• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Шілде, 2022

Қазақстанда 40 млн гектар жер игерілмей жатыр

511 рет
көрсетілді

Өткен жылы Қазақстанда пайдаланылмай жатқан 400 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Ал биыл 5 млн гектарға дейін жер алынуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Біз ғарыштық мониторинг тәсілі арқылы жердің пайдаланылуын бақылаймыз. Бұл норма былтыр отандық заңнамаға енгізілген. Осы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 40 млн гектар жер пайдаланбай жатыр деген ақпарат алдық. Оның 95%-ы – жайылым жерлері. Жайылым жердің тапшылығы бар екені баршамызға мәлім. Бірақ оларды қайтару мәселесі бір күнде шешілмейді. Неге десеңіз, Конституциямызда жекеменшік құқықтар қорғалған. Сондықтан сол пайдаланбайтын жерлерді қайтару мәселесі сот тәртібімен шешіледі», деді Әлихан Смайылов Ұлттық арнаның «Жаңа Қазақстан» бағдарламасында.

Оның айтуынша, бұл мәселе жөнінде арнайы комиссия құрылды және биыл бұл жұмыстар қайта жанданады.

«Былтыр пайдаланылмай жатқан жерлердің 400 мың гектары мемлекетке қайтарылды. Биыл мұны 5 млн гектарға дейін жеткіземіз. Яғни биыл қайтарылатын жер көлемі 12 есеге ұлғаяды және ол жерлерді нақты пайдаланатын, ауыл шаруашылық өнімін шығаратын отандық кәсіпкерлерге беру керек. Сондықтан бұл өте маңызды мәселе», деді Үкімет басшысы.