Сырдария өзені биыл да арнасынан төмен түсіп, бар тіршілігі дарияға қараған жұртты абыржытып тұр. Тәңір тауындағы Нарын мен Қарадария өзендерінен бастау алатын Сырдың облыс аумағындағы ұзындығы – 1 274 шақырым. Ұлы даланы көктей өтіп, Аралға құятын Сырдария жағалауын аймақ халқының 85 пайызы мекен етеді.
Суы ернеуін кеміре аққан жылдары ел несібесі жыл сайын еселеніп тұрып еді. Өйткені мұнай өндіріле бастағанша аймақ экономикасының негізгі тіні саналған ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке негізделген. Әлі де аграрлы аймақ атағынан айырыла қоймаған облыстағы суармалы жердің жалпы көлемі 254 мың гектар болса, оның 178,6 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген.
– Еліміздегі күріштің 90 пайызын біздің аймақ өндіретін болғандықтан, республика бойынша суармалы судың 30 пайыздан астамын тұтынамыз. Соңғы 2 жылда өңірдегі су тапшылығына байланысты күріштің көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін дақылдар егілді. Алайда күріш бастыру топырақтың тұздануын төмендетеді. Сондықтан ауыспалы егістік тәртібін сақтай отырып, күріш көлемін 75-80 мың гектар айналасында ұстап қалудың жолын қарастырып жатырмыз, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы.
Аймақта пайдаланылмай қалған 29 мың гектар суармалы жерді айналымға қосып, 158 мың гектар суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру бағытында жобалар қолға алынған. Үш жылдан бері Жалағаш ауданындағы Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтері аумағындағы 15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске асқанда су ысырабы 80-105 млн текше метрге азаяды.
Осы жылы бюджет, шаруашылықтар қаржысы, «Қазсушар» РМК тарифі есебінен ұзындығы 1 034 шақырым болатын 162 каналды тазалап, 156 насос қондырғысын сатып алу, 52 ұңғыманы жөндеу мен бұрғылау, 322 гидротехникалық құрылысты жөндеу жүргізілуде.
Жалпы, Арал-Сырдария ел аумағындағы экологиялық проблемалары толық шешімін таппаған бассейндердің бірі саналады. Еліміздің жерүсті су ресурстарының 22 пайызын құрайтын бассейндегі басты мәселе климаттық ерекшелік болып отыр. Аңқаны кептіретін аптап пен басқа өңірлермен салыстырғанда аз түсетін жауын-шашынның әсері жылдан-жылға қатты сезіліп тұр.
Сырдария өзенінің суын бірлесіп пайдалану мақсатында Орталық Азия мемлекеттері арасында құрылған су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы жыл сайын Нарын-Сырдария каскадындағы су қоймаларының болжамдық жұмыс кестесін әзірлеп, бекітеді. Алайда осы комиссия бекіткен трансшекаралық өзен суын бөлудің лимиттері сақтала бермейді. Әрине, тамшы судың қадірі артып тұрған қазіргі кезде әркімнің көрпені өзіне қарай тартатыны аян. Осыдан келіп ортақ жоспар жайына қалып жатады. Мысалы, комиссияның 78-отырысының хаттамасына сәйкес Шардараға 2020 жылғы 1 сәуір мен 30 қыркүйек аралығында 6,4 млрд текше тер су жиналуы болжанса, қойма айдынына түскені 2,77 млрд текше метр болған. Одан кейінгі жылы да болжанған 4,1 млрд текше метр орнына 2,3 млрд текше метр түскен. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Әбуов осының салдарынан соңғы 3 жылда облысқа бөлінетін суармалы егіс лимиті 4,1 млрд текше метрден 3,6 млрд текше метрге қысқартылып белгіленгенін айтады.
Тоқтағұл, Әндіжан, Бахри-Точик, Шарбақ, Шардара су қоймасы мен Көксарай арқылы жұмысы реттеліп отыратын дарияның жалпы жылдық су қоры 37,1 млрд текше метр. Осыдан тура қырық жыл бұрын КСРО-ның мемлекеттік жоспарлау комитеті Сырдариядан еліміз алатын жылдық үлесті 12 млрд текше метр деп белгілеген. Су шаруашылығы маңайында жүрген мамандар одан бері Қызылорда, Түркістан облыстарында егіс алқаптары еселеп өссе де мемлекетаралық бөліністе осы лимит мүлде ұмыт қалып келе жатқанын айтады.
2001-2005 жылдары жүзеге асырылған Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасының 1-кезеңінен кейін Солтүстік Арал теңізі қалпына келтіріліп, жағалаудағы жұрттың үміті оянды. Көкарал бөгеті салынғаннан бастап Қаратерең су бекеті арқылы бұл айдынға 89,5 млрд текше метр су жіберіліпті. Бірақ оның тең жартысынан астамы үлкен теңізге кетіпті.
Дариядағы су тапшылығы айдынды толтыруға да мүмкіндік бермей отыр. Екі жылдан бері Солтүстік Арал теңізіне жіберілетін су көлемі азайып келеді.
Мемлекет басшысының 2021 жылғы қыркүйек айындағы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында су шаруашылығы саласына ерекше мән берілгені елдің үмітін оятып отыр. Елімізде жаңадан 9 су қоймасын салып, 120 каналды қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмаға орай Қызылорда облысынан Қараөзек су қоймасын салу мен 16 каналды реконструкциялау ұсынылды.
Мал мен жанды қинаған тапшылық зардабын азайтудың барлық амалы жасалып-ақ жатыр. Осы жылдың 17 маусымында Парламент Мәжілісіндегі су саласын дамыту перспективалары жөніндегі тыңдауда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, біршама өзекті мәселелерді атап өтті. Тамшы су тапшы болып отырған кезеңде облыс әкімдігі қабылдаған шаралар нәтижесінде диқандар көктемгі егісті кідіріссіз бастап, жоспарға сай жұмыс істеп жатыр.
Қалай болғанда да диқан тілегі дарияның үстінде. Сәл толып, ширақ аға бастаса үміт оянады. Күрт түсіп, өзен арнасында алақандай-алақандай аралдар пайда бола бастаса мазасы кетеді. Бір қуанарлығы, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарын сумен қамтамасыз ететін Шіркейлі каналы толып ағып жатыр. Жылда үзілген жіптей болып жататын дарияның ұлы арнасында да биыл тіршілік бар. Ел көңілінде үміт пен күдік осылайша кезек алмасып тұр.
Қызылорда облысы