• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 23 Маусым, 2022

Үздік ұстаздарға арналған арнайы бағдарлама

1053 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім тапшы өңірлердің мәселе­сін шешуді тапсырған еді. Осыған орай жауапты ведомство арнайы бағдарлама әзірлеген болатын. Жақында Оқу-ағарту министрлігі аталған жобаның іске қосылғанын хабарлады.

Арнайы бағдарлама елімізде мұғалімдер тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға бағытталған. Бұған дейін маман тапшылығы  Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында бар екенін жазғанбыз. Бұл өңірлерге математика, физика, химия, орыс тілі мен әде­биеті, шет тілі мұғалімдері қажет.

Қазіргі уақытта байқауға қатысу үшін құжат қабылдау жүріп жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің ақ­паратына сүйенсек, қажетті құжат­тар тізімі жергілікті атқарушы орган­дардың және НЗМ ақпарат ресурстарында орналастырылған. Құжаттар 2022 жылғы 26 маусымға дейін қабылданады.

Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова: «Халықаралық PISA 2018 зерттеуінің және Ұлттық бірың­ғай тестілеудің нәтижелері басқа облыстардың оқушыларымен салыстырғанда осы өңірлер оқушы­ларының білімінде алшақтық барын көрсетіп отыр. Аталған облыстардың білім сапасын арттыру және педагог тапшылығы мәселесін шешу үшін үздік мұғалімдерді тарту ма­қ­сатында арнайы бағдарлама әзірленді. Пе­дагогтер конкурс арқылы іріктеледі. Конкурсқа тиiстi бейiндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар, «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-магистр» бiлiктiлiк санаттары бар мұғалімдер, сондай-ақ оқу үлгерiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогикалық маман­дықтарының түлектерi қатыса алады. Педагогтер конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан қатыса алады», деді.

Министрліктің мәлімдеуінше, мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін тиісті өңірлердің облыстық білім басқармалары жанынан Үй­лес­тіру кеңестері, сондай-ақ ми­нистрлік жанынан Конкурс комиссиясы құрылады. Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткерлер компьютерлік тестілеуді сәтті тапсырып, эссе жазып, әңгімелесуден өтуі керек. Емтихандар үміткердің таңдауы бойын­ша өңірдегі Назарбаев зияткерлік мектептерінде қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде өткізі­леді. Ал әңгімелесуді министрлік жанын­дағы Конкурс комиссиясы өткізеді. Комиссия құрамына «НЗМ» ДББҰ, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері кі­реді.

«Конкурс іріктеуінен өткен мұғалімдерге 4 апталық біліктілікті арттыру курстары мен курстан кейінгі қолдау жұмыстары ұйым­дастырылады. Онда онлайн және офлайн форматтағы семинарлар, вебинарлар мен шеберлік сыныптары, Зияткерлік мектептердің зерт­ханаларында жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған тағылымдамалар болады. Үздік педа­гогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдауға бағытталған шаралар кешені бар. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде ынталандыру төлемдері, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығынын өтеу қарастырылған», делінген ведомствоның хабарламасында.