• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 13 Шілде, 2022

Парижден кәдесый!

190 рет
көрсетілді

Тамырынан тектілік дарыған Алан Бөрібаевтың өнердегі әр қадамы әлем назарында. Жыл сайын музыка тіліндегі жарқын жобаларымен тыңдарманын тәнті етіп жүрген дарынды дирижердің «Астана Операның» ІХ театр маусымының жабылуына дайындаған тартуы – «Парижден кәдесый» авторлық бағдарламасы.

Осылайша, «Астана Операның» бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткері, Мемлекеттік сый­лық­­тың лауреаты, әлемге әйгілі маэст­ро 14-15 шіл­де күндері өтетін керемет кешін­де театрдың өткен маусым мен ал­­дағы келе жатқан мерейтойлық мау­сы­мы ара­сындағы шығармашылық ал­тын кө­пірдің қайталанбас келбетін түзбек.

Бүгінде қазақстандық дирижер әлем бо­йынша сұранысқа ие музыкант­тардың бірі. Түрлі елдердің симфо­ниялық оркестрлері онымен жұмыс істеуге асығады. Ол Еуропаның үздік сахналарында спектакльдер қояды. Ал оның әлемдік музыка қоғамында резонанс туғызатын авторлық жобаларын ұлы өнердің барлық табынушысы көруге ұмтылады. Бұл Қазақстан, Италия мен басқа да елдерден мыңнан астам музыкант орындаған Густав Малердің №8 симфониясына да, Карл Дженкинстің SHINE ASTANA салтанатты одасына да қатысты. Елорда өнерсүйер қауымының сүйікті жобаларының тізіміне, сондай-ақ «Италиядан келген хаттар», «Нибелунг жүзігі», «Мольер, Вольтер және Бомарше, неме­се Француз комедиясының негізін қалаушылар» және тағы да басқа табысты, бірегей авторлық бағ­дар­л­амалар көрік беріп келеді. «Париж­ден кәдесый» концертін де сол тізімнің жемісті жалғасы десек, артық айтқандығымыз емес. Өйткені қазақ өнері үшін Париждің орны да, рөлі де ерек.

Атап айтсақ, Қазақстан мен Фран­цияны, әсіресе Парижді берік шығар­машылық көпірлер байланыстырады. Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париждегі өнер көрсетуін екі елдің мәдени қатынастарының бастауы деп есептеуге болады. Ол біздің өнерімізді еуропалық сахнада таныстырған алғашқы қазақстандық орындаушы атанды. Сонымен қатар Парижде ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезовтің мерейтойлары атап өтіліп, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қазақтың ұлы композиторы Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы да салтанатпен тойланған болатын.  Ал 2014 жылы Алан Бөрібаевтің дирижерлігімен  Париждегі атақты Champs-Élysées театрында А.Жұбанов пен Л.Хамиди жазған «Абай» операсының француз­дық премьерасы зор табыспен өтті.

Маэстроның әрбір жобасы бірегей, алайда оның өте ерекше бағ­дар­лама­ларының барлық әралуан­ды­лы­ғын да біріктіруші белгілері бар, ол – ұлы музыкалық мәнер мен тарихи оқиғаның үндестігі. Осы­нау концерт тыңдарманға бір гала-опера аясында бір уақытта жиырмадан көп танымал, сондай-ақ француз композиторларының өте сирек орындалатын жауһарларымен танысуға мүмкіндік береді. Оларды Алан Бөрібаев «Парижден кәдесый!» галасына ұқыптап жинақтап, екшеп ерекшелендіріпті.

Бас дирижердің ғұмырнамаларды, өмірбаяндарды, сол немесе басқа ком­позиторлар өмір сүрген дәуірдің тари­хи деректерін жете зерттейтіні бел­гілі. Бәлкім, оның концерттерінің жаса­лу логикасының мінсіз болуы және көрермендер аудиториясы үшін ағар­тушылық сипат арқалауы осынау терең танымның нәтижесінде шығар. Ол жөнінде дирижердің өзі былай дейді:

– Айтулы жоба – XIX ғасырдың француз романтикалық операсы секілді шоқтығы биік мәдени құбылысты бүкіл кеш бойы қамтуға жасаған шығармашылық талпыныс. Бұл ұғымның кеңдігі сонша, осынау жалпыланған терминнің ішінде ол көптеген бағытқа бөлінеді. Гуноның «Фауст», Бизенің «Кармен» немесе Делибтің «Лакме» секілді үш атақты француз операсын атасақ та, олардың романтизм, реализм және ориентализм секілді түрлі ағымдар­ды білдіретінін көреміз. Біздің концерті­мізде ұсынылған барлық композиторды не біріктіреді десек, ол жоғары талғамға, тапқырлыққа, кемел­дікке, мәнер көркемдігіне, әуен әсем­дігіне, драмалық көріністердің көзтар­тарлығына, әуенді әрі үйлесімді айналымдардың төл даралығына құштарлық. Мәселен, ұлы Жорж Бизе сөзге екпінді дұрыс түсірмегенде сөз өзі шығарған әуенге «қонып» тұрса, ол әуен үшін екпінді солай қате күйінде қалдыра салады. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, үйреншікті болмау – француз операсы мәнерінің ең маңызды құраушы тұстарының бірі болып табылады, – деп мазмұнды кешінің алдында маэстро  Алан Бөрібаев пікірімен бөлісті.

Керемет концертке тамаша әншілер – Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Ахметова, Жаннат Бақтай, Медет Шо­та­баев, Жәмила Жарқым­баева, Мейір Байнеш, Салтанат Мұрат­­бекова бас­таған таланттар тобы «Астана Опе­ра» симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуінде  өнер көрсетеді. Бас хормейстер – Қазақ­­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері Ержан Дәуітов, концерт режис­сері – Еренбақ Той­кенов. Опера өнері өркен­деген XIX ғасыр­дағы Франция­ның ғажайып атмос­ферасына бойлауға мүм­кіндік бере­тін «Париж­ден тосынсый!» жаңа гала-кешін көрерменнің ла­йық­ты бағалайтынына еш күмән жоқ.