• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Маусым, 2022

Аяқталмаған соңғы әуен

988 рет
көрсетілді

Жүректің нотасында өз әуеніңді табу үшін адасуға да болады. Ең дұрыс сөйлемді құрау үшін мың, миллион сөздің бәрі еркіңде. Салған суретіңе үйлесімді түсті табу үшін сан бояуды қолдан асық. Бірақ соның бәріне қанша уақытымыз бар екен?.. Сүйіп, сезіп, жазып, тауып үлгереміз бе?.. Ең соңғы әнін шырқай алмай кеткендер бар ғой.

«Суреткер (қылқалам шебері ме, сөз шебері ме, әлде сазгер ме – маңызды емес) өзінің ең соңғы шығармасын аяқтап үлгерместен, өмірден өтті».

Моцарт өлерінің алдында жазған реквиемнің нүктесі қойылмай қалғанына өкініш білдірген. «Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт!» деген жан мифтік кейіпкерге айналып кеткенімен, реквиемді қайтыс болған әйеліне арнап жаздырған Франц фон Вальсег екені аян. Егер Моцартқа реквиемді жазуға тапсырыс бермегенде мұндай қасіретті де қасиетті ғажап саз жазылмайтын еді деседі.

Граф Вальсег өзі де әуесқой композитор. Алайда ол көп туындыны басқа сазгерлерге ақысын төлеп жаздырып, өз атынан жариялайтын болған. Моцартқа тапсырыс бергенде де реквиемнің авторлығын құпия ұстауға шарт қояды. Сөйтіп «Жаназа күйін» өз атынан шығарғысы келген. Бірақ композитор сырқатына байланысты шығарманы аяқтай алмады. Моцарт осы туындыны жазу кезінде өз өлімін сезген деседі. Тұңғиық сырлы жан дүниесінде азалы рухпен үндескен саздың ғасырлар бойы өз биігіне көтеріліп, жоғары бағаланғаны сондықтан шығар. Моцарттікі дейтін бұл реквиемде Зюсмайердің де қолтаңбасы бар. Алайда Зюсмайер бұл шығарманы аяқтауға Моцарттың жары Констанцияның тапсырмасымен кіріскен. Енді бір деректе қалай аяқтау керегін жас композиторға Моцарт өзі нұсқаған дейді.

Бір Амадейдің емес, талай суреткердің жүрек сыры аяқсыз қалған. Мәселен, Шуберттің № 8 симфониясы да бітпеген күйде қалды. Композитор екі бөлімді тәмамдаған соң үшінші бөлімді бастаған қалпында ұмытып кеткен. Кейбіреулер өмірінің соңғы алты жылында қанша талпынса да, үшінші бөлімін алдыңғы екі бөлімнен асырып жаза алмағандығын айтады. Содан кейін де нүктесін қоя алмаса керек.

Қанша талант десек те, көңілдегіні дәл жеткізетін сұлу сөзді, көркем сазды табудан қиын не бар? Сонда да сазгердің жойқын күшпен дауылдай болып келіп, бірден дамылдай қалып нәзік те мұңлы иірімге ұласатын екі бөлімді симфониясы талғамды тыңдарманның жүрегін тербер туындыға айналды.

Брукнердің №9 симфониясының да тағдыры осындай. Сазгер денсаулығы сыр берген соң 3-бө­лімді аяқтап төртінші бөлімнің құрлымын ғана сызып үлгерген. Соңғы бөлімді басқалар қанша жазып шығуға тырысқанымен, сырын тауып, сазын ешкім дәл келтіре алмады. Ал осы симфонияда өз уақытынан тысқары, заманының шекарасын бұзып, басқа әлемге жетелейтін тылсым бар. Әсіресе үшінші бөлімде өмірмен қоштасқан композитордың ішкі күйі анық жеткендей. Жазылып үлгермеген төртінші бөлімінде де торға қамалған құстай ұша алмай жан мұңы қалған шығар?..

«Бәлкім бұл оның ғұмыр бойы айтуға талпынған ең соңғы аққу әні ме екен, біз тағдырдың әділетсіздігіне күйінеміз». Расында осы бір құбылыс дүниедегі әділетсіз әрекеттей соңы жоқ туындыларға сонша құмартып, шіркін, аяқталмай қалған сөйлемнің соңғы нүктесіне дейін қандай сыр қалғанын білсек, мың әуеннің соңғы нотасындағы жүректің сазы не екенін дәл тапсақ, талай суретшінің аяқталмаған картинасына жетпей тұрған бояу мынау деп айта алсақ деген ойға қаламыз. Сырына қана алмай қалған сұлулық құпиясына елітіп, адамға әлдебір тылсымдай көретіні несі? Тіпті адамзат сол жұмбақты шешіп, аяқтауға талпынады. Өмірде де, өнерде де әркімнің өз өлшемі, сезім-түйсігі бар. Ол біреудің қалыбына сыя ма екен? Соңғы ән сол құпиясымен де құнды.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Еуразия ұлттық университетінің студенті