ҚОСТАНАЙ. 28 сәуір. Бұдан бірнеше жыл бұрын Қостанай облысының эмблемасы жасалған еді. Енді облыстың өз гимні де пайда болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Тобыл өңірі тұрғындарының гимнінің музыкасын белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев жазған болса, сөзін ақын Серік Тұрғынбеков қағазға түсірді.
Бір айта кетерлігі, Кеңес Дүйсекеев соңғы алты жыл бойы қатарынан Қостанайда өтіп жүрген жас таланттардың «Золотой микрофон» халықаралық ән байқауында қазылар алқасының төрағасы болып келеді.
-Қостанай - қазақтың ең бір шұрайлы, халқымыздың дараларын берген топырағы құнарлы өңір. Бұл жер маған да жат емес, қазақтың қай жерінде туған жерімдей көремін. Өткен жылы облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов: «Облыстың гимнін жазып берсеңіз» деген өтініш білдірген. Бірақ уәде берген жоқ едім, өйткені ол - уәденің емес, шығармашылықтың ісі. Дегенмен, биыл ақын Серік Тұрғынбеков екеуміз гимнді жазып шықтық. Ең бастысы оны –облыстың, еліміздің болашағы –балалар орындады,- дейді Кеңес Дүйсекеев.
Композитор соңғы үш жыл бойы «Золотой микрофонға» өзінің жаңа әндерін әкеліп жүр. Алғашқыда «Нұр тұлға», былтыр «Алтын бесік--Астанам» деген әндерінің Қостанайда тұсауы кесілді. Биыл халықаралық байқау Кеңес аға жазған облыс гимнімен аяқталды.
Нәзира Жәрімбетова.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: showdesign.kz.