Уақытпен санаспай, не көрді, нені сезініп, түйсінді сол сезімдерді дер кезінде қанын сорғалатып бере алған, дүн-дүниенің астарына жандүниесімен үңіле алған ақын уақыттың өзіне айналары сөзсіз. Оның терең түйсікті жырлары соны айтып, еске салып қана қоймай, дәлелдеген сияқты.
«Түсінігім-ай, түсінігім-ай тәуелді, Әдемі еді ғой алған бағытың әуелгі. Түйсігім айтқан құп-құйттай ғана түйінді, Тыңдамайсың-ау ақыл ғып басқа құюды» дейді «Түйсігім менен түсінігімнің арасы» өлеңінде. Тура осы өлеңінің астарында меңзегеніндей Кеңшілік Мырзабеков нағыз қазақ ой-түйсігінің аузынан түсіп қалғандай ақын дер едік. Тіпті қазақ түйсігінің баласы деуге де болады. Мәселен, даламыздың астын үстіне аударып, ішек-қарынын ақтарып жатқанда ақынның жиырмаға да тола қоймаған кезі екен. Шамасы ауылда жатқан оқушы. «Боз бие немесе тың жыртқан жыл» атты атақты өлеңін ақын сол уақытта жазып тастаған. Ол туралы өзі кейінде былай депті: «Мен бесіктен белім жаңа ғана шығып, әдебиетке әлі толық келіп үлгермеген кезімде «Тың жыртқан жыл немесе боз бие» деген дүние жаздым. Осы өлеңді он сегіз жыл жариялата алмай жүріп-жүріп 1985 жылы ақын Иранбек Оразбаев «Жазушы» баспасында менің жинағыма редактор болған кезде әрең-әрең шығардым. Ал қазір тыңның экологиясы туралы айтып жатырмыз. Мәселе көтеріп жатырмыз. Шыбын жанымыз шырқырауда. Ал мен, мақтанғаным емес, сол проблеманы жиырма жыл бұрын бала ақын кезімде жазыппын. Бірақ дер кезінде бастыра алмадым».
Мына жазбадан кейін осы атақты өлеңді толық оқып, ой түбіне үңілген адам сол кездегі қазақ өмірі мен ақындық терең түйсікті анық пайымдар еді. Сондай-ақ жап-жас кезінде осындай өлмес туынды қалдырған шайырдың талантын мойындап, еріксіз бас шайқайтындай. Қарттар «көделі белге көк бидай шығар болды» деп қуанғанда Боз биенің кешірген күйі – ақынның түйсігі, қазақ қасиетінің түйсігі еді. Және ол бие – жал жұптап, бір әулетті асырап отырған әрі әкесіне қайын жұрты кәделеп мінгізген түлік. «Ақылды жануар соңғы рет келіп сол түні, Таныс көденің тамырын иіскеп толқыды. Ылғал құм ішінде іркілдеп жатты тамшылар, Ұзатқан қыздың жылағанындай төркіні». Ұлттың қасиетті түйсігі іспетті бұл балладаны тек түйсініп қана түсінуге болады.
Қазақ өлеңінің құнары Кеңшіліктің жырларынан анық көрінеді. Қой көзді қоңыр даланың уыздай әуені естіледі құлаққа. «Түбіт бөкебай, тартқан ботам-ай. Өзің ботадай, көзің боталай» деп күмбірлеп ала жөнеледі. Ақынның «Анар» атты өлеңі бұған дейін қазақ жырында болмаған құбылыс екендігі айтылған. Сондықтан біз ол туралы термелемей, «Сүйе беремін!» өлеңіне тоқталар едік. Мағжанның «Сүй, жан сәулемі» мен Мұқағалидің «Сүй, жаным, сүйкімді бір күйге енемінен» бөлек, соны өріс тапқан жырының бірі осы ақынның. «Отыз бесте де, қырық бесте де сүйемін, Сүйе беремін қурап қалғанша сүйегім» деген автор жасы қырық беске де жетпей өмірден ерте кетсе де, әлі де сүйіп, әлі де сүйдіріп келе жатқанға ұқсайды. Оның бір мысалы, кешегі бозбалалар мен бойжеткендердің осы өлеңді ораған хаттары.
«Сүйгеннен ернім жұқарса, мейлі, жұқарсын. Сүйгеннен жүйкем жұқарса, мейлі, жұқарсын. Сүйгеннен көңілім мұқалса, мейлі, мұқалсын. Сүйгеннен өмірім қысқарса, мейлі, қысқарсын» дейді ақын. Сүйген жүректің, егіліп сүйген жүректің серті тұр осы шумақта. Елжіресе де, егілсе де асау жүректің серті сезімін ту етіп көтереді. Сүйегі қурағанша сүйгендер сертпен өмір сүреді. Серт жолынан тайған күні өзін мерт қылған да солар. Серт жолында дерт құшып, өртке оранған да солар. Ең бастысы, олар – «заманға жаман болып күйлеп», езіліп кетпегендер. Жүйке жұқарса да, көңіл мұқалса да сүю – ерлік пен қайраттың, шын жүректің ісі. Нағыз өмір иесі осындай майданнан ғана қайнап шығады. Оған төзбегендер, одан жалтарғандар опасыздық жасап тынады. Сондықтан ақын бұл жерде сүйген жүректің сөзін ғана айтпайды, сол жүректерді қайрап та отырғаны байқалады. Сүйегің қурағанша сүюге дәтің жетсе, әрине. Әйелді, адамды, ұлтың мен әлемді! Біреуін сүйсеңіз сол сезім бәріне жетеді. «Тек сүйсеңіз болды...»
«Машақаты мен мұңында емес пе –
сыры, ізі,
Буынға түскен уында емес пе уызы.
Мұңнан да рахат, удан да уыз ұюы,
Сол емес пе екен – адамды адам сүюі?!»
Иә, адам сүйе бастағаннан басталады бәрі. Күйе бастайды. Ол белгілі. Алайда осы жерде біз айтып жеткізе алмайтын, тек түйсініп білетін сезімдердің уілі сап құратын сыңайлы. Ұлы Абайдың «Ғашықтық, құмарлық пен ол – екі жол» дегенін дендейтіндей, соны түйсінуге жетелердей сезіледі. Буынға түскен сезімнің уы мен уызын қайсыбіріміз басымыздан өткердік, қайсыбіріміз тіпті сезініп те үлгермеген болармыз. Құмарлық ет пен терінің арасы, ал буынға түскен махаббат Абай айтпақшы, «бар тамырды қуаларға» саяды. Сүйекке сіңбей қоймайды деген сөз.
«Сонда да сүйем, сонда да сүйе беремін,
Бәріңді сүйем... бәріңді иеленемін.
Сүйе беремін, сүйе де сүйе шаршасам,
Махаббатыма маңдайды
сүйеп өлемін».
Бастысы, шын сүйген жүрек толық адам сатысына өтері кәдік. Бақыттың бәрін өзінен, өз жүрегінен табады ондай бүтін жандар. Бәрін жүрегіне бөлей алады. Өйткен адам өміріне де үкімді өзі кесуі бек мүмкін. Жаназасын да махаббат шығарады. Жүректерге гүл егіп, ақырында махаббат деп өлген адамның өмірі баянды!