Сенат депутаты Еділ Мамытбеков Палата отырысындағы сөзінде бюджет қаржысын пайдалануға қатысты мәселелерді атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Холдингтер мен банктерден және экспорттаушылардан мемлекетке тиесілі барлық кірісті жинаудың орнына болашақ ұрпақтардың ақшасын алып отырмыз. Банктерді қолдауға бұрын берілген ақшаны қайтаруға белсенді түрде тырысып жатқан жоқпыз, бұл шамамен төрт миллиард доллар», деді сенатор.
Депутат бюджеттік және бюджеттен тыс түсімдерге, әзірленген Стратегияларға, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларға қарамастан, экономика әлі де жеткілікті деңгейде жақсара қоймағанын атап өтті. Бұл экономиканы әртараптандыру деңгейінің төмендігіне және шикізат өндірісі мен экспортқа тәуелді болудың деңгейі жоғары екендігіне де байланысты.
«Соның нәтижесінде – бюджет қаржысын пайдалануға пәрменді бақылау жоқ. Бюджет қаржысын жоспарлау мен игерудегі дәстүрге айналған тиімсіздік соның салдары. Мысалы, мемлекеттік бағдарламалар бойынша ғана бюджет қаражатын жұмсаудың тиімсіздігі 142,4 млрд теңгені құрап отыр. Барлық мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар бойынша іс жүзінде 10 млрд теңгеден 345 млрд теңгеге дейін ауқымды қаржыны пайдаланудың толық еместігі байқалады», деп атап өтті Еділ Мамытбеков.
Сенатордың пікірінше, осыған байланысты Үкімет мемлекеттік жоспарлау жүйесінде тиісті тәртіп орнатуы керек. Оның тиімділігін арттыру үшін бағдарламалық тәсілдің ғылыми-әдістемелік негіздерін жетілдіру де маңызды. Сенатор сондай-ақ Қазақстанда толыққанды азаматтық қоғамды одан әрі қалыптастыру үшін жағдай жасай отырып, мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау мүмкіндіктерін күшейту қажеттігін де айтып кетті.
Аяна Тоғанбек