Ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың асыл арманы – ұрпағын қайткен күнде оңалту, оны аяққа тұрғызып, өмірге бейімдеу. Алайда жетеріне жете алмай тауы шағылып, жігері үгіліп жататындар да бар. Шарасыздық шыңырауға құлатып, одағай күйзеліс орға жықпас үшін ең алдымен баланы кішкентай кезінен бастап оңалту, бейімдеу орталықтарына жетелеген жөн. Мұндай орталықтар еліміздің кез келген аймағында бар. Соның бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Балам-ай» мүгедек балаларды әлеуметтік қолдау орталығы саналады.
Ұлт мүддесі – ұлағатты ұрпақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік іс-шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген болатын.
Ел Президенті айтып өткендей, балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуға тиіс. Мұндай қолдау елімізде жоқ емес, бар. Бұған күні кеше елордадағы Ш.Құдайбердіұлы көшесінің бойында орналасқан «Балам-ай» мүгедек балаларды әлеуметтік қолдау орталығында болған кезде көз жеткіздік. Бұл орталықта менталды бұзушылық спектріне шалдыққан балаларға қолдау іс-шаралары көрсетіледі. Өскелең ұрпақтың баянды болашағы мен кемел келешегін қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Ең бастысы, баласының беті бері қарап, ертеңгі күнге ерекше үміт артып отырған ата-ана дән риза.
Орталықтың қыруар қызметі тек балаларды қолдап қана қоймай, ата-анаға да үлкен мүмкіндік береді. Себебі ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана баласы орталықтың қадағалауында болған кезде өз-өзін дамытуға, жұмыс істеуге, қарапайым үй шаруаларымен айналысуға уақыт табады. Толыққанды өмір сүреді. Ал осы орталықтың тізгінін «Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қоғамдық қорының жетекшісі Әсел Жасанова ұстап отыр. Ол саналы ғұмырын мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаған анасы Қамқа Жасанова бастап берген істі асқан жауапкершілікпен жалғастырып келеді.
Оңалту ісі оңай емес
– Төсек тартып жатқан баланың алғаш рет қадам басқанын көрген кезде қатты қуанамын. Осы орталықта бірнеше бала жүріп кетті. Жарқын нәтиже деген осы емес пе? Орталықтан түлеп ұшқан балалардың басым бөлігі мектеп табалдырығын аттады. Тіпті аяқ-қолы қимылдамайтын, жүріп-тұрмайтын балалардың өзінде даму белгілері байқалады. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Мұндағы еңбектің, жетістіктің 99 пайызы маған емес, менің командама, ұжымыма тиесілі. Орталық ашылғаннан бері он жылдан астам уақыт өтсе де, кадрларымыздың қатары өзгермеді. Бір келіп, бір кетіп жатқан қызметкер жоқ. Мен осыған қуанамын. Себебі бала да, біз де, ата-ана да бір-бірімізге үйренісе, бауыр баса бастаймыз. Бір отбасының мүшелері секілді болып кеттік десем де болады, – деді Ә.Жасанова.
Жауапты қызметкер – жауапкершілік жүгін жеңілдетеді. Ал ерекше балалармен жұмыс істеу сынды күрделі мәселеде білікті кадрдың қадірі қашан да биік болмақ. Бұл ең алдымен балаларға, жұмысқа деген кісілік қарым-қатынасты қалыптастырады. Мәселен, біз ат басын бұрған Ш.Құдайбердіұлы көшесінің бойындағы орталықтың меңгерушісі Қаршыға Сәрсенбаева да осы орталықта бірнеше жыл қызмет етіп келеді. Әрине, бірден меңгеруші бола қойған жоқ. Алдымен балаларға Арт-терапия сабағын беріп жүрді. Кейін, жұмысқа деген қарым-қатынасы, жауапкершілігі, ұжымды ұйыстыра білу қабілеті ескеріліп, меңгеруші атанды.
– «Балам-ай» мүгедек балаларды әлеуметтік қолдау орталығы 2011 жылғы 10 қарашадан бері балаларға әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Орталық Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мемлекеттік тапсырысын орындайды. Елордада бұл орталықтың 4 филиалы бар. Олар Ә.Бектұров, А.Тоқпанов, Ш.Құдайбердіұлы көшелері мен Сарыарқа даңғылының бойында орналасқан. Бұл орталықтардың алғашқысы осы Ш.Құдайбердіұлы көшесіндегі мекеме саналады. Бұл жерде балалармен логопед, дефектолог, психолог мамандары, ЛФК нұсқаушысы жұмыс істейді. Бұған қоса, эрготерапия, томатис терапиясы, массаж қызметі көрсетіледі. Апта сайын әр сәрсенбі күні балақайлар ипподромға барып, атқа мінеді. Балалармен көбіне-көп әлеуметтік қызметкерлер, тәрбиешілер жұмыс істейді. Әр түрлі топтарда балалар сурет салады, музыка терапиясын қабылдайды. Орталықта барлығы 13 маман бар, – деді Қ.Сәрсенбаева.
Оның айтуынша, орталықта негізінен аяқ-қолының қызметі бұзылған балалар, даун, Ретта синдромдарына шалдыққан балақайларға қолдау көрсетіледі. Аралас деп айтса да болады. Бойындағы ерекшелікке және дәрігерлер қойған диагнозға қарай, балақайларға АВА терапиясы, эрготерапия сынды оңалту әдістері қолданылады. Күн сайын бір маман бір баламен кемі 20-30 минут жеке-жеке жұмыс жүргізіледі. Жеке дара оңалту бағдарламасы әзірленеді. Топтық жұмыстың өзі 2 баладан артық қатыстырылмайды. Мұның барлығы ең алдымен оңалту жұмысының барынша пайдалы, нәтижелі болуы үшін қажет. Мәселен, ЛФК нұсқаушысы күніне бас-аяғы 7-8 бала қабылдайды.
– Бұл орталықта қызмет алу үшін бала да, оның ата-анасы да Нұр-Сұлтан қаласында тіркеулі қажет. Бұған қоса, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы болуға тиіс. Баласын әкелуге ниет білдірген ата-ана осы орталыққа медициналық карта алады. Бұдан соң, емханаға барып дәрігерлік тексерістен өтеді. Содан кейін, ата-ана өзінің жеке куәлігін, балаланың туу туралы куәлігін, баланың мүгедектігін растайтын құжатын халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырады. Сол жерде «Балам-ай» орталығына жолдама беріледі. Сөйтіп, бала орталыққа келген соң, мамандар баланың қандай қабілетін бұзылғанын сұрап, тексереді. Қандай тағамды жеуіне болатынын һәм болмайтынын айқындап алады, – деді Қ.Сәрсенбаева.
Оның айтуынша, алғашқы екі апта көлемінде баланың орталыққа деген бейімделу процесі жүреді. Алғашқы 3 күн бала орталықта небәрі 1 сағат көлемінде ғана болады. Себебі бұдан көп уақытқа қалған жағдайда жылауы, үйге қайтқысы келуі, сөйтіп орталыққа келуден мүлдем бас тартуы мүмкін. Сөйтіп, барлығы ойдағыдай болған жағдайда келесі 3 күн бала орталықта 2 сағат оңалту жұмысымен қамтылады. Кейін, балалар орталықта таңғы 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін бола алады. Таңғы жаттығу жасайды. Білікті мамандардың сабағына қатысады. Күніне 3 мерзім тамақ ішеді. Түс мезгілінде ұйықтайды.
Қырық түрлі қылыққа әркім төзе бермейді
– Осы орталықта 2-2,5 жастан бастап, 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Ал А.Тоқпанов көшесінің бойындағы филиалда 18 жастан жоғары ересек адамдармен жұмыс жүргізіледі. Бүгінде орталықта 53 бала оңалту шараларымен қамтылып келеді. Сонымен қатар тәрбиешілердің көмекшілері ретінде есту қабілеті бұзылған екінші топтағы мүгедектерді жұмысқа қабылдаймыз. Әрине, ол азаматтардың барлығында жоғары білімі, тиісті дипломы бар. Олардың арасында осы орталықта 6 жыл бойы жұмыс істеп жүргендер де табылады. Ең бастысы, мұндай орталықтарда жұмыс істеуге жай адамдар келмейді. Көбіне-көп, кең пейілді, жүрегі жылы жандар ғана ат басын осында бұрады. Бір қуанарымыз, біз айтып отырған тәрбиешілердің көмекшілері өнерден де құралақан емес. Мәселен, сабақ беру кезінде қажет біраз материалды өз қолымызбен жасап шығамыз. Тіпті тігін машинасының да тілін білеміз. Сол кезде көмекшілер сурет сал десең сурет салады, түрлі материалдар әзірлейді. Олардың жұмысы – ұшан теңіз, – деді орталық меңгерушісі.
Соған қарамастан, дипломы, жоғары білімі бар кез келген азамат осындай орталықтарда жұмыс істеп кете алмайды. Ол үшін ең алдымен баламен тіл табыса білетін ерекше қасиет, төзімділік, мейірімділік қажет. Осы мәселені орталық басшылығы да ерекше назарға алады. Сондықтан жұмысқа жаңа қызметкер қабылдамас бұрын бірер апта бақылауда болады. Себебі жас мамандардың көбісі ерекше балалардың қылығына, әрекеттеріне төзе бермейді. Бала жылаған кезде кей адамдардың жүйкесі сыр береді. Ал орталықтағы ең басты қағидат – балаға дауыс, қол көтеруге жол бермеу. Тіпті баланы ұстаудың, көтерудің де өз тәртібі бар. Әрқашан қос қолдап ұстау немесе көтеру қажет.
– Бес баланың анасымын. Алайда үшінші баламды босанғаннан кейін, оның бойында бірқатар ерекшелік барын байқай бастадым. Ана жүрегі алдамайды ғой, дәрігерлер ДЦП диагнозын қойды. Сөйтіп, баламды осы орталыққа 2014 жылдан бері әкеліп жүрмін. Биыл амандық болса қызым 9-ға толады. Балам сөйлемейтін, не мойнын ұстай алмайтын, тіпті өздігінен жүріп-тұра алмайтын еді. Осы орталықта оңалту жұмыстарын бастағаннан бері көп өзгерісті байқадым. Үш жасында аяғына қаз-қаз тұрып, алғашқы қадамын басты. Орталықтың мамандары небәрі бір жарым жылда осындай оң өзгеріске қол жеткізді. Кейін, төрт жарым, бес жасында тілі шықты. Бұл жетістіктер тек осы орталықтың жемісі дейтінім – баламды одан өзге орталықтарға апарғаным жоқ. Барлық жағдай жасалған. Тәрбиешілері де көңілімнен шығады. Осы уақыт аралығында орталық қызметі үшін бір тиын төлеген жоқпын. Барлық оңалту жұмыстарын орталық мамандары тегін жүргізеді, – деді ана Назүл Табез.
Ерекше жандардың күтімі де, оңалту ісі де ерекше жағдай жасауды қажет етеді. Мәселен, осы әлеуметтік қолдау орталығына қолбайлау болып отырған бір қажеттілік – көлік. 200 мүгедек бала мен ересектің мүмкіндігін шектемей, олардың оңалту орталықтарына, табиғат аясына, мәдени іс-шараларға, мұражайлар мен өзге де орындарға еркін жүріп-тұруына қажет темір тұлпар жетпей отыр. Орталық қызметкерлерінің ормандай оқырманымызға жолдаған өтініш-тілегі, бұйымтайы – осы. Бәлкім, балалар жылында өмірдің қиын жағдайына тап болған балапандарға қол ұшын соза алатын бір жомарт жан табылып қалар деген үміттеміз. Ел ертеңіне бей-жай қарамайтын ел екенімізді аңғартатын кез келген секілді.