Кейде бүтін тарих бір ғана суретке сыйып кетеді. Өткенін жоғалтып алған жанның түпбастауына апарар жолбелгі секілді. Жаныңызға жылулық құяды, санаңызға сұлу сәттердің силуэтін сыйлайды. Кемеліне келіп, талай сырғақты жолды өндірген, таным-тағылымы терең қариядай жан сарайын жадырататын шежірелі ғасырдың пәлсапасы түгесіле ме? Қанша уақыт тіршілік тепеңімен жүрсеңіз де біреу келіп көңіліңіздің киелі пернесін дөп басса асау өзендей ағыла жөнелесіз. Біз бүгін сондай жанмен дидарластық. Көпті көрген қарт анамызға көңілашар ниетпен құлақ қойып әңгімесін ұйып тыңдадық.
«Күңіренеді кеңес айтып қария,
Әлдеқайда жер шетінде дария.
Тұңғиықтың түбі толған тамаша,
Дарияның сыры жоқ қой жария»
демей ме сұрапыл ақын Мағжан Жұмабаев. Екі ғасырдың өткелінде өмір сүрген адам жылдардың жан толғатқан сәттеріне жиі аялдайтыны бар. Көне күйсандықтай көңіл пернесін басып қалсаңыз, қадым заманның қиссасын шертеді. Балалық бал қиялын жүрегінің түбінде сақтаған майдангердің қызы әріден тартып сөз сабақтағанда, қанды дәуірдің ащы жасы көзіңізге ұйиды. Белгілі спорт журналисі Ришад Тұрғанбайдың анасы Күлсара Тоқпанбаева – сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты әже. Қарашаңырақтағы кенже ұлының қолында немерелерімен берекелі ғұмыр кешіп жатыр. Кітапқұмар апамыз әңгімеге жүйрік, көргені-түйгені көп кісі екен. Дастарқан басында кескілескен ірі ұрыстарға қатысып, сұрапыл майдан жолдарынан тік өткен майдангер әкесі жайлы толғанды. «Май гүліндей маздаған майдангерлер, қапылыста мерт болған қайран ерлер!» дегендей әкесінен ерте қалған кейуана талайлы тағдырынан сыр тарқатты.
Апамыз Жетісу облысы Үштөбе қаласында дүниеге келген. Әкесі Бейсенбай соғысқа аттанғанда небәрі үш жастағы балауыз балдырған екен. Бұл бір халық басына күн туған аумалы-төкпелі кезең еді. Қазақты қынадай қырған 1941 жыл. Өкінішке қарай, қан майданнан қара қағаз ерте келеді. Сол жылы-ақ әкесі Харьков түбіндегі қанды шайқаста оққа ұшыпты. Сондықтан келбеті есінде сақталмаса да ата-апасының, анасының, ауылдастарының әкесі туралы айтқан әр сөзін мұқият көңіліне түйіп, аңыздай әспеттеп жүреді. Біздің бүгінгі мақаламызға мұрындық болған сол естеліктердің бірі.
Тоқсанның биігіне жол салса да әкесі жайлы сөз қаузағанда көзінің қарашығындай сақтап жүрген өзінің бала күнгі бір жапырақ суретіне қарай береді. Себебі бұл сурет – Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан әкесінен қалған құнды дүние. Оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгер қызының суретін тұмарындай қастерлеп, ұзақ сапарда жанқалтасынан түсіп қалар деп, ауылға қайтарған екен. Жырақта өлім құшсам жаудың табанында тапталмасын деп де ойлапты.
Бәрімізге белгілі, соғыс жылдары халықтың жағдайы өте қиын болды. Сол тұста суретке түсу киноға түскенмен бірдей шаруа еді. Қолы жеткендер ғана фотографты қолқалап жүріп, ай бойы дайындалып, тәуір киімін түгендеп естелікке ілінетін. Соған қарамастан, бал тілімен былдырлап сөйлеп жүрген Күлсараны атасы арнайы суретке түсіртіп, ұлына жазған сағыныш хатымен бірге жібереді. Қызының жан жібітер дауысын ести алмаса да жүзін көріп қалсын деген шығар қайран қария. Бәлкім, хатқа сарғайған сүгіретті салып тұрып: «Осы суретпен бірге ұлым да елге оралар», деген үмітін үкілеген шығар. Кім білсін!? Не десек те жанын шүберекке түйіп жүрген ақсақалдың нендей күй кешкенін ойлап кетсек жанымыз ауырады. Ол бір азапты жылдардың жаңғырығы еді ғой.
Ажалмен талай мәрте бетпе-бет кездескен жауынгер Бейсенбай ауылдың сәлемін алып, әлі буыны бекімеген қаршадай қызының суретін көргенде қандай күй кешті екен? Әке жүрегі елжіреп ауылына асықты ма екен!? Әлде жауына одан арман ызалана түсіп, жігерленіп жолбарыстай атылды ма?! Апамыздың айтуынша, хатты оқығанда «Сұм соғыс болмағанда балаларымның өсіп келе жатқанын көріп, оларды еркелетіп, өзім тәрбиелейтін едім. Әттең... «Адамның айтқаны емес, Алланың жазғаны болады» деген осы ғой. Бізді бір-бірімізден айырған фашистерді тезірек жеңіп, туған жерге оралсақ екен», деп арманын ақтарып, терең толғанған деседі. Бірақ іштей дәм-тұзы таусылатынын сезсе де керек. Намысты елдің ұрпағы Бейсенбай әкесінің хатын тамсана оқып, кейіннен «Қазір қанды майданға кіреміз. Қызымның суреті жау аяғының астында қалмасын» деп қайыра жауап жазып, суретті қайтарып жібереді. Көп ұзамай ауылға хаттың артынан қара қағаз да еріп келген.
Міне, осылайша жау қолынан Бейсенбай батыр өзі өлсе де, рухын сақтап қалды. Өзі тапталса да, ұрпағын таптатпады. Біз осындай намысы алдаспан батырлардың өмірінен үлгі-өнеге алуымыз керек. Суреттің сыртында әкесінің қолы қойылған. Құлынының бейнесін құшағына қысып, артынша ажал жебесіне кеудесін тосыпты. Отан үшін жанқияр әрекетке барған батырдың даңқы ұрпақ санасынан өшпек емес. Бүгінде тұңғышы Күлсара Тоқпанбаева – 7 баланың анасы, ұлағатты ұстаз, немерелерінің аяулы әжесі, «Алтын алқа» иегері.
«Осындай бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымыз, біріншіден, Алла тағаланың, екіншіден, жан аямай Отан үшін соғысқан ержүрек әкелеріміздің арқасы. Олардың қатарында менің де әкемнің барына мақтанамын. Ғұмырымның соңына дейін көкке көтеріп өтемін. Немерелеріме үлгі тұтып жүремін», дейді Күлсара апа әкесі ұстаған суреттің бетін сипап отырып.
Иә, өкініш өзекті кернейді. Сұрапыл соғыстың кесірінен талай адам ақеділ ағасынан, ізетті інісінен, бауыр еті баласынан, қызғалдақтай қыздарынан айырылды. Асқар таудай әкесінің аялы алақанын аңсап, арманда қалған балалар да аз болған жоқ. Осы сәтте ойымызға жазушы Меңдекеш Сатыбалдиевтің «Қоңыр қаз» повесі оралады. «Күллі қаза тапқан майдангерлердің суретін көкке көтеріп шықса, жер бетіндегі жау атаулы шошынып, арам ниеттерінен қайтар еді». Бұл сарғайған сурет – өкініш пен сағыныштың сызбасы секілді. Мәңгілік бейне, мәңгілік ескерткіш, мәңгілік іңкәрлік.