Елдің бәрі Жарасқанның эпиграммаларын айтады. Мен оның «Ақ бұлақтары» мен «Ақын кетіп барады көшеменен», «Портфель», «Ақырғы өлеңін» айтқым келеді. Жұрттың бәрі басын шайқап тыңдайтын «Кенже баласын» қайда қоясыз?
Бүгінде осы кенже бала деген ұғым архаизмге айналып бара жатыр. Оны да еске салатын Жарасқан Әбдірашевтың жыры. Осылай бір өлеңі бір өлеңінен асып түсіп, жырлары өзі жазған ақ бұлақтардай шапқылап ағатын мүлтіксіз ақын жинақтарын қазір арнайы іздемесеңіз, кітап дүкендерінің сөрелерінен табу қиын. Солай, мүлтіксіз, туа салған ақын болған соң ба, бір өлеңінен бір өлеңін айырып айту тағы қиын. Өлең осылай иленген құлынның терісіндей сыңғырлап тұру керек қой дегізетін де осы Жарасқанның жырлары. Бірін алып оқысаңыз, құмарың қанбай екіншісіне бас қойғың келіп тұрады. Сосын оқып-оқып кеп, тағы бір өлеңіне келгенде тоқтап, тыныстап біраз отырасың. Қорыту керек қой. Әлгінде басыңнан өткен жайларды толассыз ағызып келе жатқан жыр ағыны бір уақыт тоқтатып, ойландырып қояды.
«Кіріспе» демей «Кірісу» қойдым
жыр атын.
Кірісу менің – міндетім, хақым, мұратым!
Өмірде мынау бәріне, бәрі, бәріне,
Кірісу керек, кірісу керек шын ақын!» дейтіні бар.
Қайсыбір жылдары осы өлеңі ақынның бір жинағының алғашқы бетінде өзінің дәптерге жазған қолтаңбасымен тұрғанын көріп едік. Содан бері әдебиеттерден «кіріспе» сөзін оқыған сайын көңілге түрпідей тиеді. Жарасқанның жаныңмен үйлесім тауып, сүйсіндіріп келе жатып бір кезде тоқтатып, ойландырып қоятын төңкерісшіл өлеңі бұл ғана ма? «Махаббат» деген өлеңінде былай деп қойып қалмай ма?
«Күтпеген жерде кез болдың,
Сен мынау қара бұрымсың.
Телмірген талай көздердің
Түбіне жеткен зұлымсың!..»
Махаббат пен зұлымдық қашаннан бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар екенін айтып жатудың өзі артық. Алайда ақын осылай жазғанын қалай түсіндіруге болады? Өмір бойы махаббаттың отына күйіп, азабын кешкендер ғана түйсіне алатындай ғана сезіледі маған осы сөз. Жас жігіт кезінде шекараның арғы жағында қалып қойған ауылы Жайырдан бері елге өтіп, одан кейін туған жеріне жете алмай қалған Жәркен Бөдеш кейінде «Жайырдан басқа жауым жоқ» деп жазбады ма? Өмір бойы Жайырды сағынып, Жайырды аңсап өткен Жәркен ақырында осылай жазды. Өлең соған апарды. Ішкі арпалыс соған жеткізді. Ал Жарасқанның мынауысы тіптен ғаламат қой. Төбесіне «Махаббат» деген тақырып қойып бұлай жазғанды бірден қабылдай қоюдың өзі қиын-ау. Бұл жерде өлеңнің қуат-күші де махаббатты бұрым ретінде ойнатып беруі сияқты. Қара бұрым, қара түн, көздің қарашығы не дүниені болсын жұтып алады ғой. Өзеннің тынып жатқан терең жерін де қара су дейтін. Тіпті оның астында иірім де болуы мүмкін тартып алатын. Қара бұрымның астарында да әлгіндей иірімдер бұғып жатқаны анық.
Екінші шумағында бастапқыдағы терең ойды одан әрмен ширықтырып, асқақтата түседі.
«О бастан саған гүл ынтық,
Көбелек қонса той қылар.
Жібере ме деп жынұртып,
Қорқады сенен ойлылар...
Жап-жақсы жүрген жандарды
Сайқалсың жерге қаратқан.
Ақымақтар мен аңдарды
Құдайсың қайта жаратқан!..»
«Мә, керек болса» дегізеді мұнысы. Адамның ақыл-ойын сілкіп оятатын да сезім, түртіп жайрататын да сезім бойыңды билемей қоймайды. Соның дегеніне көніп, әлекке түсесің. Соның айтқанымен от басасың, тағы бірде соның әсерімен ғаламатқа тап боласың. Ол да Құдайдың бергені. Бәрінен бұрын ақын «қорқады сенен ойлылар» деп сол сезімнен: жанудан, өртенуден қорқатындарды жақсы айтқан.
«Шын алтын қолда тұрмайды,
Қолда бар кезде жездейсің,
Біреулер сені ұрлайды,
Ұрланғаныңды сезбейсің!..»
Ғашықтық ғаламатының небір сұмдықтары осында тұр. Ұрланғанын сезбейтін, біреудің басына бақ құлатып, біреудің басын жоқ қылатын махаббаттың құдіретінде. Айналып келгенде Жарасқандай жырлау қайда оны?..