Қазақ халқының қасиет тұтқан, ақын-жыршыларымыз ғасырлар бойы аңыз-жырға қосқан, елдіктің нышанындай қараған жерлердің бірі де бірегейі – Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының халықпен бірге екенін, барлық мәселе, талап-тілек бұқарамен талқыланып, мемлекеттік шешім қабылданатынын көрсетті.
Мұндай алқалы жиын Ақордада емес, шаң-топырағы бұрқырап жатқан шалғайдағы Қазақтың киелі жерінде өткізудің өзінің символикалық астары бар.
Жүзден аса адам таң бозара тұрып, жолға шығып, тас жолмен селкілдеп, аптап ыстықта Ұлытауға той тойлауға емес, ой қозғауға барды. Түртсең қазба шығатын дейтін кенді өлкенің қазіргі аянышты жағдайын ұлт жанашырлары көзбен көрді. Тағы бір мәрте қазір сөздің емес, істің, бөліну емес, бірігу кезеңі екенін сезінді.
Облыс атауынан ғана емес, бар байлығынан да айырылған өңірді ғана емес, бүкіл елді түлету, бойына қан жүгіртіп, қалт-құлт күн кешкен елдің еңсесін көтеріп, селдіреген сенімін, үкілі үмітін ояту, бір мұратқа жалпақ жұртты жұмылдыру үшін не жасалуы керек?
Мемлекет басшысы жай сын, құр дабыра, сапырма сөз емес, нақты ой, ұтымды ұсыныс күтті. Ұлтты ұйыстыратын, бір мұратқа жұмылдыратын ой-пікірді тыңдады.
Ел арасында абыройлы, аузы дуалы ағалар мен ойы озық замандастар тарапынан біраз ой айтылды да. Ұлытаудағы мінбеден сөйлей алмағандар үшін арнайы Qurultay мобильді қосымшасы жұмыс істейтін болады. Енді ел бүгіні мен ертеңіне, мемлекеттің дамуына, азаматтық қоғамның бекуіне қатысты ой-ұсыныстары бар қазақстандықтар құрылтай жұмысына белсене қатыса алады.
Мемлекет басшысы осы жолы қоғамда айтылып жүрген барлық мәселеден хабардар екенін, жай хабардар емес, орынды сын-ұсыныстар бойынша ең жоғарғы деңгейде өзгеріс, нақты шешім қабылданатынын тағы бір дәлелдеді.
Бір құрылтаймен қыруар мәселе бір күнде шешілмесі анық. Құрылтайдан қайтқан жұрттың әрқайсысының санасында жаңарған Қазақстан туралы әдемі арман-үміт, сенім қылаң бергені рас. Киелі жерде айтылған тілек қабыл болсын.
Ал біздің міндет – сол үшін жұмыс істеу.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
«Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті