Адамдар – ақылды жануар. Мұны данышпан Фридрих Ницше айтқан. Дүниеге деген ашкөздік екі аяқты пендеге ғана жарасқан, ал тіршіліктің даму заңына бағынған аңдардың әрекеті тәңірлік инстинкт ғана. Әйтсе де Құдай барлық күш-қуатты адамзаттың қолына ұстатқан екен. Біздің имани сенім оның сынақ екенін кейін ұғынды. Бұл да – диллема. Сіз бен біздің картинадағы пілден не айырмашылығымыз бар?! Ойланып көрейікші…
Суретші Марк Франц экспрессионизм стилінде сурет салғанды сүйеді. Ол жануарларды мүмкіндігінше дәл және толық бейнелеу үшін зоологиялық анатомияны арнайы зерттеді. Оған бұл ретте «Піл» картинасы өнер биігінен жануар әлеміне деген көзқарасын мүмкіндігінше дәл жеткізуге сенім берді. Бірақ бұл туындының нақты шешімі емес. Франц адамды картинаның кейіпкері болуға лайықты көрмеді. Табиғатты санасыз жануарша сүйе алсашы адамзат…
Композиция – автордың өз әлемінің жемісі. Артық алып-қосар ештеңе жоқ. Бірақ сол әлемде гармония, тыныштық, үйлесім және сезім бар. Жалпы, қылқалам шеберінің ең танымал шығармаларының кейіпкері – үлкен жануарлар. Содан-ақ оның жан-жануарларға деген шексіз сүйіспеншілігін сезінесіз.
Өзінің алғашқы шығармаларын символизм рухында сөйлетіп, формалардың ырғақты толқынын жеткізуге ұмтылғанымен, дәстүрлі, натуралистік палитраны сақтап қалды. 1908 жылдан бастап пейзаж фонында жылқы бейнесі картинасының лейтмотивіне айналды. Қызығы сол, адамдар авторға ұнамсыз болып көрінді. Мүмкін, Бірінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен болар, кім білсін!? Әйтеуір Марк үшін жануарлар адамнан гөрі тіршілікке бейім көрінді.
Әлемдік бейнелеу өнерінде ерекше аталатын тарихи кескіндемелер де, оны насихаттайтын натурализм де суретшіні қызықтырған жоқ. Марк ХХ ғасырдың бірінші онжылдығында өзінің стилін және субъектілерін таба алды. Бұған 1907 жылы кенеттен Парижге баруы себеп болғандай. Неге десеңіз, мұнда ол ұлы суретшілер – Сезанн, Гоген және Ван Гогты ашты. Олардың жұмысы жас суретшіге үлкен әсер қалдырады. «Піл» де сол әсерден туған шығарма.