• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Шілде, 2022

Шри-Ланка саясатындағы цунами

250 рет
көрсетілді

Экономикалық дағдарысқа ұшыраған Шри-Ланка басшысыз қалды. Елдің президенті Готабая Раджапакса жаппай наразылық кезінде әскери ұшақпен қашып кеткен.

Елдің әскери-әуе күштері 73 жастағы Готабая Раджапаксаның Мальдив арал­дарына ұшқанын растады. ВВС-дің хабар­лауынша олар Мальдив астанасы Мале қаласына таңғы сағат 3.00-де жеткен.

«Конституция ережелеріне сәйкес және Шри-Ланка үкіметінің өтініші бо­йынша Шри-Ланка Әуе күштері бүгін та­ңертең (сәрсенбі) президентті, оның әйе­лін және екі қауіпсіздік қызметкерін Мальдив аралдарына жеткізу үшін ұшақ берді», делінген хабарламада.

Ел президенті өткен сенбі күні рези­денциясына халық басып кірген соң 13 шіл­деде қызметінен кетемін деп уәде бер­ген болатын. Содан кейін жасырынып, артынша шетелге қашқан. ВВС тарат­қан мәліметке сүйенсек, Раджапакса мырза Мальдив аралдарында қалмайтынын және үшінші елге баруға ниетті екенін мәлімдеген. Оның ағасы, Шри-Ланка­ның бұрынғы қаржы министрі Базил Раджапакса да елден АҚШ-қа біржола кетуді ұйғарған.

Шри-Ланка халқы бұл хабарды есті­геннен кейін ел астанасында Коломбо кө­шелеріне тағы да митингке шықты. Көп­шілік қаланың басты алаңы Galle Face Green-ге жиналды. Бұл күні қара­пайым халыққа микрофон ұсынылып, тұр­ғындар жылдар бойғы жиналған жанай­қайын ортаға салды. «Жеңіске жетуді» көздеген халық ұрандатып үкі­мет пен оның көшбасшыларына қарсы шықты. Кейбір демонстранттар жауап­кер­­шіліктен құтылуды ойлап қашып кет­кен Раджапакса мырзаның іс-әрекетіне ашу­ланып, пікірлерін жасырмады.

«Оның жасаған әрекетін орынсыз деп санаймыз. Біз оны қалдырғымыз келеді. Ақшамызды қайтарғымыз келе­ді! Барлық Раджапаксан фермада жұ­мыс істеткізіп, ашық түрмеге отыр­ғыз­ғымыз келеді. Сонда олар халықтың жағдайын түсінер еді», дейді наразылық танытушылардың бірі Г.Нимал BBC-ге берген сұхбатында. Ал Решани Самаракун университетінің студенті бұрынғы президенттің кетуі «болашақта экономикалық және әлеу­меттік жағынан дамыған елге айнала ала­тынымызға үміт береді», деді.

Шри-Ланка халқы кейінгі онжылдықта басынан кешкен ең ауыр экономика­лық дағдарысқа президент Раджапакса от­басы мен оның үкіметін кінәлайды. Соң­ғы бірнеше ай бойы тұрғындар электр қуатының күнделікті үзілуімен, жанар-жағармай, азық-түлік және дәрі-дәрмек сынды негізгі қажеттіліктердің тапшы­лығымен күресіп келді. Елде автобус, пойыз және медициналық көлік се­кілді қажетті транспорттарда жанармай жетіс­пеушілігі қатты байқалған. Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, жанар-жағар­майға шикізатты импорттау үшін валюта жеткіліксіз. Сонымен қатар инфля­ция­ның өсуі халықтың ашу-ызасын тудыр­ды. Мектептер жабылып, билік жұ­мыс­кер­лерді материалдық қажеттіліктерді үнем­деу мақсатымен үйден жұмыс істеуге шақырды.

2009 жылы азаматтық соғыс аяқтал­ған­нан кейін Шри-Ланка сыртқы сауданы ынталандырудың орнына, ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз етуге баса мән берді. Қазіргі уақытта Шри-Ланка жыл сайынғы экспортынан 3 миллиард дол­лар­ға артық импорттайды. Сондықтан елде шетел валютасы таусылған. 2019 жыл­­дың соңында Шри-Ланканың валюта­лық қоры 7,6 миллиард долларды құра­ды. Бұл шамамен 250 миллион доллар­ға төмендеді. Елдің бұ­рынғы президен­ті Готабая Раджапакса 2019 жылы енгіз­ген мемлекеттік кірісті жылына 1,4 мил­лиард доллардан астам салықты жап­пай қыс­қартқаны үшін сынға қалды. Осы­лайша, ел дағдарысқа ұшырады.

Сарапшылар Готабая Раджапакса­ның Президент болып тұрған кезінде, отстав­каға кетпес бұрын шетелге қашып кет­кісі келгенін айтады. Сөйтіп, ол жаңа әкім­­шіліктің жазасынан құтылып кеткісі келген деген болжам бар.

Жалпы, Шри-Ланка 1948 жылы Ұлы­британия билігінен тәуелсіздік алған бо­латын. Үндістанның оңтүстігінде, Үнді мұхитында орналасқан. Елдегі 22 миллион халықтың 99 пайызын үш этностық топ – сингалдар, тамилдер және маврлер құрайды. Шри-Ланка прези­дент басқаратын унитарлы мемлекет сана­лады. Дегенмен Махинда Раджапакса отбасымен бірге билікті қолына жиып алғалы бірнеше жылдың жүзі болған. Ол 2009 жылы сингалдықтар арасында зор беделге ие болды. Өйткені оның үкіметі жылдарға созылған азаматтық соғыста тамилдік сепаратистік көтерілісшілерді жеңген-тұғын. Сөйтіп, мемлекет басшы­сы лауазымына қол жеткізді. Содан соң билік тізгінін сол кезде қорғаныс ми­нистрі қызметін атқарған ағасы Готабая қолына алды.

Ұзақ уақыт бойы Шри-Ланкада ма­ңызды тұлға саналған президент Гота­бая Раджапаксаның заңға қайшы іс-­әре­кетт­ерінен де халық құлағдар. Қорға­ныс министрі қызметін атқарып тұрғанда 2009 жылы аяқталған көтерілісшілер­ге қарсы даулы Тамил соғысында әскери операцияларды басқарғаны бел­гілі. Соғыс кезінде адам құқықтарын бұзып, сондай-ақ қарсы шыққандар­ды қудалады деп айыпталды. Бірақ Готабая Раджапакса өзіне тағылған айыптың бәрін әрқашан жоққа шығарады.

Раджапакса отбасы Шри-Ланка мемле­кетінде жиырма жыл бойы үстемдік етті. Сингалдық буддистердің қолдауымен Готабая Раджапакса 2019 жылы президент болып тағайындалды. «Оның тақтан кетуі экономиканың дұрыс басқарылмауына және өмір сүру құнының өсуіне ашула­нып, наразылыққа шыққан халық үшін тамаша жеңіс», дейді сарапшылар.

Енді елді қаржылық күйреуден шы­ғаруға барын салып, жұмыс істейтін үкімет қажет. Бүгінде елдегі өзге партия­лар­дың саясаткерлері жаңа үкімет құру туралы айтып жатыр. Бірақ әзірге олар ортақ мәмілеге келе алар емес. Сондай-ақ халық олардың шешімін қабылдай ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз.

Конституцияға сәйкес, егер прези­дент отставкаға кетсе, оның орнын пре­мьер-министр атқаруы керек. Премьер-ми­нистр парламентте президенттің орынба­сары саналады. Алайда сарапшылар­дың пайымдауынша, қазіргі премьер-ми­нистр Ранил Викрмесингхе мырза ха­лық ара­сында танымал, беделді тұлға емес. Наразылық білдірушілер өткен сен­біде оның жеке резиденциясын өртеп жіберген-ді. Дегенмен Ранил Викр­месингхе жаңа үкіметіне жол ашу үшін отставкаға кете­тінін мәлімдеді, бірақ қай уақытта еке­нін нақтыламады. Консти­туциялық құқық сарапшылары қазіргі парламент спикері Махинда Япа Абейвар­дена пре­зидент міндетін уақытша атқа­рушы лауа­зымына ең ықтимал кандидат ретінде қарастырылатынын алға тартады. Бірақ Абейвардена да – Раджапаксалардың одақ­тасы. Сондықтан оның билігін халық қолдай ма, жоқ па, белгісіз.

Президенттің міндетін уақытша кім атқарса да, оған парламент мүшелері ара­сынан жаңа президентті сайлауға 30 күн беріледі. Жеңіске жеткен кандидат Рад­жапакса мырзаның қалған мерзімін 2024 жылдың соңына дейін атқарады. Апта ба­сында елдегі оппозицияның негізгі же­тек­шісі Саджит Премадаса ВВС-ге прези­денттік сайлауға түсетінін айтты. Бірақ оған қоғамдық қолдау жетіспейді, бұқара халық саясаткерлерге күдікпен қарайды.

Осылайша, әзірге партиялар болсын, оппозиция мүшелері болсын немесе Шри-Ланкадағы саяси өзгеріске түрткі болған наразылық қозғалысының да елдегі көшбасшылыққа нақты кімді ұсынарын таба алмай дал.