• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 14 Маусым, 2022

Сандықтаудың самалы

797 рет
көрсетілді

Ілкіден елге мәлім Бурабай мен Зерендіден көркемдігі сынық сүйем кем түспейтін Сандықтауда адам аяғы сиректеу. Тұмса табиғаттың тұнығы уыз қалпында. Демек аялап ұстап, туризмді дамытудың мүмкіндігі де мол.

Қолдың саласындай ақ қайың­дар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген, құзар жартастың ете­гінде ақ бұлағы сарқырап ағып жат­қан Сандықтау ауданының кө­лемі 6,4 мың шаршы шақырым. Авто­мобиль жолдарының ұзындығы тұ­тастай алғанда 777 шақырымды құрайды. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, оның 68 шақырымы республикалық маңыздағы, 135 шақырымы облыстық маңыздағы жолдар. Шебер суретшінің кенепке келістіріп салған көркем туындысы іспетті ажары атқан таңдай ғажайып өлкенің өңін нұрланды­рып Жабай, Сарқырама, Жыланды, Ащылы, Атыжоқ, Қоңыр өзен­дері өтеді. Новоникольск, Жақсы-Жал­ғызтау, Құмдыкөл тәрізді тұщы суы мөлт-мөлт етіп жатқан, ақ балығы тайдай тулаған айдындар да бар. Мамандардың айтуына қарағанда, балықтың жиырмадан астам түрі өрістейді. Жыл сайын сай-саламен ағып келіп, қосылатын қар суынан кенересі кеңіп, бұрқ-сарқ етіп, асып-тасып жататын Жабай өзеніне сыздықтай сызылып Сарқырама мен Ащылы өзендері келіп қосылады. Бір ғажабы үш өзеннің түйіскен аңғары алыстан сүйсінтіп, көз салған адамға қалы кілемдей құлпырып, мың түске боя­нып, көңіл арбап көрінері бар.

Сары сағымның қызыл жалқын сәулесі мың құбылып, өзіне тартып, жаныңды баурап тұратын Сандықтаудың сарқылып бітпес бір байлығы – ит тұмсығы өтпейтін ну орман. Аттанар жағыңда да, қамшылар жағыңда да кісінің құшағы жетпейтін жүзжылдық қарағайлар самсап тұрады. Өкпек жолаушыны өңімен арбап, самалы тербеп, қазыналы қойнауымды көр дегендей, жасыл дидары жарқылдап шақырғанда, жаның тебіренеді. Орман көлемі шамамен алғанда 70,8 мың гектар алқапты құрайды. Негізінен ауданның солтүстік бөлігінде орналасқан. Адам аяғы сирек болған соң жеміс-жидегі де өте мол. Құстың да жүзден астам түрі мекен етеді. Сыңсыған ну орманның ішінен марал, қасқыр, түлкі, тиін, қоян, суыр, борсық, қарсақ тәрізді аңдарды кездестіруге болады. Осы өңірді жайлаған көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Сандықтаудың ну ормандарын ілкі заманда аю да мекен еткен екен. Орман қожасының ең соңғысын сонау 1897 жылы Рябухин деген аңшы атып алыпты.

Енді бір сәт осынау көз арбайтын, көңіл тоғайтатын құйқалы өңірдің неліктен Сандықтау атауына ие болғаны туралы айта кетелікші. Жұрт жадында сақталған көне аңыздың кебежесін ашсаңыз, көкірегіңізге әсері мол әдемі аңызды қамырдан қыл суырғандай етіп жеткізіп, санаңызға сіңірері бар. Бағзы заман болса керек, Сандықтау ол кезде бүгінгіден де сұлу, қазір­гіден де әсем. Сол ғажайып жерді ниеті жаман сиқыршы мекендепті. Бірде құлағына қара ормандай қалың елдің ішінде ай десе аузы, күн десе көзі бар хас сұлу бар деген хабар жетеді. Жұрттың сипаттауы солай. Жас сұлу туралы хабар жеткен соң сиқыршыдан дег­бір кеткен. Қалай да ұстап алмақ, алып қашпақ. Күндердің бір күнінде қара ниетін жүзеге асырады. Жұрт көзінен таса жерге алып кетеді. Түйенің өркешіндей болып төңкеріле бүк түсіп жатқан жотаның астында аумағы әжептәуір үңгір бар екен. Қызды сол үңгірге жасырады. Арудың жоғалғанын Сандықтаудың жігіттері де естіп, құлақтанса керек. Ел емес пе, намыс буған. Сиқыршы болмақ түгі­лі, кім болса да сыбағасын беріп, аруды азат етпек. Жаппай атқа қонған. Күн жүрген, түн жүрген. Апта өткен, ай өткен. Ақыры тауыпты. Бірақ есіл ерлер дегеніне жете алмаған. Жотаның үстінде жолыққан сиқыршы елдің намысқой жігіттерінің бәрін сиқырлап, тас қылып жіберсе керек. Қазір әртүрлі пішіндегі тас біткен сол сұлуды іздеп шыққан жаужүрек жігіттер деседі. Ал бауырындағы бұлақ, анығында бұлақ емес, аруды арашалап аламын деп шыққан Алаш жігіттерінің көз жасы. Аңыз солай дейді. Астары ащылау болғаны­мен, кейінгіге ғибрат. Бәлкім, осындай мысал арқылы дана табиғат өзін қорғаудың оңтайлы жолын ойластырды ма екен. Аңыз соңы әдемі сабақталады. Күндердің бір күнінде сиқыршының өзі қара тасқа айналып кетсе керек. Міне, сол кезде ажарынан айыққан хас сұлу адам кейпіне қайта енген. Бірақ елге оралмаған. Нулы, сулы Сандықтаудың барқыт белдерін, ақ айдынын аралап жүр деседі. Ел аузында не көп, аңыз көп, соның тағы бір парасында сиқыршының алтын толы сандығы көдедей көп жотаның бірінің астында көміліп жатыр деген де нұсқасы бар. Ақыл таразысына салсаңыз шынымен, алтын қазына бөккен, жаратқан ие мейірін төккен жер.

Соңғы жылдары жалпақ әлем­ді жарты тарының қауызына сый­ғызған жаман тұмаудың кесірінен ел үйінен қарғаадым жер ұзап шы­ға алмай қалды. Биыл тар тұсау кеңіп, алқымнан байлаған арқан босады. Енді сырлы Сандықтау­дың сұлулығын көруге әбден болады. Мейманмен мерейі өсетін өңір де жолы түскен жолаушыны, яки туристі күтуге дайын. Аудан­да төрт қонақүй, 8 қонақжай бар, 13 қоғамдық тамақтану орны жасақталған. Өткен жылы 1 246 адамға қызмет көрсетіліпті. Одан 5 240,5 мың теңге қаражат түскен. Бұрнағы жылмен салыстыратын болсақ, біршама өсім бар. Биыл туризм аумағы айтарлықтай кеңеюіне байланысты жаңа жұмыс орындары да ашылуда, халыққа керегі де осы. Бұл орайдағы жоспар 100 процент орындалған. Балкашин селосында жеке кәсіпкер Ф.Асадов жүз орындық жол бойындағы дәмхана салыпты. Басқа да құры­лыстар бой көтеруде. Жалпы, Сан­дық­тау ауданына туризм сала­сын дамыту бағытына 272,8 млн теңге инвестиция тартылған. Балка­шин селосындағы стадионды жаңғыр­туға 220,8 млн теңге қаражат бөлін­ген. Максимовка селосындағы мә­де­ниет үйін жөндеуге 43 млн теңге жұмсалуда.

Ауданға ат ізін салған адамның тарихтан тағылым алмай кетпесі анық. Ал киелі жер бұл өңірде аз емес. Мәселен, Алашқа аты шыққан, Кенесары ханның соңына еріп бар ғұмырын халқының азаттығына арнаған Шамай батыр. Ел қорғаған ердің кіндік қаны осы топырақта тамған. Жер бесігі де осы жерде. Шамай батыр Маралды орманы­ның бір мүйісінде, Новоникольск елді мекенінің жанында жерленген. Батырдың бейітіне барып тәу етемін, аруағына құрмет көрсетемін дейтіндер аз емес. Биыл Шамай батырдың бейітіне баратын жол жөнделмек. Осын­дай есіл ердің бірі Кенжебай батыр. Көне­көз қа­риялардың айтуына қарағанда, Кенже­бай ат жалын ерте тартып мінген азамат екен. Өсе келе, Кене­сары, Наурызбай көтері­лісіне қосылған. Батырдың көзсіз ерлік істері атақты Мәшһүр Жүсіптің «Мес» жинағында баяндалады. Бар ғұмы­рын ат жалында өткізген есіл ер 1884 жылы дәм-тұзы таусылып, қайтпас сапар­ға аттанған. Батырдың бейіті осы аудан­дағы Меньшиков­ка селосынан небәрі алты шақы­рым жерде. Кейін ұрпақтары белгі­тас қойған. Сырлы өлкенің самал ескен сайын даласындағы сансыз жотаның бауыры байыптап қарасаңыз, тұнған тарих.

Сандықтауда таза ауа жұтып, орман-тоғайын еркін аралап, күміс көліне шомылып демалумен қа­тар, аңсарыңыз ауып бара жатса, аңшы­лық жасауға да бола­ды. Rivc Ltd Sandyktau серіктестігі аңшы­лық туризмін дамытуға ниеттеніп отыр.

Көгілдір мұнарға тұмшаланған сансыз жотаның үстінен жаңар­ған, жасарған елдің самалы есіп тұр. Жазда жайлы болғанымен, шын­дығын айтқанда, қысқы туризм әлі түрен түспеген соқпақ. Осындай таби­ғаттың өзі пешенемізге бұ­йырт­қан ырыздықты дұрыстап пай­­далансақ, бюджеттің қалтасы томпая түсер еді.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы