Мәжілісте «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында өткен Парламенттік тыңдау кезінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі ахуалдың жай-күйіне тоқталды.
Атырау облысының әкімі С.Шәпкенов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Атырау облысы дамуының кешенді жоспары қабылданғанын жеткізді. Құжатта тұрғындарды сапалы, таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нақты іс-шаралар қарастырылған.
«Негізгі су көздері – Ресей Федерациясынан бастау алатын Жайық, Қиғаш, Ақтөбе облысынан Жем, Сағыз, Ойыл өзендері және Қоянды мен Тайсойған жерасты су кен орындары. Облыс халқының 70 пайызы Жайық өзенінен, 24 пайызы Қиғаш өзенінен «Астрахань-Маңғыстау» су құбыры арқылы ауыз сумен қамтылған.
Сондай-ақ ТШО, KUS, «Болашақ» зауыты сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары техникалық мақсатта қолданылады. Қалған 6 пайызы Қызылқоға және Құрманғазы ауданының тұрғындары жерасты су қорын тұтынып отыр», деді С.Шәпкенов.
Әкімнің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Ауылдық елді мекендер бойынша 83,6 пайызға тең. Яғни 128 ауылдық елді мекенге су жеткізілген.
«Атырау қаласы және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін су тазартқыш жабдықтары өткен ғасырдың 30-шы және 60-шы жылдары қолдануға берілген. Қазір олар апаттық жағдайда тұр. Сонымен бірге су тапшылығы бар және алдағы бес жылда су жетіспеушілігі 40 пайызға дейін өседі деп болжанған. Осыған байланысты жаңа екі сүзгілеу стансасын іске қосу жоспарланып отыр.
«Астрахань – Маңғыстау» су құбыры арқылы халықты сумен қамтамасыз ету мәселесімен бірге, өңір экономикасының негізін қалыптастыратын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың да мәселелерін шешу қажет. Себебі алдағы уақытта су тапшылығы туындайды», деді С.Шәпкенов.
Сондықтан құбырды екі кезеңнен тұратын қайта жаңғырту және өткізу қабілетін ұлғайту бойынша жоспарланған құрылыс жұмыстарын кейінге шегермей, тездетіп шешу қажет екенін атап өтті.
«Ауыз су тапшылығын жоюда Көкжиде тұщы суы кен орнын пайдалану қажет. Бұл халықтың денсаулығын жақсартуға сөзсіз әсер етеді. Экология министрлігінен жобаның техникалық экономикалық негіздемесінің әзірленуіне қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Жылдан-жылға жерасты су қорлары азайып келеді. Мәселені шешу үшін барлау жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жобалардың жалпы құны – 5,9 млрд теңге. Биыл осы жобаларға 300 млн теңге бөлінді, бұл жеткіліксіз, ұлғайтуды сұраймыз.
Ағынды сулар тазартылмаған күйде далаға төгілгендіктен, булану арқылы күкірт сутегі және көмірқышқыл газға айналып, қоршаған орта мен халықтың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бүгінгі күні қуаты тәулігіне 70 мың шаршы болатын кәріз тазалау ғимараты пайдалануға берілді. Қуаты тәулігіне 31 мың шаршы болатын жүйенің құрылысы басталды. Үш ауданда кәріздік тазарту құрылғылары бар, қалғандарында қуаттылығы орташа модульдік қондырғыларды орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл ағынды суларды техникалық су деңгейіне дейін тазартып, тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», деді С.Шәпкенов.
Осы орайда Атырау облысының әкімі өңірдегі каналдардың тозғанын, су өткізу қабілеті өте төмен екенін атап өтті. Қазіргі таңда 7 канал бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Ал 14 канал бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп, республикалық меншікке беріліпті. Үш арна бойынша ішінара қаржыландыру басталып, бұл жұмыстарға 250 млн теңге бөлінген.
«Жылдан-жылға Жайық және Қиғаш өзендерінің суы тартылып барады. Сонымен бірге өзендердің сағасын тазалау мен түбін тереңдету жұмыстары да өзекті мәселе. Өйткені балықтың теңізден өзенге өтуі тоқтап қалуы мүмкін. Бұл сағалар – балықтың уылдырық шашатын жерлеріне өту жолдары. Атап айтқанда, балық теңізден өзенге осы сағалардан өтіп уылдырық салады. Осы мәселені шешу мерзімінің созылуы Каспий теңізінің балық қорларының өсімін молайту мүмкіндігінен айырылуға әкеліп соғатынын ескеру қажет. Сондай-ақ лайланған сағалар барлық су кемелерінің өтуін тоқтатады», деді С.Шәпкенов.
Баяндамашы Көкжидеден таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді бастауға назар аударды. Ресей Федерациясымен біріге отырып, Ириклин су қоймасының жұмыс режімін бірлесіп қарастыру керек екенін атап өтті.
«Жыл сайын 200 млн шаршы метр суды жіберу жаз айларында жүзеге асырылатынын ескере отырып, маусым айында ең жоғары мөлшері 60 пайызға дейін өсіріп, су тасқыны кезеңі өткеннен кейін одан әрі бірте-бірте 20 пайызға дейін шілде және тамыз айларында тиісінше азайту керек.
Су қорының ластануын болдырмау мақсатында, қазіргі уақытта суға батқан ірі габаритті заттарды көтеру қажет. Атырау облысының аумағында гидрологиялық режімді жақсарту және су деңгейін көтеру мақсатында тұрақты түрде өзендер түбін тереңдету жұмыстарын жүзеге асыратын коммуналдық кәсіпорын құрған жөн», деді С.Шәпкенов.