Шығыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясының субъектілерімен шекаралас болуы өңірдегі агроөнеркәсіп кешені саласындағы байланыстарды дамытуға себін тигізіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары ауыл шаруашылығындағы өңіраралық өзара қарым-қатынастардың іргетасы Кеден одағы шеңбері аясында беки түсті. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешендерін өндірістік, экономикалық және ғылыми-техникалық бағытта дамыту көзделген.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Зипа Темірбекованың айтуынша, Шығыс өңірі мен Кеден одағы елдерінің субъектілері арасында 18 меморандум мен келісімшарт жасалған. Оның ішінде мал шаруашылығында 5 меморандум мен 9 келісімшартқа қол жеткізілсе, агрокешенді ғылыми тұрғыдан дамыту орайында 4 меморандум мен келісімшартқа қол қойылды. Екіжақты келісімдерге сәйкес, 2011 – 2013 жылдары облыстың ауылшаруашылық тауарын өндірушілер Ресейден жалпы құны 430 миллион теңгеге 1 311 бас «Герефорд» және «Қазақ ақбас сиыры» асыл тұқымды ірі қарасын әкелді.
Ал өткен жылы Ресейдің Алтай аймағына шығысқазақстандықтар 25 миллион теңгеге 3 мыңнан астам ара пакеті мен өнімін экспорттады. Ресейлік омарташылардан 6 миллион теңгеге бал құюға арналған ыдыстар сатып алынды. Айта кету керек, Ресейдің Сібір өлкесі мен Шығыс Қазақстан арасындағы марал шаруашылығын дамыту шеңберінде 3 меморандум бекітілген болатын. Екі елдің маралшылар қауымдастығы арасындағы әріптестікті дамыту туралы меморандумға сәйкес, Алтай мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары мен шығысқазақстандық ғалымдар марал шаруашылығы саласын жетілдіруге бағытталған әдістемелік нұсқаулықтар шығарды. Сондай-ақ Алтай аймағының ғылыми-зерттеу институтынан келген оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер шығызқазақстандық маралшыларды қайта даярлау курстарынан өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Кейінгі жылдары Алтай аймағының «Пантопроект» ЖШС мен Шығыс Қазақстанның «Пантымен емдеу орталығы» ЖШС жетекшілері арасындағы әріптестік туралы меморандумға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезде маралшылар панты өнімдері негізінде биологиялық белсенді қоспалардың жаңа түрлерін дайындау үстінде. Ұлан ауданындағы «Багратион» шаруа қожалығы Алтай аймағынан 5 асыл тұқымды бұғы сатып алып, марал шаруашылығын асылдандыруда тұрақты тәжірибе алмасуды жолға қойып отыр.
Биыл тамыз айында Өскеменде бүкіләлемдік маралшылар конгресін өткізу жоспарланған. Оған Қазақстан, Ресей, Корея және Жаңа Зеландия маралшылары қатысады деп күтілуде. Сонымен бірге, Барнаул қаласындағы Бау-бақша ғылыми-зерттеу институты мен облыстың Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты арасындағы әріптестік аясында Сібір өлкесінен жеміс-жидек дақылдарының көшеттері жеткізілді. Оның ішінде бүлдіргеннің 19 түрі, қарақаттың 11 түрі, таңқурайдың 9 және қарлыған бұтасының 3 түрі бар. Өткен жылы алғашқы түсімін берген жеміс ағаштарынан 777 кило өнім жиналған екен.
Глубокое ауданындағы «Майлы дақылдар» элиталы тұқым шаруашылығы да өткен жылы Ресейден жаздық бидай, асбұршақ және арпа тұқымдарын әкеліп, шаруашылықтың тұқымдық алқаптарына септі. Бұл еліміздің элиталық астық тұқымына қол жеткізуіне мүмкіндік бермек. Мәселен, «Алтайлық 325» атты бидай – 350, «Омбылық 18» бидайы – 747, «Варяг» асбұршағы – 100 және «омбылық 87» арпасы 600 тоннаға жетті.
Іскерлік байланыстарды арттыру мақсатында түрлі жәрмеңке, көрмелер мен фестивальдер, экономикалық форумдар ұйымдастырылып келеді. Былтыр Қазақстанның 8 облысы мен Ресей және Моңғолия елдері қатысқан «Шыңғыстау – 2013» мал шаруашылығы көрме-жәрмеңкесі өткенін жазған болатынбыз. Онда жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық мал сатылды. Сондай-ақ, Өскеменде өткен жылы халықаралық бал фестивалі төртінші мәрте ұйымдастырылды. Ресей мен Белоруссия және бірқатар шетелдерден келген омарташылар ара шаруашылығын дамытудың мәселелерін талқылаған жиын өткізіп, өзара біліктілік алмасқан болатын.
Кеден одағы шеңберіндегі агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті 2013 жылы екі жарым есеге ұлғайып, 17052,7 мың АҚШ долларын құрады. Экспорттық өнімдердің негізін астық, сүт өнімдері, өсімдік майы, ұн мен жарма және ет өнімдері құрап отыр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.