АСТАНА. 23 сәуір. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция басқармасының басшысы Арман Абдуллин Кеден одағына мүше мемлекеттер арасында импорттық карантиндiк рұқсат алу тоқтатылғанын мәлiмдеді. Бұл туралы Bnews.kz хабарлады.
Арман Абдуллиннің сөзіне қарағанда, 2011 жылдың 19 мамырындағы Еуразиялық экономикалық одақ мемлекетаралық кеңесiнің шешiмiне сәйкес, Кеден одағы елдері арасында карантинге жатқызылған өнiмдердi алып жүруге және әкелуге арнайы рұқсат алудың енді қажеті жоқ.
Тағы бір айта кетер жәйт, Кеден одағы аясында өсiмдiктер карантинiне байланысты бірнеше түйткілдер оңтайланды. Яғни, Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы тасымал кезiнде, сонымен қатар, өзге елдерден осындай өнiмдерді импорттау кезiнде бiрқатар кедергiлердi жою ісі шешімін тапты.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: Bnews.kz.
Фото: MUNARA.kz.