патшасына жағу үшін жолына жастық болып жайылуға әзір жағымпаз ши бөрілер немесе ағаштан ағашқа секіріп сыпсың сөз тасыған өсекші маймылдар – осының барлығы да бүгінгі біздің қоғамның көрінісі емес пе?!.

«Шіркін тауық шыр айналар, жемің болса қолыңда» деп мұны Сәкен ақын қалай дөп басып суреттеп кеткен. Ал анау арыстандар ше? Ши бөрілердің «шоуы­нан» жалығып, қызды-қыз­­дымен көкжалдардың да «концертінен» дәмелі. Ноқтаға басы сыймаған текті аң ондайда бұлқынып барып, өз болмысын қорғағысы-ақ келеді. Бірақ қолынан жем беріп, еркіндігіне ие­лік етіп отырғандарды жеңу мүмкін бе? Қанша мық­ты болғанымен, рухың тұсау­лы. Себебі заманыңнан, қоға­мыңнан асып ешқайда кете алмайсың. Мағжан ақынның «сұм өмір абақты ғой сана­лыға» дейтіні де осындай шарасыздықтан туған жан шумағы емес пе екен?!.

Сіз бен біз өмір сү­ріп жат­қан қоғамның қатпар­лы шындығын беруде бас­ты рөлдегі қос актер, театр мектебінің талантты түлектері, есімдері елі­міз­ге белгілі сахнагер­лер – ха­лықаралық фести­валь­дер­дің лауреаты Данияр Базарқұлов (Джерри) пен Мәдениет саласының үздігі Алмас Шоманның (Питер) тамаша тандемі көңілге құрмет орнықтырды. Негізінен сөз әрекетіне құрылған қойы­лымға жан бітіруде әртіс­тердің табысты ізденіс нәти­жесін көрсеткеніне тәнтіміз. Кейіпкерлерін контрас­ты планда сөйлеткен қос актер­дің сахнадағы ой айқасы шын мәніндегі абсурдтық атмосфераны шебер жеткізе білді. Сонымен қатар тіл мен ой әуезін әрекетке лайықтап тәржімалап, драматург Э.Ол­бидің нәзік те өткір диалогтарын қазақ тілінде табысты сөйлеткен аудармашы Қ.Төлеуішов, костюм суретшісі І.Кәрімова, дыбыс режиссері Ж.Әбдірахман және жарық қою бойынша суретші Айдын Досаев ізденістерін де қойылымның көркемдік тұрғыдан біртұ­тастық деңгейге шығуына сәтті септескенін атап өткіміз келеді.

Ал спектакльге режис­серлік етіп қана қоймай, сахна суретін де дөп сызып, жансыз декорацияға жан бітірген қойылым режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің астары көп ауқымды шығарманы суреткерлік көзқарас тұр­ғы­сында сәтті сараптауы да айрықша қошеметке лайық. Режиссер «Зоопарк» пси­хологиялық абсурды арқылы үлкен қаладағы жалғыздықты, адам жанының жалғыздығын шынайы суреттейді.

Қорыта айтқанда, қойы­лым қоғамдағы адамның өмірі зообақтағы аңның өміріндей шектеулі деген ойға жетелейді. Шешімі жоқ өмірмен одан әрмен күресер шамасы болмаған Джерри өзін ажалға қиса, Питер темір тордағы өміріне еш қарсылықсыз көндіккенін, тіпті сол өміріне риза екенін айтады. Екі кейіпкердің диалогы арқылы суреттелетін күллі қоғамның келбеті сондай қоқынышты. Көзбен көрмей, кейіпкер аузымен баян­да­лып отырып-ақ жаныңды тітіркендіреді. Еркінмін деп келген шарасыздығыңды ойлап жаның тілім-тілім болады. Себебі «Зоопарк» – біздің қоғам.