• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Шілде, 2022

Десантшы жауынгерлердің дайындығы маңызды

506 рет
көрсетілді

Қай елде болмасын қарулы күштердің маңызы зор, мемлекет те алдымен осы салаға басымдық береді. Әсіресе елдегі десанттық-шабуылдау әскерлерінің қызметі ерекше. Биыл аталған әскердің құрылғанына – 22 жыл толып отыр.

2000 жылдың 6 шілдесінде Мем­лекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республика­сының Қару­лы Күштерінде Ұтқыр күштер құ­рылды. Олар кейіннен Аэроұтқыр әскер­лер болып өзгерді. Ал 2017 жылы заман талабына сай Десант­тық-шабуылдау әскерлері деген атау иеленді. Қазіргі уақытта десанттық-шабуылдаушы әскерлер жоғары мобильді және соңғы үлгі­дегі техникамен жабдықталған, негізгі күштерден, оның ішінде жау тылында басқа да тапсырмаларды өз бетінше орындауға қабілетті. Олардың жауынгерлік қуатын десанттық-шабуылдау, артиллериялық, барлау, бітімгерлік құрамалары, бөлімдер мен бөлім­шелер құрайды.

Десанттық-шабуылдау әскерлері барлық оқу-жаттығуларға, соның ішінде халықаралық жаттығуларға ұдайы қатысып жүр. Атап айтқанда, олар Армия халықаралық ойындарында нәтижелі өнер көрсетті. Десантшы-жауынгерлер әрдайым өздерінің жоғары дайындық деңгейін, кәсіби шеберліктерін, аса күрделі тапсырмаларды орындауға қабілеттілігін көрсетіп келеді.

Әуе-десанты дайындығы – әскер­дегі маңызды мәселе. Көк тар­лан­дары күндіз де, түнде де, тіпті күрделі метеорологиялық жағ­дай­ларда да парашютпен сенімді түр­де секіреді. Бітімгерлік қызмет атқа­руда да десанттық-шабуылдау әскер­лерінің қосқан үлесі зор. «Қазполк» әскери қызметшілері 2003-2008 жылдар аралығында Ирактағы бітімгерлік миссияға қатысты. 2018 жылдан бастап «Қазполк» және «Тілендиев» бітімгерлік дайындық орталығы базасында қазақстандық бітімгерлер шеберлігін шыңдап келеді.

Десанттық-шабуылдау әскер­лерінде қызмет ету қашанда абыройлы міндет саналады. Бөлімдер мен бөлімшелерді жасақтауға қатаң іріктеу жүргізіледі. Мұнда Отан алдындағы борышын өтеуге келген мерзімді әскери қызметшілер тер төгеді. Әдетте, олардың спорт­тық разрядтары бар және психо­логия­лық тұрақтылық деңгейі жоғары. «Десант­шылар – қандай тапсырмаларды орындаса да, анық әрі шебер іс-қимыл жасап, батылдық пен епті­лік көрсететін, шыдамдылығы мен жауын­герлік машығы мықты, кез кел­ген сәтте егемен Қазақстанды қор­ғауға әзір нағыз жауынгерлер», дейді Қорға­ныс министрлігінің өкілдері.