Өткен аптада әлемдегі және еліміздегі айтулы оқиғалар, форумдар көлеңкесінде бір жаңалық елеусіз қалды. Бір қарағанда ол кәдуілгі кадрлық өзгеріс. Күн сайын қаншама тағайындаулармен танысып жатқан еліміз тұрғындары үшін министрлік комитетіне жаңа басшы келді деп ешкімді таңғалдыра алмайсың. Тіпті, бұл ресми БАҚ жариялайтын тағайындау емес.
Дегенмен, бұл комитетті анау-мынау осал буын деп те айта алмайсың. Бұрын еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің, соңғы жылда Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің құрамына енген Су ресурстары комитеті. Өз алдына дербес министрлік жасаса да көтеретін қаржылы, өзекті, маңызды сала. Соңғы жылдары күлшелі комитетті басқарғандардың соңына қоңырау байламай қоштасқандары аз, тіпті темір тордың арғы жағынан шыққандар да бар. Ауыл-ауылды нәрлендіруі тиіс «Ақ бұлақ», «Ауыз су» бағдарламаларына бөлінген миллиардтаған қаржы құмға сіңген судай ізін таптырмай аталмыш комитеттің имиджіне кері әсерін тигізген еді.
Осы комитетті бұдан бір жылдай бұрын басқарған Ислам Әбішевтің де ақпарат құралдарының «кейіпкері» болған жағдайы бар. Жо-жоқ, бұрынғы басшылар сияқты ол «істі» болған жоқ, қызметін шұғыл тапсырып бой тасаламады да. Ол өзінің қол астындағы қызметкері әрі байырғы «досы» Сәтбаев атындағы канал директоры Тұрғынбай Сәрсембаевпен кикілжіңге баруға мәжбүр болды. Себеп – Т.Сәрсембаев канал үшін аса қажет №1 су құбыры стансасы технологиялық жабдықтарын қайта құрылымдауға 6 миллиард теңге сұраған. Ал И.Әбішевтің есебінше, ол 1,5 миллиард теңгеден аспауға тиіс. Дау осы мәселеден туындайды. Канал директоры қасарысып, бюджеттік тапсырыстың көлемін азайтпайды. Айтқанынан қайтпайды. Ақыры қызметінен босатылады. 4,5 миллиард айырмашылық аз қаржы емес, тіпті 1,5 миллиардқа бітетін жұмысты 6 миллиард деп жоспарлаудың өзі жемқорлықтың алғышарты емес пе? Сонда жобаны бекіткен мемлекеттік экспертиза мамандары қайда қараған? Осындай ниеті үшін-ақ істі болуға тиіс бұрынғы канал басшысы «мал ашуы жан ашуы» деді ме кешегі тікелей басшысы, «бюджет қырыққыш» И.Әбішевті де, өзін де аямады. Ислам Әбішевтің туған күнін «100 мың теңгеге өткізіп бергенмін, оған костюм сыйлағанмын» деп дабыра қылды. Туған күн датасынан 20 күн бұрын тойланған көрінеді, ал костюм 4 размер үлкен болып шығыпты-мыс. Жалпы басшылардың соңынан сөз ергені жақсы әңгіме емес. Білушілер 58 жасар Ислам Әлмаханұлы біреуге туған күнін өткіздіріп, костюм бопсалайтындай ауыр емес, дейді. Кезінде бизнеспен табысты айналысқан, құрылыс фирмасы бар көрінеді. Өзі әр тамшы судың қадірін білетін Өзбекстанда дүниеге келген, өсіп-жетілген аймағы – еңбекқор оңтүстік. Сол өңірде аудан басқарған, облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болған. Тіпті Б.Сапарбаевтың командасына еріп Өскемен шаһарына әкім де болды. Шығыстан Астанаға қызметке ауысқанда қала әкімімен орыс-қазағы аралас тұрғындар әуежайға келіп қимай қоштасыпты дегенді бір басылымнан оқығанда пиар шығар деп еріксіз езу тартқанбыз. Сонымыз бекер болды-ау деп ойланып қалдық таяуда. Енді соның себебін айтайық.
«Время» газетінде жақында «Эпоха Водолея» деген көлемді мақала жарияланды. Ол негізінен Ислам Әбішевтің еліміздегі Су ресурстарын басқару, су тапшылығын болдырмау жөніндегі 2040 жылға дейінгі кезеңді қамтитын мемлекеттік бағдарлама жобасы туралы сыни пікіріне құрылған. Аталмыш бағдарламаны өткен жылдың соңында Үкіметте Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров қорғаған, Үкімет қолдаған, енді тек Елбасының қол қоюы ғана қалған. Су ресурстары комитетінің кешегі басшысы Ислам Әлмаханұлы қолына есепшот алып, осы бағдарламаны егжей-тегжейлі сынайды. Кешегі деп отырған себебіміз, аталмыш комитет Ауыл шаруашылығы министрлігінен Қоршаған ортаға ауысқан кезде И.Әбішев жағалауда қалып қойып еді. Жаңа министрлік еліміздің су ағыстарын қадағалауды өзге басшыға сеніп тапсырды. Енді «іші күйген» И.Әбішев өзі екі жылдай басқарған саланың бағдарламасын сынамағанда не істейді, қолы бос емес пе деп ойлауы мүмкін қалың оқырман. Дегенмен, И.Әбішевтің есептеріне көз жүгірткенде бұл ойыңыздан қайтасыз. Себебі, ол жеке басының өкпесіне бармай таза есеп-қисапқа жүгінген екен. Министрдің баяндамасына сүйенсек, ауыл шаруашылығында пайдаланылатын 13,4 млрд. текше метр судың 8,84 млрды. ысырап болып, тек 4,36 млрд. текше метрі ғана егіс алқаптарына жетеді екен, – дейді Ислам Әлмаханұлы. – Бағдарламаға сенсек, елімізде 1,4 миллион гектар суармалы жер бар, яғни 4,56 миллиардты 1,4 миллионға бөлсек, бір гектар алқапты суаруға 3257 текше метр су жұмсалады екен. Тіпті суды ең аз пайдаланатын жоңышқа алқабының өзіне 6000 текше метр су керек. Және ондай су беріліп жатыр. Қазақстан қуарған алқап, шөл далаға айналмай тұрғанының себебі де осы. Сонда әлгі мәлімет қайдан алынған? Министрді кім ұятқа қалдырған?
Үкімет отырысында министр Қаппаров елімізде 11 мың шақырым магистральды, 7 мың шақырым су бөлгіш каналдар бар екенін айтқан. Бірақ бұл адам сенгісіз жағдай. Өйткені, күре тамырдың саны ұсақ тамырлардан аз болуы мүмкін бе деп сауал тастайды Әбішев. Тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана 15 мың су бөлгіш каналдар бар екен! Сонда мұндай бағдарламаны кімдер жасаған, біліктілігі қандай, олар Айдан ұшып келген бе? Комитеттің кешегі басшысы Астананы сумен қамтамасыз етуге жоспарланған 500 миллиард теңгеге де күмәнмен қарап отыр, бұл мәселені Вячеслав су қоймасына Ертіс-Қарағанды каналынан суағар қазу арқылы шешуге болады екен. Ал бұл жобаға 4 миллиард теңге жеткілікті деп санайтындар да бар. Қысқаша айтқанда, Ислам Әбішев жетекшілік етіп отырған тұста жоғарыда аталған саланы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама түзіліп, оны іске асыруға 1,5 триллион теңге жұмсау жоспарланған екен. Ал, министр Н.Қаппаров баяндаған бағдарламаны іске асыру үшін 8 триллион теңге керек. Яғни бес еседен де артық. Ислам Әбішев бұл мәселе жөнінде егжей-тегжейлі есептемелерін Премьер-Министрдің блогына да жолдаған екен. Су тапшылығын болдырмауға арналған жоғарыда аталған бағдарлама қабылданды, онда И.Әбішевтің ескертпелері де ескерілді деген дерек бар.
Сонымен қорытынды қандай? Министр мен оның командасының қателіктерін жария түрде баспасөзде ғана айтып қоймай, Үкімет басшысының құлағына да жеткізген Ислам Әбішевтің деректеріне уәж айтқан адам болды ма, әлде құмға сіңген судай жоғалды ма? Әзірге И.Әбішев текке байбалам салып отыр деп уәж айтқан ешкім жоқ. Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қаппаровтың үстіміздегі жылғы 21 сәуірдегі бұйрығымен Су ресурстары комитетінің төрағасы болып Ислам Әбішев тағайындалды... Иә, уәждің үлкені осы болса керек. Қазақстан тарихында бұрын-соңды мемлекеттік бағдарламаны, тұтас саланы, министрлікті, министрді жария түрде өткір сынға алған, қатесін айтқан маман сол сыннан өзі қорытынды шығарып, түзетіп, бағдарламаны өзі іске асыру үшін бұрын істеген қызметіне қайта тағайындалған емес. Ислам Әбішев «А» корпусында, тіпті комитет басшылығына үміткерлікке тіркелсе де министрді осы бұйрыққа қол қоюға итермелеген қандай күш? Мыңдаған адам ұзақ уақыт басшыларын мадақтап, қолпаштап өсе алмай жүргенде бұл не жағдай? Әлде бұл еліміздің атқарушы билігінде, кадр саясатында ескен соны леп, жаңа ағын ба? Қалай болғанда да И.Әбішев бір өзенмен екінші рет жүзгендей еліміздің су ағындарын бақылауды қайта қолға алды, әйтеуір белгісіз иірімдер бой бермей кетпесе болғаны...
Осы мақала әзірленіп болғанда республикалық телеарналар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңестен егжей-тегжейлі есеп берді. Көп өткір мәселе ортаға салынды, нақты тапсырмалар берілді, шұғыл міндеттер белгіленді. Елбасы алға қойған биік меже – Астананы өмір сүруге өте қолайлы қалаға айналдыру. Осы кеңесте біз қозғаған Астананы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жайы назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, әкімдіктің өткен жылы Есіл өзені суын көбейту жөнінде екі түрлі ұсынысы болған. Бір ұсыныс Сәтбаев атындағы каналдан 90 миллиард теңгеге құбыр тарту. Су ресурстары комитеті 5,8 миллиард теңгеге қолданыстағы жүйені қайта жаңғыртуды ұсынды. Мен Қоршаған орта және су ресурстары министрі Қаппаров пен әкімдікке осы мәселемен айналысуды тапсырдым. Жаңа нұсқа 370 миллиард теңгені құрады. Мұндай министрлермен мемлекет тақырға отыруы мүмкін! Тәбеттеріңізді басып, нысандарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етіңіздер, – деп қатаң ескертті Елбасы.
Судан қайта-қайта шу шыға бермесін десек, осы талапты ойда ұстаған жөн. Қалай болғанда да жақында елді елең еткізген осы тағайындау біздегі кадр саясатында үміт күтерліктей жақсы жаңалық, игі ізденістер бой көрсете бастады ма деген ойға жетелейді. Бұл шешім мені сынаған адам осы деп онымен жауығып алмай, ол адамның көкейге қонар уәждеріне құлақ аса білген, жұмысқа жаны ашыған кадрдың іскерлігін бағалай алған, сөйтіп ортақ шаруа үшін жеке бастың өкпе-ренішінен биік тұруға шамасы жеткен жас министрдің де бағасын арттыра түседі деп ойлаймыз.
Ал енді сынақтың көкесі басшысын сынап басшы болған Ислам Әбішевтің өзіне келіп тіреледі. Сынаған шаруасын өз қолымен түзетуіне мүмкіндік беріліп отыр оған. Айтуға оңай...
Еркін ҚЫДЫР,
«Егемен Қазақстан».