• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Маусым, 2022

Құрылтай қағидаты

534 рет
көрсетілді

Ел жаңаруы – қоғам таным-түсінігінің, парасат-пайымының жаңарумен қатар жүретін үдеріс. Мұның асыл арқауы – жетілу мен өрістеу. Қарапайым тілмен айтсақ, мемлекеттің немесе қоғамның болмыс-бітімін уақыт пен замана талап еткендей жаңғырту.

5 маусымда Қазақстанда өткен референдум – жаңарудың заңдық негіздерін рәсімдеді. Дауыс беруге келушілер мен жаңаруды қолдаушылардың пайыздық есебіне қарап, көңіл тоғайып, елдік бірліктің әлеуеті артқанын түсінгендей болдық. Мұны сенім мен жауапкершіліктің биік үлгісі деуге толық негіз бар.

Біз осы референдум мен таяуда Ұлытауда өткен Ұлттық құрыл­тай арасында бір-бірін толық­тыратын табиғи сабақтастық барын жақсы білеміз. Өйткені екеуі де – сенімнің жүгін арқалаған қоғамдық-саяси білік сынағы. Дауыс беру немесе таңдау – атқарушы билік жұмысына жал­пыхалықтық баға беру немесе жұртшылық өлшемі болса, жаңа форматта түрленіп жат­қан құрылтай – қоғамдық пікір айнасының алаңы.

Мемлекет басшысы Ұлы­тау­дағы алқалы жиында: «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақ­стан­ды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Хал­қы­мыздың сана-сезімі, құн­ды­лықтары түбегейлі жаңа­руы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөз­бен айтқанда, барша еліміз жа­ңа­рады. Жаңа Қазақстан бір күн­де немесе бір жылда құрыл­май­­тыны анық. Бұл – бүкіл қо­ғам­ды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз», деп, қоғам алдындағы жаңашыл міндеттің парқын айқындады. Біз бұл парық осыған дейін жинақталған тәжірибеге, сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев 2019 жылы айқындаған әділеттілік, сабақ­тастық, өрлеу қағидатына табан тірейтіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы құрыл­тайдағы сөзінің кіріспесінде тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, тағзым еткенін, Жаңа Қазақстанды құру жолында тарихи қадамның осы қастерлі орыннан басталға­нын жақсы ырымға балайтынын, мемлекетшілдік тұрғысынан әйгілі хандар мен сұлтандар­дың ізі мен ісі ұрпағы арқылы жалғасатынын жүйелі жеткізді. Ұлт тарихындағы елдік пен мемлекетшілдік бастамалардың іргелі негіздерін байыптады.

Өздеріңізге мәлім, бұған дейін елдегі өзекті мәселелерді талқылап, атқарушы биліктің тиісті құрылымдары мен қоғам­ның арасында алтын көпір бол­ған Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сі тарих жүктеген міндетін қал-қа­дерінше орындады. Енді оның сапалық жалғасы Ұлттық құрыл­тай болатыны БАҚ-та, әлеуметтік желілерде мейлінше талқыланды. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық дең­гей­ге көтереді деген үміт бар.

Құрылтай – ұлтымыздың тари­хи жадында, дала демокра­тия­сында бар формат. Кезінде ел басына күн туған сын сағат­тар­да ата-бабамыз ортадан халық өкілдерін сайлап, келелі мә­селе­лерді осындай құрыл­тай­ларда шешті. Аузы дуалы, сөзі уәлі азаматтардың ой-пікірін, жоба-ұсынысын талқылап, ортақ және оңтайлы пәтуа жасасты.

Ұлытауда тұсауы кесілген Ұлттық құрылтайға тоқталсақ, ол жаһандық геосаяси жағдай құбылған кезде, кешегі қаңтар қасіретінен кейін елдік береке-бірлік күн тәртібіне қойылған шақта өмірге келді. Елімізде көтеріліп жатқан Екінші респуб­лика, Жаңа Қазақстан бастамалары ұлт зиялыларынан, қоғам белсенділерінен, ғалымдар мен мәдениет тұлғаларынан, түрлі этнос өкілдерінен, жастар­дан қо­ғамның өзекті, шетін мә­се­ле­леріне байланысты баста­ма жо­баларды, жанашыр әрі ділгір идеяларды күтеді. Бұрын Ұлттық кеңес қысқа мер­зімді саяси реформалар мен эконо­микалық мәселелерді талқыласа, Ұлттық құрылтай Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перспективаларын анықтайтыны белгілі болып отыр. Құрылтайда халыққа абыройлы, танымал тұлғалар ой-пікір айтумен бірге, қордаланған мәселелерді шешу амалдарын көрсетіп, байыпты байламдарды үкіметке ұсынады. Ол – нақ­ты істердің тетігі болады деп сенеміз.

Ұлттық құрылтай Ережесін­де Прези­дент жанындағы консуль­та­тив­тік-кеңесші органның немен шұғылданатыны, жиын мерзімдері, ұсыныстары мен шешімдерінің  салмағы мен бәсі нақты көрсетілген. Мемлекет басшысының өзі төраға болып бекітілген Құрылтай – саяси күш­тердің, қоғамдық бірлес­тіктердің басын қосатын аса ірі алаң немесе парламент емес, ол – қоғам белсенділері мен сарапшылардың атқарушы билікке, қоғам дамуына көзқарасын айқындайтын кеңесші құрылым.

Саяси реформалар өз дең­гейінде жүре бастағаннан кейін түрлі жаңа партиялар, саяси ұйымдар өмір жүзіне шығады. Олардың арасындағы табиғи бәсеке, үйлесім қалыптан шығып, саяси күреске немесе текетіреске ұласпауы үшін, ұйысқан қоғамға жік түспеуі үшін Құрылтай ортақ құндылықтарды қалыптастырып, өзара түсіністік пен береке мәде­ниетінің өзегі бола алуы керек. Мемлекет басшысының пікі­рінше, елдегі түрлі пікірталас алаң­дарынан Құрылтайды ерек­шелендіретін сипат – оның кең ауқымдылығында, жұмыстың сапасы мен тиімділігіне тіке­лей әсері бар азаматтардың бас қосуында, халықтың үнін, мұң-мұқтажын, талап-тілегін шынайы жеткізе алуында. Баяндамадағы елшілдік ойдың астары көп нәрсені аңғартады.

Қоғам жаңаруының класси­калық жүйесін экономикалық жаңару, саяси жаңару, әлеуметтік жаңару, мәдени жаңару құрай­тыны мәлім. Олар нарықтық эко­­номикаға, демократияға, қо­ғам­ның еркіндігіне табан тірей­ді. Экономикалық жаңару ғылым жаңалықтарына, еңбек бөлі­нісіне, өндірісті тиімді бас­қару­ға сүйенеді. Ал саяси жа­ңару­дың мәні – халық мүд­де­сін көз­деген құрылымдық рефор­ма­ларға қоғам мен биліктің қол ұс­та­сып кірісуінде. Яғни сая­си өз­герістер қоғамның бар мү­ше­сіне, жігіне қолжетімді болуы керек. Ойлана қарасақ, Пре­зидент идеясымен өмірге келген Ұлттық құрылтайдың функция­сы осыған сәйкес келеді. Бұл жерде әлеуметтік жаңарудың да маңызы алдымыздан шығады. Оның мәні – әлеуметтік құры­лым­дармен біте қайнасқан қоғам­ды қалыптастыру. Мұнда таразының екі басында ашықтық пен заң жауапкершілігі тұрады. Қоғамдық-саяси өмірге жолдама алған Ұлттық құрылтай осы шетін мәселені де үйлестіреді деп үміттенеміз. Енді төртінші арна – мәдени жаңаруға келсек, оның асыл мұраты – қоғам­дағы әрбір жанның, әрине, со­ның ішінде айтары бар мен берері бардың білімін, білігін, шығар­ма­шы­лығын, сезім мен сенім мүм­кіндіктерін қолдау. Оның арғы жағында ғылым, зерде, ақыл-парасат тұр. Құрылтай құрамына бағамдап, аталған құрылымының бұл бағдарға да елеулі септігі тиетініне сеніммен қараймыз.

Алқалы жиында Президент Құрылтай алдындағы міндет­тер жүйесін белгіледі. Олар: жал­пы­ұлт­тық бірлікті нығайту, ре­фор­ма­лардың мән-маңызын ха­лыққа тү­сін­діру, жаңа технология­лар ар­­қылы жұртшылықты рефор­ма­­ларға қатыстыру. Мұ­ның нә­ти­­жесі билік пен қоғам әріп­тесті­гін жаңаша қалып­тастырып, нығайтады.

Ел басшысы Құрылтайдың әсер аймағы мейлінше кең болуы қоғамның бар жігі үшін ма­ңызды болатынын атап өтті. Осы ретте ол елдік сұхбат алаңы­ның жалпыұлттық жиынға ай­на­луының тетігі ретінде жаңа цифрлы технологияны мүм­­кін­­дігінше кең пайдалану жолында арнайы Qurultay мобиль­ді қосымшасын әзірлеуді ұсын­ды. Бұл онлайн жүйесінде жұрт­шылықпен байланысты жетіл­діріп, жаңа реформаның сенім­діл­ігі мен тиімділігін арттырады.

Қ.Тоқаев елдік жиында қо­ғамды толғандырған бірсы­пыра мәселені шешіп, халықты дүдәмал пікірден арылтты десек те болады. Оның бірі – 25 қазандағы Республика күнін егемендік пен тәуелсіздіктің рә­мізі ретінде мемлекеттік мей­рамға айналдыру туралы шешім. Ал 16 желтоқсан азаттық жолында құрбан болғандарды еске алу немесе Тағзым күні ретінде орнығады. Біздіңше, бұл ұсыныс – қоғамдық пікірмен санасудың және мәселені ақылмен шешудің жолы екенін аңғартты.

Жиындағы және бір мемле­кет­шілдік пайым – Прези­дент­тің «ескі кадрмен Жаңа Қазақ­станды қалай құруға болады?» деген сұраққа өрелі жауабын айтар едік. Яғни бұл мәсе­леде шолақ белсенділікке салынбау, барды ұқсата отырып, мем­ле­кеттік қызметкерлердің білік­тілігі мен тазалығына иек арту, көзбояушылар мен құнама­қор­лардан тез құтылу т.б. әлемдік тәжірибесі дәйектелді.

Құрылтай ұлттық және мем­лекетшілдік дамуға игі әсер етуімен маңызды. Мемлекет басшысы осында мемлекеттік тілдің жаңашыл міндеттерінің контурын белгіледі. «Мемлекет­тік тіл­­дің тұғыры күн өткен са­йын ны­ғайып келеді. Оған қоса, әлем­нің басты ақпарат құрал­да­ры қазақша шығып жатыр. Жа­қын­да әйгілі Apple компаниясы қазақ тілін IOS-тың тілдер жү­йесіне қосты. Әлемнің 40 тілін­де тарайтын Nickelodeоn те­ле­арнасы қазақша көрсетіле бас­тады. Жастардың бастамасы­мен National Geographic журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сон­дықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңға­за жасамай, табандылықпен жүргі­зуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді» деген тың мәліметі мен байламы бізді, білім саласы мамандарын ойлантады және жаңа жобаларға жұмылдырады деп есептеймін.

Иә, тіл – коммуникация. Со­ны­мен бірге ол – ұрпақ санасын бекемдейтін, тарихи жад­ты жаңғыртатын рухани-мәде­ни құбылыс. Бұл орайда Құрыл­тайда сөйлеген азаматтар да «Рухани жаңғыру» жобасы аясында ана тілімізге аударылған гуманитарлық бағыттағы әлем­дік классикалық оқулықтардың бағдарын енді техникалық және жаратылыстану ғылымдарына қарай бұруды ұсынды. Біздіңше, бұл – мәнді пайым. Жоғары білім саласы мұны біраздан бері өткір көтеріп келеді. Мәселе, әрине, қаржыға және мамандар әлеуетіне тіреледі. Қалауы табылса, мұны да шешуге болады деп есептейміз.

Құрылтай қағидаты – бірлік пен парасат, «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт». Бұл қоғамның және мемлекеттің бар саласында көрініс табуы керек. Мемлекет басшысы 16 наурыздағы халыққа Жолдауында жаңа құрылым атауы мен тұжырымдамасын мәлімдесе, 16 маусымда оның жүзеге асқанын бәріміз көрдік. Ұлттық құрылтай қағидаты­ның тәжірибелік мәні – қоғамның бірігуін нығайту мен кеңейтуге қатысты идеялар мен тетіктер­ді іздеу әрі әзірлеу үшін диалог плат­­формасын орнықтыру. Бұл да та­рихи және жаңарған Ұлытау топырағынан бастау алды.

Ұлттық құрылтай жалпы­ұлттық құндылықтар негізінде қо­ғам бірігуінің одан әрі дами түсуіне байланысты ұзақ мерзім­ді ділгір мәселелердің де жөн-жобасын белгіледі.

Елді серпілткен жағдай – осынау сұхбат алаңына жергілікті қоғамдық кеңестердің барлық жүйесінде айтылар ой-пайымның, ұсыныс пен шешімнің тоғыса алатыны. Ұлттық құрылтайдың мүшелігіне енген парламент депутаттары, саяси партиялар мү­шелері, білім, ғылым, мәде­ниет, бизнес, медицина, спорт, адам құқығын қорғау және басқа да әлеуметтік топтар өкілдері, жас көшбасшылар мен белсенділер елдік мәміле, елдік іс жолында аянып қалмас деп ойлаймыз.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор,

ҰҒА академигі