Өткен ғасырдың көзге көрініп, көңілге қонған ірі жетістігінің бірі – телефон құрылғылары. Бүгінгі таңда телефон қолданбайтын адамды кезіктіру қиын. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып, қашықты жақын, беймәлімді айқын еткен құрылғылар көңілге демеу. Алайда смартфон қазіргі таңда бала жұбату, тәрбиеші қызметтерін атқарып жүргені жасырын емес. Мамандар бұл қауіпті тенденция екенін айтып дабыл қағуда.
АҚШ ғалымдары бірнеше жыл бұрын 2-3 жас аралығындағы 47 баланың миына маңызды зерттеу жұмысын жасаған. Ғалымдар тәулігіне бір сағаттан аса смартфон қолданған баланың миындағы сөйлеу және жазу қабілетіне жоғары деңгейде зиян келетінін анықтаған. Сонымен бірге бала тұйықталып һәм өзді-өзімен оңашаланып, қоршаған ортамен байланысудан қалатын көрінеді.
Мамандардың айтуынша, бүгінде мектеп жасындағы балдырғандардың 60 пайызға жуығы көзілдірік тағады. Бұған бірден-бір себеп – қалта телефондары. Көру қабілеті төмендеген балалар айналадан оқшауланып, қимыл-қозғалысының төмендеуі мүмкін деген қауіп бар. Әрі ата-аналардың бала денсаулығына салғырт қарауы мәселені ушықтырып отыр. Баланың «ата-анасы», «досы», «сыныптасы» да телефонға айналуда. Жұмысбасты ата-ананың жалғыз сенері де осы – смартфон.
Дәрігерлер үш жасқа дейінгі балаларға мүлде смартфон беруге болмайтынын айтып кеңес беруде. Бұл жасқа дейінгі балалардың миы үздіксіз қалыптасу кезеңін бастан кешетінін ескертеді. Сонымен қатар телефон ұстап өскен балдырғандарды психологиялық және неврологиялық аурулар туындау қаупі кездеседі. Қазақстанда ойынқұмар балалардың еліктеу салдарынан түрлі қылмыстарға барып жүргенін құлақ естіп, көз көруде. Әрі мектеп жасындағы балдырғандардың қалыпты білім алуына смартфон едәуір деңгейде кері әсер етіп жатқанға ұқсайды. Алматы қаласы Жетісу ауданы №102 мектептің ұстазы Ұлжан Ерғалиқызының пікірі осыған саяды.
«Қазіргі оқу үрдісінде техникалық құралдардың тиімділігіне байланысты түрлі әдістер, ойындар, қызықты сайттар арқылы оқытудың жаңа тәсілдері енгізіліп келе жатқаны ешкімге таңсық емес. Өмір сүру салтымызға икемделіп жатқан мұндай бетбұрыстың оң жақтарымен қоса зиянын да жоққа шығаруға мүлде болмайды. Мойындау керек, смартфон, интернет түсініктері біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ал мұндай өзгеріске біз психологиялық, тұрмыстық деңгейде дайын болдық па, жоқ па – оған бас қатырып жатқандардың қарасы аз. Қазіргі оқушылардың білім сапасы, қабылдау деңгейі алдыңғылардан әлдеқайда шапшаң екенін мектеп қабырғасында білім бере жүріп байқағанымыз бар. Дей тұрса да, табиғи жолмен дамып жетілмеген интеллектің ерте ме, кеш пе өз ауруынан сыр бере бастайтыны мәлім жайт, бұлай деуге айтылар себеп көп. Солардың бірқатары: оқушы бойынан тынымсыздық, сабырсыздық мінездері жиі байқалады; өзіне-өзі сенімсіз күйде жауап береді; телефонға арқасүйеушілік басым; оқулықтағы деректер емес, телефоннан алынған (негізсіз болса да) ақпараттарға сүйенуге құштар келеді. Бұған қоса оқушылардың сабақ барысында белсенділігі төмендеп келе жатқаны байқалады. Мысалы, орнынан тұрып жауап беру, бірінші болуға ұмтылу, мектеп іс-шараларына қатысу (ән айтып, би билеп өнер көрсету). Мектеп өміріндегі мұндай белсенді өмір салтын қазіргі таңда тик-ток түсіріп, ел қарасын көбейту секілді түсініктердің белең алып кеткені көңіл көншітпей тұр», дейді мұғалім.
Ал №10 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Арман Сәрсенбайұлы болса, көзге қатысты мәселелермен келетін мектеп жасындағы балалар саны артып келе жатқанын алға тартады.
– Смартфон балалардың қолында күнделікті болуының салдарынан бұл баланың денсаулығына тікелей әсер етеді. Ұйқысыздық пайда болады, балалар телефон қараған кезде мойнына, буындарына, сүйектеріне күш түседі. Содан да смартфонның балаға тигізер зардабы зор. Күнделікті әртүрлі ойындарды көбірек ойнай бергеннен соң баланың қоршаған ортамен қарым-қатынасы азайып, оқшаулана береді. Көзге тиетін зиянына тоқталсақ, біріншіден, көздің анықтаушы қызметі бұзылады. Көру дәлдігі төмендеп, заттарды бұлдырап көре бастайды. Бізге көз мәселесімен емханаға келген балалардың саны көбейгені рас. Бұған себеп смартфоннан шығатын көк түсті сәулелер, түнде телефонмен ойнаған соң ұйқысы да шала болып, осының бәрі көзге едәуір салмақ түсіреді», дейді дәрігер.
Шынында, бүгінгі құрылғылардың балалар денсаулығына әкелген зиянды тұстары әр алуан. Сонымен бірге психологиялық тұрғыдан зияны орасан зор. Көзге көрініп, қолға ұсталмайтын адам санасы – нәзік мәселе. Жады ақ қағаз секілді балалар естігені мен көргенін әп-сәтте сорып алатын шаңсорғыш іспетті. Психолог Эрик Берннің «Ойын ойнаған адамдар» кітабының «Адам тағдыры» атты бөлімінде адамның тағдыры жақсы не жаман болатынын баланың алты жасқа дейінгі көрген, естіген, түйген нәрселері шешеді деген пікір айтады. Яғни адамның миы бағдарлама іспетті. Оған бала күні жазылған дүниелер өз жемісін береді. Бабаларымыз бізге батырлық, ерлік жайлы ертегілер айтуының себебі ішіндегі әрбір ізгілік жайлы ойларды балалар кейінгі өмірінде жүзеге асырады екен. Алыптар жайлы ертегі тыңдап өскен бала ерлікке құштар болып өсетіні мәлім. Мәселен, қазақ ертегілеріндегі жақсылық пен жамандық образы қатар өрбіп, соңында жақсылықтың үстем болып, батырлардың «мұрат-мақсатына жетіп» аяқталатынында үлкен мән бар болып шықты. Қай кезде де аққа Құдай жақ екенін, ізгіліктің тасты жарып жеңіп шығатынын санасына құйған бала өмірдің әртүрлі жолақтарына мойымасы анық. Ал бүгінгі смартфон ұстаған балалардың ютубтан қандай бейнебаяндар көріп жүргенін бір Құдайдың өзі білсін. Бірінен соң бірі шыға келетін толассыз бейнебаяндардың ішінде қорқынышты сұлбалар мен жалаңаштанған адамдар, қисынсыз даулар мен бет жұлысқан жанжалдар, ұлттық болмысымызға ешқашан жанаспайтын әдеттер мен шетелдік модалар балдырғандарымыздың жадын қаншалық былғап жатыр десеңші!
Қорыта айтқанда, ел болашағына үлес қосу балаларымыздың ертеңіне, денсаулығы мен тәрбиесіне жіті қараудан басталады деген ой айтар едік.