• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Парламент 24 Маусым, 2022

ТүркПА-ның атауы өзгереді

265 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бауырлас қырғыз елінің Чолпон-Ата қаласында өткен «Парламенттік дипломатия – сенім мен әріптестіктің негізі» тақырыбындағы ТүркПА-ның ХІ пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алдымен ұйымға мүше елдер Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия Парламенті жетекшілері ТүркПАның Кеңесі отырысында бас қосты. Тараптар түркі әлемінің болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Ерлан Қошанов қырғыз әріптестеріне қонақжайлылығы мен іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдіріп, жиынның түркі мемлекеттері арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне назар аударды.

Сонымен бірге еліміздің осы ұйымға төрағалығы аясында атқарған жұмысын қорытындылап, 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарының толық орындалғанын атап өтті.

«Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістандағы басқосудан бері бір жылдай уақыт өтті. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде тараптардың атсалысуымен Ассамблеямыздың жұмысы жүйелі және қарқынды түрде жалғасын тапты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі мемлекеттерімен қарым-қатынасты дамытуға ерекше  көңіл  бөлуде», деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Спикері төрағалық кезеңде атқарылған жұмыс түркі елдерінің бірлігін бекемдеп, ТүркПА-ның беделін арттыруға, ықпалын күшейтуге бағытталғанын айтты.

Сонымен қатар басқосуда Палата Спикері Қазақстанда өткен референдум кезіндегі ТүркПА-ның бақылау миссиясының белсенді қатысқаны және науқанға шынайы баға бергендері үшін ризашылығын білдірді.

ТүркПА миссиясының жетекшісі референдум барлық озық халықаралық демократиялық стандарттарға толық сәйкес өткенін атап өтті.

Жиында ұйымда төрағалық ету мәртебесі Қазақстан Парламентінің Төрағасынан Қырғыз Парламенті басшысына салтанатты түрде тапсырылды.

Сонан соң ТүркПА-ға мүше елдер Парламенттерінің жетекшілері бірлестіктің ХІ пленарлық отырысында бас қосты. Оған қонақ ретінде келген Өзбекстан мен Түркіменстан Парламент басшылары мен бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан Парламентінің делегациясы да қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген Ерлан Қошанов түркі мемлекеттері арасындағы интеграциялық үдерістер жоғары  деңгейде дамып келе жатқанын, сонымен бірге парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетудің мәні зор екенін атап өтті.

«Біз, парламентарийлер, мемлекет басшыларымыздың бастамасына сәйкес ТүркПА-ның да атауын «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» – деп өзгерткелі отырмыз. Бұл ребрендинг, бұл жаңару біздің Ассамблеяның  жаңа форматта жан-жақты дамуына ықпал етері сөзсіз. Біздің мүддеміз ортақ. Басты мақсатымыз Еуразия кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтай отырып, мызғымас берік байланыстарды дамыту. Парламенттік дипломатияның халықаралық саясаттағы орны ерекше. Бүгінде оның мүмкіндіктерін түрлі халықаралық платформаларда ортақ мүдделерімізді ілгерілету және түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағын арттыру үшін пайдалану өте маңызды», деді Мәжіліс Спикері.

Ерлан Қошанов Мәжіліс депутаттары парламенттік дипломатия арқылы түркі халықтарының бірлігін нығайту жолында бірлесіп еңбек етуге дайын екенін айтты.

Пленарлық отырыста Түркі ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылып, ұйымның 2028 жылға дейінгі стратегиялық жоспары мақұлданды. Бірлестікке мүше елдердің ұлттық заңнамаларын жақындастыруға бағытталған әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша модельдік заң қабылданды. Ол Қазақстан Парламентінің бастамасымен әзірленді.

Сонымен қатар құрылтайшы парламенттер басшылары Ассамблеяның атын «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» деп өзгерту жөнінде құжатқа қол қойылды.

Жиын соңында Чолпон-Ата декларациясы қабылданды. ТүркПА-ның келесі ХІІ пленарлық отырысы 2023 жылы Түркияда өтеді.

Отырыс аясында делегация басшылары Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Онда Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов ұйымның қызметі жайлы мәлімет беріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.

Сондай-ақ ұйымға мүше елдер арасында саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, Ерлан Қошанов Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытовпен және Әзербайжан Милли Меджлисінің Төрайымы Сагиба Гафаровамен жеке дара кездесті.

Онда парламентаралық диалогты нығайту  мәселелері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар