Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВПЕН сұхбат
«Биыл менің Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі идеяны ұсынғаныма 20 жыл толады. Еуразиялық интеграция үдерісі бүгінде дамудың мүлде жаңа кезеңіне шықты. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа 2014 жылы мамырда дәл осы жерде, Астанада қол қою жоспарлануда» – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ХІІ Еуразиялық Медиа-форум қатысушыларына жолдаған құттықтауында осылай делінген. Біз Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен таяуда болатын осы оқиғаның мән-маңызы туралы сұхбат құруды жөн көрдік. – Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Сізбен әңгімені бастарда Үкіметте осыдан жиырма шақты күн бұрын болған бір жағдай есіме түсіп отыр. Еуразиялық экономикалық ықпалдастық мәселелерінің бұқаралық ақпарат құралдарында қамтылуы жөнінде мәжіліс өткізілетін залға кіріп келгеніңізде шақырылған адамдардың көптігіне таңданғаныңызды айтып қалып едіңіз. Үш мемлекеттің басшылары мамыр айының аяқ шенінде немесе маусымның бас жағында қол қойылады деп шамаланып отырған Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт журналистер үшін жабық тақырып емес деп ойлаймын, солай емес пе? – Әрине, солай. Мен ол жолы залға журналистердің емес, осы мәселеге қатысты министрліктер мен ведомстволардың өкілдері тым көп шақырылғанына ғана назар аударған едім. Өзіңіз көрдіңіз ғой, кездесуде олардың бәрі бірдей сөйлей алған жоқ. Тіпті кейбір комитет төрағалары құр отырып, әңгіме тыңдап қана кетті. Ондай жиын-жиналыстарға тек нақты сөз сөйлейтін, журналистердің нақты сұрақтарына нақты жауап беретін адамдардың ғана шақырылғаны жөн. Соны айтқым келген. Қай министрлікте де шаруа бастан асып жататынын жақсы білесіз. Ал дәл осы айларда экономикалық интеграцияға тікелей қатысты орындар күн-түн демей жұмыс істеп жатыр дей аламын. Елбасымыз жақында Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында «біздің сарапшыларымыз өте үлкен әрі қиын жұмысты жүргізуде» деп бұл іске тиісінше баға бергенін өзіңіз білесіз. – Еуразиялық экономикалық одақ құрудың түп негізінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау 1994 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жасаған ұсынысы тұрғаны баршаға белгілі. Әңгімеміздің бас жағында осы идеяның туындауын, пісіп-жетілуін, бел-белестерін оқырмандардың есіне тағы бір салып өтсеңіз деймін. – Халықаралық қауымдастықтың біздің елімізді жаһандық үдерістердің ықпалды қатынасушысы деп тануының бастауын осыдан дәл жиырма жыл бұрынғы сол кездесуден іздеу жөн. Мемлекет басшысының бұдан 20 жыл бұрын мемлекеттердің Еуразиялық одағын қалыптастыру туралы алғаш ұсынған бастамасы посткеңестік кеңістіктегі экономикалық интеграцияға негіз қалады. Елбасымыз бұрынғы Кеңес Одағының республикалары өз тәуелсіздіктерін қызықтап, егемендік эйфориясына түсіп кеткен ең алғашқы жылдардың өзінде де, арада бір-екі жыл өтіп, бүкіл посткеңестік кеңістік аса ірі геосаяси күйзеліске ұшыраған кезеңде де болып жатқан үдерістерді философиялық тұрғыдан ой елегінен өткізе келіп, ықпалдасу қажеттігін алға тартқан еді. Бүкіл әлем ықпалдасу үдерістерін бастан кешіп, жаһандану жағдайында әртүрлі жолдармен бірігу арқылы ғана уақыт алдан тосып отырған сын-қатерлерге қарсы тұра алатынын ТМД мемлекеттері басшыларының арасында алғаш айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай жаңашыл әрі батыл идеясын әуелі ресейлік ғылымның ең озық өкілдерінің алдында әдейі жария етті деп ойлаймын. Бұлай ету арқылы Қазақстан Президенті еуразиялық стратегиясының эволюциялық жолдан өтіп, бірте-бірте практикалық сипатқа ауысатынына жаңалыққа жаны басқалардан гөрі бейімірек тұратын ғалымдардың тереңірек мән береріне сенген болса керек. Жалпы, өңірлену үдерісі бүкіл әлемге тән және мұның өзі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысына қарсы тұрудың нақты амалы. Осының нақты мысалы – Еуропа одағы. – Кезінде Шарль де Голль: «Біртұтас Еуропа туралы армандау – құр қиял: пісірілген жұмыртқадан омлет жасауға болмайды» деген екен. Әйтсе де ұлы француздың сөзінің онша дұрыс шықпағанын уақыт көрсетіп берген сияқты. – Бүгінде Еуропа одағы кәрі құрлықтың 28 мемлекетін біріктірген, халқының саны жөнінен әлемде үшінші, ал ішкі жалпы өнімінің көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алатын аса ірі бірлестікке айналды. Қазір Еуроодақтың әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлес салмағы 23 пайызды құрап отыр. Бірақ ол экономикалық әрі саяси бірлестік екенін де ескеруіміз керек. – Елбасымыз идеясының ол кезде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің тарапынан қолдау таба қоймағанын қалай түсіндіруге болады? – Біріншіден, «елдердің тарапынан» деуіңіз онша дәл айтылған сөз емес. Тегі, елдер басшылықтарының тарапынан деген дұрыстау болатын шығар. Жалпы, халықтар, әсіресе, көптеген жылдар бойы шаруашылық, саяси, көліктік және өркениеттік байланыстары берік қалыптасқан халықтар бір-бірінен алшақтамауға тырысады. Екіншіден, мұндай одақтардың құрылуына қашанда ондаған жылдар қажет болады. Мысалы, жаңағы Еуропа одағын алайық. Оны құру жөніндегі идея Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін бірнеше-ақ жыл өткенде туындаған еді. Сіз айтқан атақты адамның бұл идеяның жүзеге асатынына күмән келтіріп жүргені сол тұста. Бұл жөніндегі алғашқы шартқа Парижде 1952 жылғы 25 шілдеде қол қойылған. Одан кейінгі 1958 жылғы шартқа Римде қол қойылған. Еуропа одағын нақты құруға жол ашқан Маастрихт шарты 1993 жылы ғана бекітілді. Осы екі аралықтың өзіне қырық жылдан астам уақыт жұмсалған! Одан бергі жиырма жылдан астам уақыттың өзі де Еуропа одағын жетілдірумен, кеңейтумен кеткенін көріп отырмыз. – Қазір де ондағы мәселенің бәрі шешіліп біткен деуге болмайды. – Әрине. Сонда Еуропа одағына жол ашатын алғашқы шарттан бері алпыс жылдан артық уақыт өткен болып шығады. Ал Қазақстан басшысының Еуразиялық одақ жөніндегі идеясының нақты жүзеге асуына небәрі 20 жыл қажет болды. 2000 жылы Алматыда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа қол қойды. Ал 2010 жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Кедендік одақ құрылды. Арада бес жыл ғана өткенде Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою мүмкіндігі туып отыр. – Бұл белеске жету үшін де интеграцияның талай кезеңдерінен өтуге тура келді. – Алдымен еркін сауда аймағы құрылды. Одан кейін Кеден одағы құрылды, одан кейін Біртұтас экономикалық кеңістік құрылды. Енді міне Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа қол қоюға дайындық жасалып жатыр. Осы жылдар ішінде интеграция институттары да бірінен кейін бірі жасақталды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес, Еуразиялық экономикалық комиссия, Еуразиялық даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың соты сияқты институттар дүниеге келді. Уақыт сынынан өтпеген бірқатар интеграциялық институттар тарады. Мұның бәрі жанды экономика үшін заңды нәрсе. Интеграциялық құрылымдардың кім-кімге де пайдалы екендігін 2011 жылы Қырғызстанның Кеден одағына қосылуға кіріскенінен, Арменияның сол одаққа кіруді тиімді деп тауып отырғанынан да көруге болады. Осындай ниет танытқан басқа мемлекеттер де бар. Бір назар аударарлығы, олардың арасынан бұрынғы Кеңес Одағы аумағынан тыс жердегі елдер де табылатындығы. Елбасымыздың бұл өміршең ұсынысы Қазақстанның Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің, ислам және христиан әлемдерінің арасындағы көпір, сондай-ақ өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың байланыстырушысы ретіндегі бөлекше орнын айшықты аша түсті. Мемлекетіміздің басшысы алғаш рет алға тартқан ерікті, тең құқықты Еуразиялық интеграция, кеңестен кейінгі кеңістік мемлекеттерінің ортақ экономикалық дамуы жөніндегі идея бүгінде Еуразия экономикалық одағын құру түрінде нақты жүзеге асып жатыр. – Осы айдың аяғында Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдерінің басшылары Минскіде тағы да бір бас қосып, кеңесіп, мамырда Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа қол қояды деп күтілуде. Дәл қазір Шарттың жобасы негізінен дайын сияқты. Нұрсұлтан Әбішұлы жақында бұл жөнінде: «Барлық даулы мәселелер жөнінде де біз түсіністікке қол жеткізе аламыз деп үміттенемін. Белгіленген кестені сақтауымыз қажеттігі туралы пікірді қолдаймын» деп айтты. Осы құжат жөнінде толығырақ әңгімелеп беріңізші. – Шарттың жобасы екі бөліктен тұрады. Оларды институттық бөлім және функциялық бөлім деп атауға болады. Институттық бөлім 34 баптан және 3 қосымшадан тұрады. Функциялық бөлім 69 баптық екі бөлімнен және соларға 30 қосымшадан тұрады. Олар жөнінде Елбасымыз осыдан бір жарым айдай бұрын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте шарттың бірінші бөлігіне сәйкес халықаралық экономикалық ұйым құрылатынын, одақтың органдарында тараптардың өкілеттігінің тең болуы жөнінде уағдаластық жасалғанын айтқан еді. Нұрсұлтан Әбішұлы сол жолы мемлекет басшыларының шешімдері болашақ одақтың органы үшін міндетті болуға тиіс екенін қадап көрсетті. – Елбасының ерекше назар аударғаны бұл одақтың экономикалық одақ екендігі болды ғой? Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі теледидардан берілгенде экономикаға тікелей қатысы жоқ мәселелер туралы айтып, «не надо это впихивать искусственно» дегені дәлме-дәл есте қалып қойыпты. Президент өз әріптестеріне бүгін қажет нәрсені, бізден халықтарымыз күтіп отырған нәрсені жасайық деп ашық айтты ғой. – Дәл солай. Президент елдеріміз ішінде түсінбеушілік туғызатын қосымша мәселелерді енгізудің қажеті жоқ деп кесімді пікір білдірді. Сонымен бірге келісілмеген жайттарды біртіндеп реттеу қажеттігін де атап өтті. Негізінде Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарттың жобасы жалпы көлемі 760 беттік, өте үлкен құжат. Оны газет сұхбатында толығырақ айтып өту оңай да емес. Сұрақтарыңыздың сипатына қарай рет-ретімен әңгімелеп отырған дұрыс сияқты. – Жарайды. Бұрынырақта осы тақырып бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары ретінде интеграция мәселелеріне жауапты болып тұрғанында қазіргі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевпен (2010 жылғы 10 шілде), Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжановамен (2010 жылғы 9 сәуір) сұхбаттар жасаған едім. Соларда бұл ынтымақтастықтың тек қана экономикалық мүддені көздейтіндігі қайта-қайта ескертілген. Әйтсе де осы істің негізгі мақсатын толық түсіне қоймағандар, бұл одақта саяси мүдделердің жоқтығына күмәнмен қарайтындар аз емес. Сіз өз тарапыңыздан бұл жөнінде не айтар едіңіз? – Ондайлардың аз еместігіне бұқаралық ақпарат құралдарының да кінәсі бар деп ойлаймын. Қазақстан Президенті мемлекеттеріміздің тұрғындарына халықтарымыздың игілігі, еуразиялық экономикалық интеграцияға қосылған елдердің пайдасы үшін біздің тарапымыздан жүргізіліп жатқан жұмыстың қажеттілігін белсенді түрде түсіндірген жөн дегенді арнайы айтқаны сондықтан. Біле білсек, Кеден одағы да, Біртұтас экономикалық кеңістік те тек қана экономикалық бірлестік болатын. Келіссөздер барысында Қазақстан тарапы болашақ одақтың саясилануына жол бермеу және онда экономикалық интеграция аясынан асып кететін мәселелердің талқылануын болдырмау жөніндегі өз ұстанымын қорғап қалғанын айтқым келеді. – Мысалы? – Мысалы, экономикадан тыс салалардағы, айталық, денсаулық сақтаудағы, білім берудегі, ғылымдағы, мәдениеттегі, заңсыз көші-қондағы мәселелер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қаралмайды да, талқыланбайды да. – Журналист ретінде, БАҚ басшысы ретінде мына бір жайды сұрайын. Бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты сала ғой. Бұл саладағы мәселелер құрылғалы жатқан одақтың құзыретіне жатпайтын шығар? – Қазақстан бұл жөнінде өз ұстанымын білдірген, талқылау барысында ол ұстаным біздің әріптестеріміз тарапынан қолдау тапқан. Сондықтан бұл істе ақпараттық тәуелсіздік деген мәселе де ескерілген. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікте 2012 жылдан бері реттеуші ұлтүстілік орган – Еуразиялық экономикалық комиссия жұмыс істеп келеді. Комиссияның өкілеттіктер аясы шарттық-құқықтық арқауда нақпа-нақ белгіленген, сондықтан да олар экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету шеңберінен шықпайды. Ең бастысы, құрылғалы жатқан Еуразия экономикалық одағында барлық тараптардың егемендік теңдігі, тең құқықтығы және ұлттық мүдделерінің ескерілуі қағидатын сақтау қамтамасыз етілген. Шарт жобасында стратегиялық маңызы бар шешімдерді қабылдауда консенсусқа, яғни ортақ пәтуаға қол жеткізудің нақты тетігі қарастырылған, мұның өзі қандай да бір мемлекеттің үстем болуына мүмкіндік қалдырмайды. Қысқасы, қазіргі таңда елдің мемлекеттік егемендігін жоғалту туралы да, саяси одақтың әлдебір белгісі туралы да сөз қозғауға негіз жоқ. – Сізбен әңгімеге дайындалғанда көмекшіңіз маған бірқатар мәліметтерді алдын ала жеткізіп берген еді. Соларға қарап отырсам, Кеден одағы құрылғалы бері Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіне салынған шетел инвестициялары екі есеге жуық өсіпті. Нақты айтқанда, 2009 жылғы 1,8 миллиард доллардан 2012 жылы 3,4 миллиард долларға жетіпті. Жалпы, тікелей шетел инвестицияларының көлемі 34 пайызға артып, 28 миллиард долларға барыпты. – Мұның өзі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының анағұрлым өскенін анық көрсетеді. Сауданы алайық. Наурыз айында Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында 2013 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны төмендегеніне қарамастан, «үштік» аясындағы тауар айналымы азаймағаны, қайта арта түсіп, 64,1 миллиард долларға жеткені айтылды. – Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында: «Цифрдың объективті тілі Қазақстанның Кеден одағы елдерімен тауар айналымы ол құрылған уақыттан бері 88 пайызға өсіп, 24 миллиард доллар құрағанын айтады. Оның ішінде осы елдерге біздің экспорт 63 пайызға артып, 6 миллиард долларға жуықтады» деді. Осындай бұлтартпас фактілерден кейін де біз саудадағы бәсекелестікте ұтылып отырмыз дейтіндердің табылатыны таңдандырады. – Экономика тілі нақты көрсеткіштерді ұнатады. «Факты – упрямая вещь» деген сөзді ұстанып айтайын. Соңғы жылдарда біздің кондитерлік өнімдер мен шоколад экспортымыз бірден үш есе артып кетті. Трансформаторлар экспорты тіпті 11 есеге өсті. Ауыр жүк машиналарын Ресей мен Беларуське жеткізуіміз 17 есеге артты. Цемент экспорты 16 есеге артты. Мұндай мысалдарды осылай жалғастыра беруге болады. Бұл нені көрсетеді? Бұл Еуразия экономикалық одағының Қазақстан мүддесіне толық сай келетінін көрсетеді. Әрі қарай дамуымыз үшін бізге өнім өткізу рыноктарын кеңейту керек. 17 миллиондық рынокпен құлашыңды кеңге жая алмайсың. – Сізге келерден бір күн бұрын студенттермен кездескен едім. Сонда бізде тікұшақтар өндірісінің өркендей алмай отырған себебін базарымыздың байтақ болмауымен түсіндіруге тырысқанмын. Расында да, 17 миллион ғана халқы бар елді қажетті тікұшақтармен әрі кеткенде 10 жылда қамтамасыз етіп үлгеруіміз мүмкін. Содан кейін не болады? Енді бізге артық тікұшақтың керегі жоқ деп жұмыс істеп тұрған зауытты жауып тастамаймыз ғой? Әрине, жаңа базарлар іздеу керек, табу керек. – Ол біз үшін ең алдымен Еуразия экономикалық одағы. Оған қазірге дейін кіргелі тұрған үш мемлекет аумағы жөнінен әлемде бірінші орында, халқының саны жөнінен сегізінші орында, ішкі жалпы өнімнің көлемі жөнінен алтыншы орында. Кеден одағы біздің базарымызды барынша байтақ ете түсті. Шамамен 170 миллион адамдық қуатты ортақ рынок құрып берді. Былайша айтқанда, Қазақстан кәсіпорындары үшін рынок 10 есе кеңейді. Біз мұны қазірдің өзінде жақсы пайдалана бастадық. Отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі сапалық тұрғыдан жаңа биікке көтерілуде. Қазақстан үшін атымен жаңа болып табылатын автокөлік шығару, фармацевтика сияқты салалар қалыптасуда. Тағы да нақты мысалдар айтайын. Қазақстаннан Кеден одағы елдеріне шығарылатын экспорт 3,6 миллиард АҚШ долларынан 6,8 миллиард АҚШ долларына өсті. Бұл дегеніңіз 90 пайызға өсу. Жаңа рынок ашылмаса, бұлай ету мүмкін бе еді? – Негізінен шикізат тауарлары шығар, бірақ? – Өңделген тауарлар экспорты да өсіп жатыр. 2009 жылғы көрсеткіштен 2012 жылғы көрсеткіш екі жарым есе артық болып шыққан, яғни 2,4 миллиард АҚШ долларынан 4 миллиард АҚШ долларына жеткен. Сөйтіп, өңделген тауарлардың экспорттағы үлесі 44,9 пайызға барған. Ал сіз айтып отырған шикізат тауарлары экспорты 41,5 пайызға өскен. Қазақстан экономикасының қазірше негізінен шикізаттық сипатын ескергенде мұның өзі де жақсылық. – Кеден одағындағы, келешектегі Еуразия экономикалық одағындағы келісімдер Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына өтуіне кедергі келтіреді дейтіндер де бар. Оларға не айтар едіңіз? – Кеден одағында іс жүргізудің өңірлік қағидалары ұстанылады, ал БСҰ-да халықаралық қағидалар қолданылады. Олар бір-біріне кереғар емес, бір-бірін толықтыра түседі, өйткені, Кеден одағының заңнамалық арқауы әлемдік тәжірибені және БСҰ нормаларын ескере отырып жасалған. Кеден одағы аясында қабылданған құжаттардың бәрі де БСҰ нормаларына сәйкес келеді, сондықтан Қазақстанның БСҰ-ға өтуіне ешқандай кедергі болуы мүмкін емес. – Біз БСҰ-ға қашан өтпекшіміз? – Бұйыртса, биылғы жылы болуы да мүмкін. Келіссөздер үдерісі негізінен аяқталуға жақын. – Сіздің әңгімеңізден, келтірген мысалдарыңыздан Еуразия экономикалық одағынан келетін пайданы нақты көріп отырмыз. «Көрмес түйені де көрмес» дейтіндердің жөні басқа. Ал енді кеңестен кейінгі кеңістіктегі елдер арасындағы интеграциядан түсетін жалпы макроэкономикалық тиімділікті қалай сипаттап айтуға болар еді? – Онда нақты-нақты санамалап өтейін. Ең алдымен дайын өнімдерді экспорттауға, тасымалдап жеткізуге жұмсалатын шығындардың азаюының арқасында тауарлардың бағасы төмендейді. Неге десеңіз, бұл елдердің бәрі де бір-біріне жақын тұр, оның үстіне баяғыдан бері қалыптасқан көлік коммуникациясы бар. Одан кейінгі айтатын жай экономикалық дамудың шамамен теңдес деңгейінің есебінен жалпы рынокта бәсекелестікке ынталандыру күшейтіледі. Түсіндірейін. Дәл қазір осы үш елдің өнеркәсіптік тауарларына алыс рыноктарда сұраныс онша жоғары емес екенін бәріміз білеміз. Сонымен бірге, біздің тауарларымыз бір-біріміздің сұранысымызды қанағаттандыруға қазірдің өзінде жарап жатыр. Әрине, бұл айтылғаннан тауар сапасына талап төмендейді деген ұғым тумайды, бірақ нақты жағдаймен атымен есептеспеудің де жөні жоқ. Осы рыноктың өзіндегі бәсекелестік сапаға оңды әсер ететіндігі тағы анық. Шығынды аз жұмсап, өнімділікті арттырудың арқасында орташа жалақыны өсіруге де мүмкіндік туады. Тауарларға сұраныс көбеюінің арқасында өндірісті өркендете түсуге жол ашылады. Рыноктың кеңейе түсуі жаңа технологиялар мен тауарлардың өтелімділігін арттырады. – Жақсы екен. Дегенмен, тек қана жетістіктен тұратын, кемістігі атымен болмайтын іс жоқ шығар. Бұл істе «плюстердің» басым екенін көріп отырмыз. Сонымен бірге, қандай «минустар» бар деуге болады? – Әрине, тек қана пайда таба беру, ештеңеден ұтылмау қисынсыз нәрсе. Біз бәсекелестік ортаға бұрынғыдан да жақындап бара жатырмыз. Мысалы, қазақстандық алкоголь өнімдері Кеден одағы елдерінің рыногына кіруде қиындықтарға тап болып отыр. Ресейде арақ-шарапқа баға қатты көтерілген кезде біздегі ішімдіктің құны олар үшін төмен болып шықты да, қазақстандық алкоголь өнімдеріне сұраныс күрт артып кетті. Одан кейін әкімшілік кедергілер қою басталды. Біз өзара сауда жасаудағы кедергілерді жоюды, атап айтқанда этил спирті мен алкоголь өнімдерін айналысқа түсірудің ортақ қағидаларын бекітуді көздейтін нормаларды белгілеу жөнінде келісім жобасын жасап, талқылауға ұсындық. Бұл іске мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар, «Атамекен» палатасы, «КазАлко» қауымдастығы, Қазақстан сыра қайнатушылар одағы, Қазақстан шарап шығарушылар одағы сияқты отандық бизнес өкілдері де атсалысып жатыр. Біздегі фармацевтика саласы да кейбір кедергілермен бетпе-бет келіп отыр. Ол мәселелер де бірте-бірте шешілуде. Мұның бәрі табиғи нәрсе. Бәсекелестік жүрген жерде дәйім солай болады. Бизнес тек бәсекелестік жағдайында ғана шыныға алады. Көпжақты келіссөздер – өте күрделі шаруа. Онда әрбір мемлекет өзінің мүддесін қорғауға міндетті. «Тек мен дұрыс айтамын, басқалар бұрыс айтады» деп отырып алатын жер бұл емес. Бұған дейін келіссөздер үдерісіне Қазақстан тарапынан жүзден астам адам қатысып келді, олардың дені сенімді, білікті мамандар, ел мүддесін мықты дәлелдермен қорғай алатын кадрлар. – Осыдан біраз жыл бұрын ТМД елдері басшыларының саммитін газет бетінде көрсету үшін Президент сапарына ілесіп Мәскеуге барғанымызда болашақта Достастықтың біртұтас экономикалық кеңістігі құрылады, оның ортақ валютасы болады дегендей әңгімелер айтылған. Тіпті ол валютаны түркі халықтарына да, славян халықтарына да бірдей түсінікті «алтын» деген сөзбен атау туралы ұсыныс та ортаға тасталған. Біз «еуроның» дүниеге келуіне бас-аяғы жарты ғасырдай уақыт кеткенін, тіпті соның өзінде Еуропадағы елдердің бәрі бірдей әлі еуроға көшпегенін білгендіктен де өз репортажымыздың тақырыбын «Алтынның ауылы алыста» деп қойған едік. Одан бері көп дүние өзгерді. Сіз жақында журналистермен кездескенде Еуразия экономикалық одағы құрылғаннан кейін де теңге сақталатынын нақты айттыңыз. – Ол сөзді тағы да айтамын. 2015 жылдың 1 қаңтарында құрылып, іске қосылатын бұл экономикалық одақтың шартында ортақ валюта енгізу мәселесі қарастырылмаған. – Теңгеміз тәуелсіздігіміздің бір тірегі болып тұра беруін тілейміз. Ал енді әңгіменің түйініне келсек. Президент кез келген елдің интеграциялық таңдауы халықтың әл-ауқат мәселесі екенін, саяси конъюнктураға емес, мықты экономикалық прагматикаға негізделген интеграция ғана табысты және тиімді болатынын айтып отыр. Сіз бұл ойға өз тарапыңыздан не қосар едіңіз? – «Егемен Қазақстанның» 19 сәуір күнгі нөмірінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзі басылған. Елбасымыздың сондағы ойына ештеңе қосудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Президент былай деген еді: «ХХІ ғасыр – интеграция ғасыры. Ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойластырылған интеграцияға қарсы болу – заманауи үрдіспен дамуға қарсы болу. Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз – дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады. Интеграция – ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді, алыс-беріс пен барыс-келісті арттырады, бәсекелік қабілетімізді шыңдайды». – Елбасымыздың бұл сөзін бәрімізді алдан тосатын қатаң бәсекелестікке қабілетті болуға шақыру деп қабылдайық. Егжей-тегжейлі етіп айтып берген әңгімеңіз үшін рахмет. Сәттілік тілеймін. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ. ––––––––––––– Суреттерді түсірген Шүкір ШАХАЙ.
•
25 Сәуір, 2014
«Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті»
2280 рет
көрсетілді