Атырау облысында жол апатынан жүргізуші мерт болып, бір жолаушы Мақат аудандық орталық ауруханасына түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы бүгін, 17 шілдеде Мақат ауданының аумағында болған. Осы аудандағы Бәйгетөбе ауылы бағытындағы тасжолдың бұрылысында жергілікті уақытпен сағат 14:09 шамасында «Lada Priora» көлігі жол жиегіне аударылып қалған. Жол апатының салдарынан көлікті басқарған жүргізуші оқиға орнында мерт болды. Жүргізушінің жасы – 48-де. Ал, көлікте отырған 1974 жылғы жолаушы әр түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккен жолаушы Мақат аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
«Қазір Мақат аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тергеуді бастады. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабымен тергеу жүріп жатыр», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.