• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Парламент 16 Маусым, 2022

Сенатор жекешелендіру жоспарының орындалуын сынға алды

641 рет
көрсетілді

Мемлекеттік нысандар арзандатылған бағамен жекешелендірілуде. Бұл туралы бүгінгі Сенат отырысында депутат Бекболат Орынбеков айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатордың айтуынша, мемлекеттік меншіктің нарықтық бағадан 15 есе төмен бағамен жеке меншігіне өткен фактілер тіркелген. Депутаттың наразылығы жекешелендірудің мақсаты мен 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарының жұмысы экономикалық пайда алу болуы керек еді дегенге негізделген.

«Есеп комитетінің деректеріне сәйкес 2021 жылдың қорытындысы бойынша құны нарықтық бағадан 21%-ға төмен 218 объект сатылды. Нарықтық құны - 74,3 млрд теңге, сату құны - 59 млрд теңге. Бірқатар өңірлер бойынша сату құнын айтарлықтай төмендету фактілері байқалады. Мәселен, Жамбыл облысында нарықтық құны мен сату құны арасындағы айырмашылық 15 есе. Алматы қаласы бойынша - 3,2 есе, Алматы облысы бойынша - 2,4 есе», деп наразылығын білдірді сенатор.

Сенатор квазимемлекеттік сектор нысандарын сатуда да осындай фактілер бар екенін баса айтты. Депутат бұл жағдай жекешелендіру үдерісінің төмен тиімділігін көрсететінін ескеріп, министрлер кабинетінің мүшелерінен осы жағдайға назар аударуды сұрады.

Аяна Тоғанбек