Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтіп, жиын барысында комиссияның жаңартылған жұмыс жоспары мен регламенті бекітілді.
Жиында комиссия төрағасы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева комиссия жұмысының негізгі басымдығы – адамгершілік-отбасылық құндылықтарды нығайту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі міндеттер екенін атап өтті. «Комиссия мемлекеттік отбасы, демографиялық және гендерлік саясат саласындағы өзекті міндеттерді айшықтауға бағытталған бастамалар топтамасын қарастырады. Олардың қатарында, ана мен бала өлімін азайту, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен суицидтің алдын алу, жыныстық зорлық көрсету қылмыстарынан қорғау, Гендерлік білім орталығын құру және тағы да басқа мәселелер бар», деді А.Балаева. Сонымен қатар проблемалық мәселелерді шешу үшін Ұлттық комиссия алаңында мемлекеттік органдарды жедел тыңдау кестесі бар. Онда комиссияның сараптамалық-талдау жұмысын жүргізу құралдары мен тетіктерінің кең ауқымы қарастырылған. Атап айтқанда, түрлі бейімдеу және әлеуметтік қолдау орталықтарын әдістемелік сүйемелдеу қамтамасыз етіледі, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен аналарға қажетті көмек көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ететін отбасылардың әлеуметтік картасы жасалады.
Отырыста балалар мен жасөспірімдерге рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесі де қаралды. Кәмелетке толмағандар арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қылмыстың алдын алуға, балаларға қатысты құқық қорғау құралдарын дамытуға бағытталған профилактикалық шаралар кешені ұсынылды. Сонымен қатар комиссия мүшелері ата-аналар үшін өз балаларын тәрбиелеумен көбірек айналысуға мүмкіндіктер жасауға ықпал ететін құқықтық ортаны дамыту бойынша бірқатар іс-шара ұсынды.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі А.Данилов орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік басқару жүйесінде әйел басшылардың әлеуетін арттыру бойынша жоба әзірлеп, іске асыруды ұсынды. «Жобаны Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия эгидасы аясында БҰҰ-ның әйелдер құрылымымен бірлесіп іске асыру жоспарланып отыр. Жобаға түрлі сарапшылар тобы мен басқа да халықаралық ұйымдарды тарту көзделуде. Жоба аясында елдің барлық аймағындағы әйелдер мен қыздарға арналған оқыту іс-шаралары өткізіледі (семинарлар, тренингтер, шеберлік сабақтары коуч сессиялар). Жоба биыл шілде айында басталады. Аталған жоба елдің саяси және қоғамдық өміріндегі әйелдердің рөлін күшейтуге септігін тигізеді», деді ол.
Сонымен қатар Ұлттық комиссия мүшелері – Абай облысы, «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева мен «Талбесік» көпбалалы аналар одағы» ҚБ басшысы Ләззат Қожахметова отбасы, мектеп және қоғам арасындағы байланысты нығайту тетіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстарын айтып, отбасылық құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесіндегі әке институты мәселелеріне, проблемалық мәселелерді шешу мониторингіне және осы бағыттағы комиссия қызметінің перспективаларын сөз етті.
Отырысты қорытындылаған комиссия төрағасы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева: «Бүгін біз азаматтық қоғамның барлық институтын тарта отырып, Президенттің гендерлік саясат саласы мен барлығына тең мүмкіндік беруге арналған реформасын әрі қарай іске асыруға қажетті кешенді қадамдар қамтылған жоспарды бекіттік. Комиссия жоспарда көрсетілген барлық бағыт бойынша қоғаммен барынша ашық және жан-жақты байланыс орнатып, алдағы ортақ жұмысымызда алдын алу шараларына үлкен мән беру керек», деп мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.