• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2014

Экологиялық мәдениетті көтеру – өмір талабы

525 рет
көрсетілді

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасы сәуір айының ортасында жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандарының қатысуымен «Жылжымалы экомәдениет» атты акция өткізді. Онда аудан аумағында орналасқан кенттер мен ауылдық округтердегі тұрғындар арасында экологиялық заңнаманы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Акцияның мақсаты Сыр өңірі халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын мен аймағымызда қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың қазіргі таңдағы жағдайын анықтау мақсатында жылжымалы зертханамен зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар, халық арасында экологиялық заңнаманы түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы, экомәдениеттілікті көтеру болды.

Біздің елімізде екі экологиялық апат аймағы бар: Олардың біріншісі - бұрынғы Семей ядролық полигон аумағы болса, екіншісі - Арал өңірінің қазақстандық бөлігі. Міне, аталмыш акция басырында осы Арал маңындағы экологиялық ахуал бойынша Қазақстан Республикасының «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңы қабылданып, ол бойынша экологиялық қасірет аумағына Қызылорда облысының бүкіл аймағы енетіні, ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, Заң қабылданғаннан бастап облысымызда халық саны 111 400 адамға, яғни 15 пайызға және халық арасындағы демографиялық өсімнің орта есеппен 8-12 пайызға өскені, дегенмен, бұл көрсеткіш экологиялық ахуалдың жақсаруынан емес, бала туылу көрсеткішінің есебінен көбейіп отырғаны атап өтілді. Ал халық өлімінің саны 1993 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін сол деңгейде қалып отыр. Экологиялық ахуал бойынша атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың мөлшері тиісті нормативтен 2,8 есеге асқан. Судың сапасы «орташа», 3 класс болып табылады, сульфаттар мен мыстың концентрациясы тиісті нормативтен 5,4 есе, нитриттер пен магний 2,2 есеге көбейген. Аталған мәліметтер облыс бойынша табиғи ортадағы ластаушы заттардың шоғырлану көлемі нормативтік деңгейден жоғары екендігін көрсетіп отыр. Халықтың аурушандық деңгейі де жылдан жылға өсіп келеді. Шөлейттенген Арал теңізінің түбiнен тұзды шаң қалдықтарының көтерiлуi салдарынан топырақтың белсендi тұздану процесi басталып, жер асты сулары деңгейiнiң ирригациялық жүйеден тыс төмендеуi мен көлденең су алмасудың жоқтығы шөлейттену процесiнiң дамуына септігін тигізді. Бұдан бөлек, экологиялық қасірет аймағы болып табылатын Қызылорда облысында қазіргі кезде қоршаған ортаға өз әсерін тигізбей қоймайтын өндіріс орындарының көптеп ашылуы мен жер қойнауын пайдаланушылардың, оның ішінде мұнай өндіруші компаниялардың көптеп ашылуы өндірістік қалдықтар мен ластаушы заттардың ауаға тасталуына әкеліп соғатыны сөзсіз. Бұған дәлел: тек былтырғы жылдың өзінде 21 млн. текше метрден астам ластаушы заттардың ауаға тасталған. Осыған орай прокурорлық шаралармен қоршаған ортаға келтірілген залал ретінде эмиссия үшін 3 млрд. теңгеден аса эмиссия мемлекетке түсірілді. Аймақта мемлекет меншігі болып табылатын жер асты қойнауы байлықтары көп. Мұнда Қазақстандағы минералды шикізаттың қорының жалпы көлемімен салыстырғанда, орта есеппен ванадийдің 65, уранның 9, цинктің 15, мырыштың 9, жерасты су қорларының 4 пайыз көлемі бар. Сонымен қатар, аудандық прокуратура еліміздің индустриалды-инновациялық бағыттағы саяси ұстанымдарын ескере отырып, жер қойнауы байлықтарын пайдалану барысында заңсыздықтардың орын алмауына бақылауды күшейтіп ғана қоймай, осы бағытта халық арасында оны пайдалануға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізілді.

Сыр өңіріне тән флора мен фауна, оның ішінде аулауға арнайы тыйым салынған Бетпақдала таралымының киіктері мен Арал теңізіндегі балық класстеріндегі заңдылықтың сақталуы пәрменді қадағалауды қажет етеді. Облыстың шөлейтті мекендер қатарына жататынын ескерсек, ондағы орман қорындағы құрып кету қауіпі төнген сексеуіл мен дәрілік құралдар өндірісі үшін шикізат болып табылатын мия өсімдігін заңсыз жинау фактілеріне тосқауыл қою басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президентінің.2013 жылғы 30 мамырдағы Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі» Тұжырымдаманың өзі, су ресурстарын орнықты пайдалануды, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамытуды, қалдықтарды басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауды, ауаның ластануын азайтуды, экожүйелерді сақтап қалу және тиімді басқаруды көздейді. Сондықтан, халықтың әл-ауқаты, өмір сүру сапасы мен аймағымызда қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың қазіргі таңдағы жағдайын анықтау арқылы халық арасында экологиялық заңнаманы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, экомәдениеттілікті көтеріп қана қоймай, сонымен қатар, жұршылықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырады. Нұржан Айекенов, Жаңақорған ауданы прокурорының көмекшісі. Қызылорда облысы.