• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2014

Алтынсарин дәрісханасы ашылды

332 рет
көрсетілді

Биыл Қостанай мемлекеттік педагогика институтының құрылғанына 75 жыл толады. Институт басшылығы білім ордасының осы мерекесін жас ұрпақ үшін пайдалы, із қаларлық іспен атап өтуді ойластырып отыр. Институт ректоры, профессор Қуат Баймырзаевтың бастамасымен ұлттық мектептің негізін қалаған, қазақ даласына білім дәнін сепкен ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен мұраларын зерттей түсу және насихаттау мақсатымен ыбырайтану ғылыми орталығы құрылған болатын. Аз уақыттың ішінде орталық жұмысын қызу бастап та кетті. Енді Алтынсарин дәрісханасын ашты. Дәрісханада Ыбырай өмірбаяны, ұстаздық жолы, ұлы ұстаздың атақты шәкірттерінің суреттері ілінген. – Институтымыздың ерекшелігі – біз мектепке мұғалімдер дайындаймыз. Орта білім беру саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті қойылып отыр. Ал ұлы ұстаз «Мұғалім  – мектептің жүрегі» деген болатын. Біздің болашақ мұғалімдер Ыбырай Алтынсариннің өмірін, шығармаларын, әдістемелерін білуі тиіс. Сондықтан педагогика ғана емес, жалпы білім беру ісіндегі ірі тұлғаның атында дәрісхана болуы керек, – деді инс­титут ректоры Қуат Баймырзаев. Дәрісхана тұсаукесерінде ұстаз­дар, қаладағы зиялы қауым өкіл­дері кемеңгер ұстаз атындағы дәріс­хананың ашылуында профессор Аманжол Күзембайұлы, ақындар Ақылбек Шаяхмет, Әсия Беркенова, Нағашыбай Мұқатов, өлкетанушы Қуаныш Орманов Ыбырайды жас ұрпаққа насихаттай беру керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, осы шара аясында белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Оспановтың ыбырайтану ғылыми орталығында дайындалған «Ұлы ұстаз ұлағаты» атты кітабының тұсаукесері өтті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.