• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Маусым, 2022

«Достық үйлерінде» әдістемелік орталықтар ашылады

237 рет
көрсетілді

«Жаңа Қазақстан – азаматтық қоғамы мықты тиімді мемлекет». Осындай тақырыппен Нұр-Сұлтан қаласында елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясы өтті. Кезекті сессияда қалалық ҚХА төрағасының орынбасарлары сайланып, Ассамблеяның бірқатар қызметкері марапатталды.

Сессияға қатысқан мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер, Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА ғылыми-сараптама тобы, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесінің және Жас­тар қанатының өкілдері мемлекеттік тілді дамыту, патриоттық тәрбие, мем­лекеттік органдар мен бұқаралық ақпа­рат құралдарымен байланыс секіл­ді мәселелерді талқылады.

«Бүгінде елордада тұратын қазақ­тардың саны 1 005 147 құрап отыр. Сонымен қатар 140 569 орыс, 14 329 украин, 12 788 татар, 11 558 өзбек, 9 509 неміс, 7 353кәріс, 5 715 қырғыз, 4 4416 әзірбайжан, 4 047 белорус, 2 826 ингуш, 2 734 поляк, 1 611 ұйғыр, 1 529 шешен, 1 332 башқұрт, 1 309 армян, 831 молдаван ұлтының өкілдері тұрақты қоныстанған. Қай ұлт болмасын қазақ жерін атамекенім деп ұрпағын өсіріп, ауасын жұтып, тыныс-тіршілігін өрбітетін болса ол міндетті түрде қазақ тілін құрметтеп, сөйлеу қажет», деп есептейді «Тұ­ран-Астана» университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылым­дарының кандидаты, доцент Вла­димир Шнайдер. Сессияда ана тілдің мәртебесін сөз етіп, қазақ тілінде пайымды баяндама жасаған неміс ұлтының өкілі – сонау 1941 жылы елге қоныс аударған немістердің екін­ші ұрпағы.

«Тіл кереметі мен сөз құдіретін сезініп, түсінуден барып, адамның бойында отаншылдық түйсік маздайтын болады. Бірнеше тілді еркін білу – бүгінгі өмір талабы. Осы қағиданы ұстана отырып, болашақ ұрпақты қазақ тілінде сөйлеуге, күнделікті өмірде қазақ тілін қолдануға шақы­ру да сіздер мен біздердің бас­ты мін­де­тіміздің бірі екенін күн тәртібінен шығаруға болмайтынын айтқым келеді. Жастарымыздың бойына қазақ тілінің қыр-сырын, байлығы мен ең асылдарын сіңіру арқылы біз өскелең ұрпақтың бірегейлігін қалыптастыра аламыз. Осы бағытта аянбай еңбек етейік, болашағымызды жарқын ете­йік!», деп ол жиналғандарды қазақ ті­лінде сөйлеуге шақырды.

Ал Ассамблея хатшылығы меңге­ру­шісінің орынбасары Индира Рыс­тина елдегі саяси өзгерістерге байланысты халық арасында жүргізілген зерт­теу нәтижелерін сөз етті. «Ел азамат­тарының 76 пайызы заңға қабыл­данған түзетулер елдегі жағдай­ды жақсартуға көмектеседі деп есеп­тейді. Сауалнамаға қатысқан қазақстан­дықтардың 83 пайызы Президент Қ.Тоқаевтың саяси реформа­ларын қолдайды. Бұл деректер Қол­дан­балы этносаяси зерттеулер инсти­тутының социологиялық зерттеуі­нің нәтижелерімен тығыз байла­нысты. Респонденттердің 94%-ы елдегі саяси жағдайды тұрақты деп бағалағанын атап өткім келеді. Қазақ­стандағы ұлтаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты қазақ­стандықтардың 88 пайызы қолдайды. Бұл ұлтаралық келісімді нығайту мен саяси реформаларды жалғас­тыру бір-бірімен тығыз және өзара бай­ланысты екі процесс екенін білдіреді. Сондай-ақ Ассамблея консти­ту­циялық өзгерістер мен саяси рефор­маларды жүзеге асырудың белсенді қатысушысына айналады», деді ол.

Сонымен қатар Индира Рыстина Ассамблеяның алдында тұрған мін­деттерді де атап өтті.

«Ассамблеяның Мемлекет бас­шы­­сының тапсырмаларын іске асыру бойынша белсенді түсіндіру жұмысы бірінші орынға шығу керек. Ассамблеяның орталығы және өңірлердегі барлық комму­никациялық алаңдары қалың жұртшылықты оның ішінде Ассам­блеяның қоғамдық құры­лымдары, ғылыми сараптамалық қоғам­дастығы, этномәдени бірлестік­тердің жастары мен этностарды тарта отырып осы бағытта жұмыс істеуі керек. Рес­пуб­ликалық және өңірлік «Достық үйлерінің» барлығында Ас­сам­­блея мүшелері этномәдени бір­лес­­т­ік­терді тарта отырып саяси рефор­­ма­л­ардың жүзеге асырылу барысын түсіндіру үшін сарапшыларды дайын­дау жөніндегі әдістемелік орта­лықтар ұйымдастырылады», деді ол.

Іс-шара соңында елорда әкімінің орынбасары Берік Жәкенов Нұр-Сұлтан қаласы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы төрағасының жаңадан сайланған екі қоғамдық орынбасары – «Жастар» сарайының директоры, ҚХА мүшесі Сергей Солодовников пен Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пакты таныстырды.