• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2014

Барқытбелдегі балуандар бәсекесі

394 рет
көрсетілді

Өткен сенбіде Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауылында қазақ күресінің мерейін көтерген дүбірлі дода өтті. Қазақша күрес десе қаны қызбайтын қазақ жоқ. Біз де бәсекені тамашалау мақсатында Тарбағатай ауданына арнайы бардық. Биыл екінші мәрте ұйым­дасты­­рылған Ырғызбай Дос­қа­наұлы атындағы турнирдің жа­ңалығы көп. Былтыр Астана мен Алматы және еліміздің 14 облысынан балуандар қатысып, республикалық дәрежеде тұса­уын кескен турнир биыл халық­аралық сипат алды. Барқытбел баурайындағы бай­рақты бәсекеге жиыны 45 балуан қатысты. Армения, Грузия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қыр­ғызстан, Моңғолия, Қы­тай, Литва елдерімен қатар өзіміздің жігіт­тер де Қазақ­станның намы­сын қорғады. Жарысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, FILA халықаралық күрес түрле­рі қауымдастығының комитет төр­­ағасы Гинтаутас Ви­лейта, Дүние­жүзілік қазақ кү­ресі федера­ция­­сы­ның прези­­денті Серік Төке­ев, сондай-ақ, спорт жанашырлары мен аудан жұрт­шылығы тамашалады. Боз кілемдегі бәсекеге келсек, салмағы 90 килоға дейінгі спортшылар арасында ақтық сында Алматы облысының балуаны Саят Шәмшиев пен Шығыс Қазақстанның намысын қорғаған Қуаныш Мұратов кездесті. Көптеген әлемдік жарыстардың жеңімпазы болып жүрген қос балуан арасындағы тайталас өте қызу өтті. Тарбағатайлық Қуа­нышқа жерлестерінің жан­күйерлігі дем беріп, «Өгіз балуан» атағын жеңіп алды. Ал үшінші орын үшін болған бел­десуде ресейлік Артем Кова­левскийді өзбекстандық Олим Ровшанов ұтты. Екі күндік жарыста ерекше күткен сын – 90 кило салмақтан жоғары спортшылар арасындағы «Түйе балуан» атағына талас болды. Үміткерлер сапындағы «Қазақстан барысы – 2012» тур­нирінің жеңімпазы Бейбіт Ысты­баев бұл кезеңге жете алмады. Шығысқазақстандық Мереке Тұрашевті ұтқан өзбекстандық Авозхан Таймұратов үшінші орынды еншіледі. Финалдық кездесуге қос шығысқазақстандық шықты. Олар өткен жылы «Қазақстан барысы» турнирінде Шығыстың намысын қорғаған Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов болатын. Айбектің аталған турнирде топ жарғанын барша спорт жанкүйерлері біле­­­ді. Қарсыласы Мұхит та осал емес. Был­тыр «Шығыс ба­ры­сы» об­лыс­тық іріктеу сы­нында екеуінің бел­десуін тама­шала­­ғанбыз. Бір-біріне сы­ралғы, әдіс-тәсілдеріне же­тік балуандардың жаттық­ты­ру­шы­лары – ортақ, өздері – жақын дос. Десе де, боз кілемде жолдары түйіскен соң екеуі де аянып қалған жоқ. Бура санды, атан жілікті жігіттер аңысын аңдауды ұзаққа созбады. Алдымен Мұхит бүк ұпай еншіледі. Келесі кезекте Айбектің жасаған әдісін төрешілер жарамсыз деп таныды. Бұлшық ет жыртылар қар­­ма­судан соң Айбек те бүк ұпай алды. Есеп теңесті. Белгіленген уақытта бір-бірінен айласын да, күшін де асыра алмаған балуандарға төрешілер белдесу белгіледі. Мұхитты қап­сыра құшақтап тік көтеріп алған Айбек кілемнің шетінен асыра апарып тастады. Жеңіс! Осылайша, түйе балуан атанған Айбек 10 мың АҚШ долларын ұтып алды. Жобаға демеушілік еткен «Қазцинк» компаниясы басқа жеңімпаздарға да қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.