• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 15 Маусым, 2022

Әлеуметтік инфрақұрылым тұрмысты жеңілдетеді

711 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысы тұрғындарының 97,2 %-ы таза ауыз сумен қамта­масыз етілген. Былтыр 10 ауылға ауыз су құбыры, 16 елді мекенге газ құбыры тартылса, биыл 11 елді мекенге орталық­тан­ды­рылған су, 9 ауылға газ құбыры тартылады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндады.

«Биыл 23 мыңға жуық халқы бар 11 ауылды орталықтандырылған ауыз сумен және 39 ауылды кешенді блок-модульдермен қамту жоспарланған. Алдымызда Мемлекет басшысының 2025 жылы халықтың 100 %-ын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Дегенмен қабылданып жатқан шара­лар арқылы бұл көрсеткішті 2023 жылы орын­дауды мақсат етіп отырмыз. Осы жылдың соңына дейін облыс тұрғын­да­рының 93,4%-ы көгілдір отынмен қам­та­масыз етіледі», деді облыс басшысы.

Былтыр Ақтөбе облысында 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бер­ілсе, биыл жыл соңына дейін 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй беріледі деп жоспарланған.

Осы жылы 580 шақырым жол жөн­деліп жатыр. Оған республикалық және жер­­гілікті бюджеттен 34 млрд теңге қарас­­тырылса, оның 20 млрд теңгесі жергі­­лікті жолдарды жөндеуге, ал 14 млрд тең­гесі ауыл-қала көшелерін жөндеуге бөлінген.

Өткен жылдан бастап мал азығын субсидиялау жобасы қолға алынды. Соның нәтижесінде былтырғы қуаңшылықта мал басын сақтап қалуға мүмкіндік болды. Қазіргі кезде шаруалар жем-шөп қорын дайындауға ірі қара басына 30 мың, әр жылқы басына 20 мың теңге қаржы алып отыр. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына, соның ішінде шаруа қожалықтарына газ, су құбырларын тарту жүйелі түрде қолға алынды. Биыл майлы дақылдар егістігі және көлтабанды суармалы шаруашылықтар саны көбейтіліп, мал бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарын салу жоспарланып отыр.

Брифингте журналистер Ақтөбе темірқорытпа зауытының ауаға шыға­рылатын зиянды қалдықтарын азайту, Алға химия зауытындағы «тарихи хи­миялық» қалдықтарды көму, Көкжи­де тұщы су қорын сақтау, Ақтөбе қала­сын­дағы жағымсыз иісті жою, қаладағы кәріз жүйесін жаңғырту жұмыстары, тоқтап қалған өзен арналарын кеңейту жобасы туралы сұрады.

2017 жылы Ақтөбе қаласының төңірегіндегі 8 өзеннің арнасын кеңейту жұмыстары басталып, 2019 жылы жергілікті экобелсенділердің талабымен тоқтатылған болатын. Олар тазалау жұмыстары сапасыз жүргізілгендіктен, өзен арналары тартылып, жағалаудағы бұлақ көздері көміліп қалды деген талаппен облыстық прокуратураға шағым түсірген. Мердігерлерді Елек, Қарғалы өзендерінің жағасында өсіп тұрған Қызыл кітапқа енген ағаштарды заңсыз кесіп тас­тады деп айыптады. Өңір басшысының айтуынша, қазір осы жобаға түзету енгізіліп жатыр. Кешегі сәуірдегі су тасқыны кезінде арналары кеңейтілген жерлерде бұрынғыдай жағалаудағы үйлерді су басу қаупі төнген жоқ. Өңір басшысы кезінде жағалауды кеңейту жобасына үзілді-кесілді қарсы шыққан  белсенділерді су басу қаупі бар жерлерде тұратын жұртшылықпен сөйлесуге шақырды.

Брифингте қаңғыбас иттердің 12 жастағы баланы талап жазым етуіне байланысты қабылданған шешімдер туралы сұрады. Жас баланың өмірі­не балта шапқан осы оқиғада үлкен­дер­дің жауапсыздығы мен заңның солқыл­дақ­тығы, мамандардың өз жұмысын дұрыс атқармауы да себепші болды. Мұндай оқиғаның енді қайталанбауы үшін қазір барлық жерде қаңғыбас иттер мен мысықтардан тазарту жұмыстары басталды.

 

Ақтөбе облысы