Исі мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айтты халқымыз «мейірім мерекесі» деп те атайды. Құрбан айт мерекесінің бірінші күні биыл 9 шілдеге сәйкес келіп тұр. Жүректерге нұр, қарым-қатынастарға мейірім мен махаббат сыйлайтын айт күні қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫНА бірер сауал қойған едік.
– Алла қаласа, алдымызда Арапа күні, одан кейін қасиетті Құрбан айт келе жатыр. Осыған орай сұхбатымызды Арапа мен Құрбан айттың дініміздегі орнынан бастасақ.
– Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Арапа күні – Алла Тағала ардақтаған әрі жасалатын құлшылықтарды артық еткен күндердің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық дегеніміз – Арапа. Кімде-кім Арапаға үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», деген. Яғни қажылықтың негізгі шарты – Арапа күнгі Арафа жазығындағы дұға. Қажылықтың үш шарты болса, соның бірі – Арафада тұру. Арапа күні қажылыққа бармаған кісі ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілесе сауабы өте көп болады. Әсіресе Арапа күні ораза ұстау мұстахаб амалы, сүннет болып саналады. Алайда бұл – ерікті амал. Ұстасаңыз сауабы мол, ұстамасаңыз күнә болып есептелмейді.
Һижри жыл санауы бойынша 1443 жылдың зұлхижжа айының басталуы 30 маусым болып бекітілді. Ал Арапа күні 8 шілдеге сәйкес келеді. 9 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Жоғарыда айтқанымыздай, Арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген. Демек кімде-кім шамасы келіп Арапа күнінде ораза ұстаса, өткен және келер жылдағы кіші күнәлары кешіріледі.
Ал Құрбан айт күні айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Естеріңізде болса, пандемия кезінде біз құрбан шалудың онлайн жүйесін іске қосқан болатынбыз. Биыл «Құрбан-2022» қайырымдылық акциясы аясында халыққа оңтайлы болу үшін құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады. Барша азаматты осы акцияға үлес қосуға шақырамын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кейбір азаматтарымызға оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2022.kz сайтын іске қосты. Сондықтан онлайн түрде құрбан шалам деушілер болса, осы сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Құдай жолында құрбан шалуына болады.
– Құрбан айттың рухани мән-мағынасы қандай? Не үшін мұсылмандар айтты асыға күтеді?
– Құрбан айт шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті көрсететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)»(«Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниет еткен пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.
Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нәсіп еткен мал-дүниесінің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау» деген. Халқымыз «Бота алғанша бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан.
– Пандемия салдарынан екі жылдан бері қажылыққа рұқсат етілмегенін білеміз. Биылғы қажылықтың белгілі бір талаптары, ерекшеліктері бар ма?
– Рас, екі жыл бойы көптеген әлем елдерінің мұсылмандары жұқпалы індеттің кесірінен бес парыздың бірі қажылық рәсімдерін орындай алмады. Былтыр Сауд Арабиясы Корольдігі сырт елдерден қажылар қабылдаған жоқ. Ел ішіндегі санаулы ел тұрғындарымен ғана қажылық маусымын өткізді. Аллаға шүкір, биыл қажылыққа рұқсат берілді. Екі жылға созылған үзілістен кейін әлем мұсылмандары зор құлшыныспен, үлкен ыждағатпен үлкен қажылық жасауда. Биыл Сауд Арабиясы үлкен қажылыққа тек 1 миллион адамның ғана қатысуына рұқсат берді. Оның 85 пайызы әлем елдерінің мұсылмандары болса, қалған 15 пайызы – сол жердің жергілікті тұрғындары.
Биыл біздің елімізден 4 мың қажы ұлы сапарға аттанды. Әрине, пандемиядан кейін алғаш рет өткізіліп отырғаннан кейін Сауд Арабиясы арнайы талаптар қойды. Атап айтар болсақ, 65 жастан асқан үлкен кісілердің қажылыққа баруына рұқсат берілмеді. Сол секілді COVID-ке қарсы екпенің екі дозасын, сондай-ақ ревакцинация алу, 72 сағат бұрын алынған ПТР тестінің нәтижесі болуы талап етілді. Елімізден барған 4 мың қажы осы талаптарды орындаған соң Сауд Арабиясына кіруге мүмкіндік алды. Бүгінде олар қасиетті мекенде тиісті құлшылығын атқарып жатыр. Алла қажыларымыздың ізгі ниетін, қажылығын қабыл етіп, елімізге аман-есен оралуын нәсіп еткей!
– Білуімізше қазіргі уақытта елімізден барған 4 мың қажы 14 қажылық компаниясының қызметіне жүгініп отыр. Одан бөлек Меккеде осы компаниялардың жалпы қажылық жұмысын жүйелеуге арналған Қазақстан қажылық миссиясы жұмыс істеп жатыр. Бұл компаниялар қалай таңдалды? Миссияның міндеті қандай?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық науқаны қарсаңында жыл сайын қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі турфирмалар арасында арнайы конкурс жариялайды. Мұндағы мақсат – адал бәсекелестікке қол жеткізу және қажыларымызға қолайлы жағдай жасау. Қажылық орындарын бөлуде әділдік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрылды. Комиссия туроператорлардан келген өтініштер мен талап етілген құжаттарды ортаға салып, мұқият қарайды. Биыл 20 қажылық компаниясы конкурсқа қатысып, оның 14-і 2022 жылғы қажылықты ұйымдастыруға қабілетті деп танылды.
Бірнеше жылдан бері баратын отандық қажыларымызға рухани жол көрсету, қажылық қызметін ұйымдастырып-үйлестіру мақсатында Қажылық миссиясы қызмет атқарып келеді. Мұндағы мақсат – отандық қажыларға қолайлы жағдай жасап, оларға сапалы уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу. Биылғы миссия құрамына елімізге танымал ұстаздар мен ғалымдар, имамдар мен білікті мамандар енді. Діни басқарма жанындағы уағыз-насихат бөлімі қажылық сапары кезінде уағыз айту жұмыстарын үйлестіреді. Ал Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары қажылық сапарына қатысты сұрақтардың жауабын беріп, өзекті діни мәселелерге қатысты пәтуа шығарып, қажыларымызды құлағдар етеді. Сонымен қатар Қажылық миссиясымен барған дәрігерлеріміз де отандастарымызға медициналық қызмет көрсетіп, дер кезінде ем-дом жасау іс-шараларын жүзеге асырады. Ал ақпарат саласының мамандары қажылықтан тікелей репортаждар жасап, жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, биыл қажылық миссиясы 5 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Олар – ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, ақпарат және Сall center орталығы.
Биыл Діни басқарма 14 қажылық компаниясына арнайы уағызшы имамдар бөлді. Қажыларға уағыз айтып, қызмет көрсетудің өзі – үлкен сауап. Сондықтан осындай ұлық істі атқару үшін еліміздегі көптеген дін қызметкері арасынан 14 уағызшы имам таңдап алынды. Қажыларымыздың рухани қанаттанып, қасиетті мекеннен ерекше әсермен оралуына уағызшы имамдардың айтар насихатының ықпалы мол болады деп білеміз.
– Дінімізде әр құлшылықтың өз деңгейі, соған сай сауабы бар. Қажылық қандай құлшылық?
– Қажылық – бүкіл болмысыңмен, шынайы ниет-ықыласыңмен, мал-дүниеңмен, денсаулығыңмен жасайтын ұлы құлшылық. Ислам дініндегі көптеген құлшылық түрі жамағатпен бірге орындалады. Мұсылмандар күніне бес уақыт намазды бір жерде, яғни мешітте оқуға тырысады. Алланың үйінде күніне бес рет бір-біріне жолыққан жамағаттың бауырмалдық қасиеті беки түседі. Одан бөлек көпшілікпен оқылатын жұма, Ораза айт, Құрбан айт, тарауық намаздары мұсылман үмбетін мешітке топтастырады. Алла Тағала бұдан бөлек дүниенің төрт бұрышындағы мұсылмандарды қасиетті Қағбаға бірнеше күнге жинап, бір-бірімен бауырластырады. Өйткені бұл – Алланың хикметі. Алла Тағала барша мұсылман үмбетіне қабыл болған қажылықты нәсіп етіп, отандастарымыздың елімізге аман-есен оралып, отбасымен қауышуын жазғай. Әмин!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»