Отанымыз түгілі озық елдердің өзін омақаса құлатқан індет іргемізден кетті дегенде бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз рас. Сау адамды сарсаңға салған сол бір сәттерде дертке шалдықпаудың жолын іздеп, денсаулығымызды ойлап дегбіріміз қашқаны да шындық. Бірақ коронавирустан түбегейлі құтылдық екен деп арқаны кеңге салуға әлі ерте. Сақтық шараларын ұмытуға болмайды. Себебі елдегі эпидемиялық жағдай күрделеніп, сырқаттанғандар саны өсіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, маусым айында мамырмен салыстырғанда ауру деңгейі 6,3 есе – 94-тен 595 жағдайға дейін өскен. Мәселен, сырқаттанушылықтың өсуі маусым айының ортасынан бастап байқалады және қазіргі уақытта орташа тәуліктік саны тәулігіне 130 жағдайды құрайды. Шілденің алғашқы 6 күнінде 773 жағдай тіркелген, бұл маусым айындағы сырқаттанушылық деңгейінен 1,3 есе жоғары. Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес биыл 4 шілдеден бастап Алматы қаласы «сары аймақта» орналасқан.
Денсаулық сақтау министрлігінің 11 шілдедегі мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 2 837 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Оның ішінде 291 пациент стационарда, 2 546 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
«Кейінгі тәулікте ел аумағында 454 тұрғыннан ПТР тесті арқылы КВИ анықталған. Коронавирусқа шалдыққандардың арасында 14 адамның жағдайы ауыр. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында – 118, Алматы қаласында – 200, Шымкент қаласында – 23, Ақмола облысында – 7, Алматы облысында – 30, Атырау облысында – 16, Шығыс Қазақстан облысында – 3, Жамбыл облысында – 17, Батыс Қазақстан облысында – 1, Қарағанды облысында – 11, Қостанай облысында – 3, Қызылорда облысында – 12, Маңғыстау облысында – 2, Павлодар облысында – 5, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Түркістан облысында – 3. Мұнымен осы уақытқа дейін елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1 309 888 адамға жетті», деп жазды ведомство.
Жақында Алматыда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Жиында эпидемиялық ахуал, КВИ таралуының өсу себептері, тиісті халыққа вакциналау және ревакциналау жүргізу мәселелері қаралды. Осы жылдың маусым айында сырқаттанған адамдардың вакциналау мәртебесін талдау кезінде 96%-ы вакцина алмағаны және вакцинадан, ревакцинадан кейін 6 айдан аса уақыт өткен адамдар екені анықталған. Отырыс барысында айтылғандай, Алматыда сырқаттанушылықтың өсу себептері вакциналау және ревакциналау қарқынының төмендеуімен қатар Омикрон Стелс вирусының бір түрінің таралуы болды. Осыған байланысты республикалық штаб коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Алматы қаласының әкімдігіне тиісті халықты вакциналаумен, ревакциналаумен және қайта ревакциналаумен қамтуды ұлғайту, медициналық-санитариялық алғашқы көмектің, мобильді бригадалардың және даярланған кадрлар резервінің әзірлігін қамтамасыз ету ұсынылды.
Сонымен қатар елімізде соңғы тәулікте 126 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шыққанын айта кетсек дейміз. COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия сауығып, қатарға қосылғандардың тұратын аймақтарын да атап өтті. Бұлар Нұр-Сұлтан қаласында – 40, Алматы қаласында – 74, Атырау облысында – 9, Павлодар облысында – 2, Түркістан облысында – 1. Республика бойынша барлығы 1 293 448 адам COVID-19-дан емделді. Ал коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін – 9 532 368 адам, екінші компонентін – 9 315 917 адам салдырды.
Нұр-Сұлтан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенова журналистерге берген сұхбатында елордаға кіріп-шығуға тыйым енгізу қарастырылып отырмағанын айтты.
«Өткен аптада Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия еліміздегі COVID-19-бен науқастану өсімін ескере отырып, қандай да бір өңір эпидемиялық тәуекелдің «сары аймағына» өткен жағдайда енгізілетін қосымша іс-шаралар туралы шешім қабылдады. Оның ішінде науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс істеу форматына көшіру, COVID-19-ға қарсы екпе салдыруға болмайтын қызметкерлер мен жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру шаралары бар», деді С.Бейсенова.
Оның атап өтуінше, Ashyq қосымшасын қайтадан іске қосу, Нұр-Сұлтан қаласына кіруге және шығуға тыйым салу көзделіп отырған жоқ. Дегенмен қала тұрғындарына адамдар жаппай жиналатын жерге барғанда, қоғамдық көлікке отырғанда маска тағу ұсынылады.
«Әр адам, әсіресе созылмалы аурулары бар жандар денсаулығына төнетін тәуекел мен қауіпті түсінуге тиіс. Олардан адамдар көп жиналатын жерге барғанда маска тағып, барлық қауіпсіздік іс-шараларын сақтауға кеңес береміз. Екпе немесе қайтадан вакцина алмаған тұрғындарға ұжымдық иммунитетті көтеру үшін дер уақытында вакцина алу маңыздылығын және қажеттілігін еске саламын», деді департамент басшысы.
Сонымен қатар ол коронавирус біршама төмен агрессивті формада өтетінін жеткізді.
«Осы жылдың маусым айының соңынан бері елордадағы коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиялық жағдайдың күрделеніп келе жатқаны байқалады. Айталық, осыдан бір ай бұрын тәулік ішінде бірнеше ғана жағдай тіркелсе, соңғы екі аптада орташа тәуліктік тіркелім 120 жағдайға жетіп отыр. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясының зертханаларда дәлелденген 118 жағдайы тіркелді. Коронавирус инфекциясының даму қарқыны бойынша репордуктивтілік сан 1,958-ге тең», деді С.Бейсенова.
Оның айтуынша, аурушаңдықтың артуына қарамастан коронавирус біршама төмен агрессивті формада өтіп жатыр. Ең бастысы, науқастардың ішінде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғандар жоқ. Қазіргі уақытта 118 науқас стационарларда, оның ішінде 11 науқас реанимация бөлімшесінде ем алып жатыр. Сонымен қатар 338 адам амбулаторлық жағдайда ем алу үстінде.