Өнім өңделуімен өтімді
Жеке кәсіпкерлікпен алғаш шұғылданған кезім әлі күнгідей есімде. Құрылыс саласындағы азды-көпті жұмыс тәжірибеме сеніп, үй жиһаздарын жасауға бел будым. Үйрене келе өндірісті кеңейтіп, кеңселік жиһаздарға тапсырыс ала бастадым. Маманданып, төселіп алғаннан кейін жаныма қолынан іс келетін жігіттерді жинап, жиһаз жасайтын цех аштық. Құрал-жабдықтарды Италиядан алдырттық. Кәсіпорын құрылғанда небәрі 6 адам еңбек етсе, «Промстроймебель» ЖШС-не айналғалы 120 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Айналасы он жылдың ішінде сапалы да сәнді жиһаздар шығарумен қатар басқа да салалық құрылымдар пайда болды. Мұның бәрі айтуға ғана оңай, іс жүзінде көптеген кедергілер кездесті. Қиналған кездер, әсіресе, қаражаттан тапшылық көрген сәттер аз болмады. Шынын айтсам, Елбасының отандық бизнесті дамытуға деген жан-жақты қолдауы болмағанда мұндай дәрежеге жетпес едік. Имандай шыным бұл. Кәнеки, деректерге жүгініп көрейік.
Жоғарыда айтқанымдай, сәтін салып, ісіміз алға басты. Алайда, заман ағымына сай жиһаз жасау кәсіпкерлігін меңгергенмен, біз сияқты шағын өндірушілерге нарық заңының қоятын талаптары қатаң болатын. Өзіміздің тауарлық белгімізді қалыптастыру үшін бәсекелестікке төтеп беру қажеттігі туды. Міне, осы кезде мемлекеттің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуына негізделген ұшқыр жобаларға сүйенуге тура келді. Осы орайда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шарапаты да, шапағаты да көп тиді. Осы бағдарлама аясында 50 миллион теңге жеңілдетілген демеуқаржы алу арқылы өндіріс ауқымын арттырып, жұмыс орнын көбейттік. Жиһаз жасау өндірісіндегі басты шарт – сапа мен сәнге ерекше басымдық бере отырып, техникалық жаңғыртуларға барынша ден қойдық. Соңғы технологиялық жаңалықтарымыздың бірі 90 мың еуро тұратын фрезерлік орталық орнатылды. Италиядан жеткізілген ағаш өңдеу станогы мен мембранды нығыздауыштың бағасы 80 мың еуроны құрады. Мәселе арзан-қымбаттылығында емес, біз үшін қазақстандық мазмұндағы сапалы тауарлар түрін молынан шығару басты бағдар етілді. Осы үдеден көріну мақсатымен «Еліміздің үздік тауарлары» секілді беделді байқауларға үзбей қатысып, тәжірибемізді одан әрі жетілдіре түстік. Уақыт ағымына ілесу оңай емес. Жұртшылықтың ұсыныстары бірінші кезекте ескеріліп, қосымша ағаш өңдеу, пластик есіктер мен терезелер жасау салаларын жаңғырттық.
Біз бүгінде жылына 300 миллион теңгенің үй-ішілік, кеңселік жиһаздардың түр-түрлерін құрастыруға қауқарлымыз. Бұл жұмыстармен 45 адам айналысады. Жыл өткен сайын әлеуметтік, өнеркәсіптік және жеке арнайы тапсырыстар көлемі артып келеді. Өз өнімдерімізді Шымкент, Қарағанды, Астана, Атбасар, Қостанай, Шортанды, Степняк қалаларына үздіксіз жөнелтеміз. Басқаларға қарағанда баға неге қолжетімді деген сауалдар маған жиі қойылады. Түсіндіре кетейін. Қытайдікі арзандау көрінгенімен, сапасына қойылатын кінәрат көп. Ресейдікі қымбат. Осыған орай, баға саясатын оңтайлы орнықтырудың маңызы өте зор. Бұл – бір. Екіншіден, біз көтерме сауда әдісімен жұмыс істеуге көштік. Неге дейсіз ғой? Елімізде жиһаз жасаумен шұғылданатын ұйымдардың денінің өндірістік жарақтануы да, өнімділік қуаты да төмен. Көбіне кішігірім тапсырыстар қабылдаумен ғана шектеледі. Біз сияқты екінің бірінің қолы жете бермейтін өте қымбат қондырғылар алуға тәуекел ете бермейді. Әрі қаржылық мүмкіндіктері де шектеулі. Мәселен, Алматының ұсақ сауда компаниялары бізден қотара сатып алып, өзгелерге ұсынып жатады. Жуырда шымкенттік бір кәсіпкер сандықтың 400 дана бет жақтауына тапсырыс берді. Оның өтінішін әрі кетсе 7-10 күннің ішінде тап-тұйнақтай орындаймыз. Тапсырыстың көбейгенінен-ақ тұтынушылар көңілінен шығып жүргенімізді аңғаруға болатын сияқты.
«Trans Motors Group» ЖШС-ін ұйымдастырып, ішкі және халықаралық көлік-логистика қызметін жандандыруымызға да «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жәрдемі орасан зор болды. Бұл сала біз үшін тың саналғанымен, жеңілдікпен екі жылға берілген 150 миллион теңге демеуқаржыны орынды жұмсай білудің арқасында жүк тасу, сақтау бағыттары бойынша қызмет көрсету көлемі былтыр 110 миллион теңгеге жетті. ТМД, Еуропа елдеріне жүк тасумен жоғары класты шетелдік 15 көлік айналысады. Немістің «Форте» банкінің жергілікті филиалы арқылы тағы 10 көлік сатып алуды межелеп отырмыз.
Биылдан бастап өндірістік-өнеркәсіптік корпорация құра отырып жарма дақылдарын қалдықсыз өңдеудің кластерлік жүйесін дамытуға көңіл бөлген жайымыз бар. Ол үшін шикізат жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынып, одан арғы үдеріс түгелдей өзімізде атқарылады. Шетелден әкелінген шағын зауыт айына 15-20 тонна өнім өндіре алады. Дайын күйіндегі қарақұмық, бұршақ, жарма өнімдері әзірге Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарына таратылады. Бағалары әлдеқайда арзан. Өндірісті кеңейткеннен кейін өзге өңірлерге де жеткізетін боламыз. Жақын шетелдерге шығу да ойымызда бар.
Көзін таба білгенге табыс көл-көсір. Оның үлкен-кішісі болмайды. Мысалы, «Промстроймебель» серіктестігіне қарасты «Құрылыс-Сервис-СК» компаниясы тұрғын үйлер, әлеуметтік ғимараттар салумен айналысады. Өткен жылы 80 орынды мектеп, 10 үй қолданысқа берілді. Биыл 27 пәтерлі үйдің, 300 орынды білім үйінің құрылысы жүргізілуде. Мамлют қаласында 18 пәтерлі үй «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде тұрғызылуда. Пайдалануға берілген жағдайда 7 пәтер біздің болашақ жұмысшыларға тапсырылады. Біз оларды екіжақты келісімшарт талабымен тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін боламыз.
Наубайхана, диірмен мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Айына 60-70 тонна ұн үгіліп, 20-30 тоннасы сатылады. Қалғаны ішкі қажеттілікке жұмсалады. Айына 30-35 мың бөлке нан пісіріледі. Бағасы 37-40 теңге аралығында.
Нарық бәрімізді өнімнің өтуімен өтімді екенін анық ұқтырды. Біз де нағыз бәсекелестік халықаралық стандарттарға негізделген сапаға барып тірелетінін анық түсінеміз.
Мұрат ХАРСИЕВ,
«Промстроймебель» ЖШС
директоры.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы.