Өзбек-қырғыз шекарасында жасырын жерасты жолын қазғандар ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілі Мақлиё Валиқулованың айтуынша, 8 адамнан құрылған қылмыстық топ жылдар бойы контрабандамен айналысқан. Екеуі Өзбекстан, алтауы Қырғызстан азаматы. Олар жерасты жолымен 1 млн 641 мың доллар қаржыны заңсыз алып өтпек болған жерінен ұсталған.
«Тексеру кезінде Әндіжандағы тағы бір үйден ұзындығы 420 метрлік жерасты жолы анықталды. Онда жүк таситын электр арба болған. Кінәлілерге қатысты сот қылмыстық іс қозғап, 8 жылға дейін бас бостандығын шектеді. Топ мүшелері құқық қорғау органдарының назарына ілікпес үшін байланыс құралдарын қолданған. Ірі көлемдегі валютаны еліміздің аумағына әкеліп, одан кейін жерасты жолы арқылы Қырғызстанға алып кетіп жүрген. Тергеу амалдары кезінде олардың әрекеттері айғақ заттармен дәлелденді», деді М.Валиқулова.