• RUB:
    5.05
  • USD:
    491.71
  • EUR:
    529.97
Басты сайтқа өту
Елорда 23 Маусым, 2022

Елордада нашақорлыққа қарсы акция өтті

491 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай арнайы іс-шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Право» ҚҚ Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментімен ынтымақтастық аясында «Нұрлы жол» вокзалының аумағында «Мықты отбасы есірткіден алшақ» акциясын өткізді.

«Бізде нашақорлыққа және есірткі заттарына қарсы күрес бойынша жыл сайын акция өтеді. Осы акция бүгін флэшмоб ретінде ұйымдастырылды. Басты мақсаты – қоғамды біріктіру, салауатты өмір салтын насихаттау, сол сияқты жасөспірімдердің денсаулығын сақтауға бағытталған», дейді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Фараби Елубаев.

Жиын барысында «Берік отбасы ‒ есірткіден алшақ» ұранымен түрлі жарыстар өткізілді. Оған теміржол вокзалының қауіпсіздігін және жұмысын қамтамасыз етуге жауапты көліктік полиция, прокуратура, жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің отбасылары қатысты. Сол сияқты колледждер студенттерінің ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті.

«Бүгін «Есірткіге жол жоқ» акциясына белсене араластық. Осы арқылы өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын сақтауға, спортпен шұғылдануға шақырдық. Есірткінің адам денсаулығы үшін зиянын түсіндірдік», дейді №15 қалалық емхананың дәрігері Гюзель Егінбай.

Айта кетейік, 26 маусымда дүниежүзі бойынша маңызы бар мереке ‒ Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні атап өтіледі.