Елордада IQanat республикалық оқушылар слеті өтіп, оған еліміздің барлық облысындағы 164 аудан ауылдарынан 750 оқушы қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тиісті маусым олимпиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жарқын аяқталып, сондай-ақ қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен нағыз мерекеге айналды.
Слеттің соңғы күні мазмұнды әрі өте қызықты болды. Балалар білім саласындағы алғаш «Оскар» салтанатына - IQanat республикалық слетіне қатысушыларды марапаттау рәсіміне қатысты.
Балаларды осындай ауқымды шараның аяқталуымен құттықтауға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, «IQANAT білім беру қоры» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, Қордың қамқоршылары мен жоба тәлімгерлері келді.
«IQANAT білім беру қоры» ҚҚ атқарушы директоры Камила Башарова слетке барлық қатысушы «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» екенін, сондықтан өздерімен жасты 36 мың қатарластарынан алға суырылып шығып, бүгін осында отырғандарын атап өтті.
«Мұнда жеңіліс тапқандар жоқ, сіздердің әрқайсыларыңыз – көптеген кедергілерді жеңіп, осы жерде бас қосып отырсыздар. Барлығыңызды слеттің сәтті аяқталуымен құттықтап, жүрегіңізде білім мен жаңалықтарға деген құштарлық пен сүйіспеншілікті, бәрін жасай алатындығыңызға сенімді болуға көмектестік деп үміттенемін! Тіпті 100 бала ғана мектебімізге грант алғанымен, қалған 650-і біздің олимпиадалық білім беру бағдарламаларымен қамтылады және 11-сыныпқа дейін ҰБТ-ны табысты тапсыруға жеткізетін боламыз», деп атап өтті Камила Башарова.
Аталған кеште IQanat High School of Burabay мектебінде оқуға шақыру алған 100 Олимпиада жеңімпазының есімі белгілі болды.
«Өте қуаныштымын және әлі күнге дейін IQanat грантын алғаныма сенбей жүрмін. Мен үшін бұл керемет мүмкіндік және оны міндетті түрде қолданамын. Болашақта қандай мамандық таңдасам да, Қазақстан тарихында өз ізімді қалдыруды армандаймын. Осы 5 күн ішінде біз ерекше шабыт пен білім алғанымыз соншалық, енді осының барлығын дұрыс арнаға бағыттау керек», дейді Қарағанды облысы Абай ауданы Топал ауылынан келген Арман Айтқалиев.
«Жүз жеңімпаз қатарына кіре алмағаныма қарамастан, өте қуаныштымын. Өйткені еліміздің астанасында осындай үлкен мерекеге қатысу мүмкіндігін иелендім. Оқу-ағарту министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовпен ынталандыратын кездесуде ол біздің, яғни қазіргі балалар үшін көптеген мүмкіндіктер бар екенін айтты. Сондықтан мен өз арманымды орындау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланатын боламын», дейді Солтүстік қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылынан келген Дильназ Жақыпова.
Естеріңізге сала кетейік, IQanat республикалық оқушылар слеті Нұр-Сұлтан қаласында 21-24 маусым аралығында өтті. Республикалық олимпиада 1-кезеңде еліміздің барлық 164 ауданынан сегізінші сыныптың 36 мың ауылдық оқушысын қамтыса, 2-кезеңде 7 мыңнан астам оқушы бақ сынап, ақтық сынға 750 бала жетті. Шара шеңберінде 750 бала іріктеудің ақтық кезеңдерінде шыңдалып, тренингтерге, саяхаттарға, жетістіктерге жігерлендіретін кездесулерге қатысты. Ал соңғы күні Балалар жылына арналған флеш-моб ұйымдастырып, онда еліміздің оқушылары білім алуға және өзін-өзі дамытуға шақырылды.
«IQanat» олимпиадасы және Қордың басқа бағдарламалары ауылдан келген мыңдаған балаларға ең жоғары технологиялы мектептердің бірі - IQanat High School of Burabay мектебіне оқуға түсуге және барлық ақтық сынға жетушілерді олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен сүйемелдеуге, жоғары білікті педагогтармен пікірлесудің баға жетпес тәжірибесін алуға, көкжиекті кеңейтіп, жалпы өмір сүру деңгейін арттыруға және соның нәтижесі ретінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Iqanat» жобасын іске асыру және ауыл оқушыларының осындай жоғары нәтижеге қол жеткізуі оларға көмек көрсету ниетімен біріккен ізгі жандар – Қордың Қамқоршыларының қолдауы арқасында мүмкін болып отыр. Қордың өткен жылдардағы білім беру бағдарламаларының түлектері - ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және тағы басқа озық жоғары оқу орындарына түсті.