• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Маусым, 2022

Босқындар саны 100 миллионнан асты

219 рет
көрсетілді

Украинадағы қақтығыс салдарынан әлемде алғаш рет үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдардың саны 100 миллионнан асты. Біріккен Ұлттар Ұйымы әскери шиеленістен туындаған ашаршылық босқындар санының бұдан да артуына әкелуі мүмкін екенін алға тартады. БҰҰ мәліметінше, Еуропадағы украиналық босқындар саны 4,8 миллион адамнан асты.

Киевке Франция, Германия және Италия басшылары келді. Франция президенті Эммануэль Макрон бұл сапарды еуропалық бірліктің символына балады. Германия канц­лері Олаф Шольц өз сөзінде бұл сапар Украинаға және оның халқына көмек­тесуге және қолдауға деген ынтымақ пен ниетті көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, қарт құр­лық Украинаға қаржылық және гу­ма­нитарлық көмек көрсетуді жалғастыра бер­мек. Сондай-ақ Киевке Румыния прези­ден­ті Клаус Йоханнес та келді. Ол Украина пре­зи­денті Володи­мир Зеленскийге және ук­раин халқына қолдау білдіру үшін келгенін жазды.

Ұлыбритания барлау қызметі Украина­дағы ахуалға қатыс­ты тың мәліметтерімен бөлісті. Мәселен, Северский Донецк өзені­нен Северодонецкіге баратын үш көпір де қиратыл­ған. Дегенмен Украина әскери күштерінің басым бөлігін қаладан шығарып үлгерген. Өзеннің шығысына бекінген украиналық күштер мен бейбіт тұрғындар үшін жағдай өте қиын күйінде қалып отыр.

Сондай-ақ Ұлыбритания барлау қызметі Ресейдің Дон­басстағы әскерінің құрамы бытырап, әлсіреп бара жатқанын хабарлады. Келтірілген мәліметке сүйенсек, әдетте 600-800 адамнан тұратын кейбір батальон­дық тактикалық командаларда 30 жауынгер ғана бар.

Қазіргі таңда басты қақтығыс Северо­донецкі қаласы үшін жүріп жатыр. Сондық­тан да екі тарап та шағын пехоталық топ­тар арқылы шайқас жүргізеді. Бірақ ресей­ліктер танкісінің көпті­гін мұндай жағдайда қолдана алмайды. Соның салдарынан Ресей әскерінің алға жылжуы бәсеңдеген.

«Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін күшейген жаһандық азық-түлік дағдарысын еңсеру әрекеттері қоныс аударуына жол бермеу үшін маңызды», деді БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Филиппо Гранди.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Ук­раина президенті Володимир Зелен­скиймен телефон арқылы сөй­лесті. Әңгіме барысында ал­дағы уақытта Украин астығын экспорттау мәселесі сөз болды.

Ресейдің Қара теңіз бен Азов теңізіндегі порт­тарды жауып тастауы салдарынан Ук­раина 22 миллион тонна астықты экспорттай алмай отыр. Өткен аптада БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя теңіз арқылы Украина астығын экспорт­тайтын кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын еке­нін мәлімдеген. Оның сөзіне сүйенсек, алдымен порт маңын миналардан тазарту керек.

Түркияның TRT телеарнасы Ресей, Украина және Түркия Украина порттарынан астық экспорттау мәселесі бойынша қорғаныс министрліктері арқы­лы шұғыл байланыс арнасын құрғанын хабарлады.

Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Киев өз порттарын миналардан тазартса, Мәскеу украиндық астықты тасымалдайтын кемелердің кедер­гісіз өтуіне кепілдік беретінін мәлімдеген. Сондай-ақ Ресей­дің бақылауындағы Бердянск және Мариуполь сияқты порттар арқылы тауарлардың экспортын қамтамасыз ете алатынын айтқан.

Бірақ Украина тарапы Кремльдің уәдесіне сеніп отыр­ған жоқ. Сарапшылардың ай­туын­ша, бұған негіз жетерлік. Алда-жалда Украина портты қалалары маңын миналардан тазартса, Ресей осы сәтті пайдаланып жағаға жақын келіп соққы жасауы мүмкін. Сондықтан ресми Киев басқа мемлекеттердің кепілдігін талап етіп отыр.

АҚШ армиясы Біріккен штабының төрағасы Марк Мил­лидің пікірінше, Украи­надағы қақтығыс басталғалы Ресей әскері броньды техникасының 20-30 пайызынан айырылған. Оның айтуынша, әскери қақтығыста «жеңіс сандармен емес, оларды дұрыс қолданумен қамтамасыз етіледі».

Генералдың сөзіне сенсек, Ресей жауын­гер­лері қарсылас бағыт­қа беталды оқ жау­ды­ра­ды. Соның салдарынан бейбіт тұр­ғындар көптеп зардап шегіп жатыр. Алайда Украина жауын­гер­лерінің кәсібилігі жоғары еке­нін жеткізді. Осылайша, ук­раи­налықтар артиллерияны жақсы меңгеріп, маневр жасап, өте тиімді әскери іс-қимыл жасап отыр.