Белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің 80 жылдық мерейтойына орай жоспарланған ауқымды шаралар жиынтығы алыстағы Мельбурннан басталады. Бұл жаңалықты Еуразия кеңістігінде өмір сүретін халықтардың ұлттық мәдениетін өркендетумен айналысатын Ұлыбританияның қоғамдық ұйымы – Eurasian Creative Guild (Лондон) төрағасының орынбасары әрі Hertfordshire Press Баспалар үйінің басшысы Марат Ахметжанов пен Аустралияның белгілі театр режиссері Уоррен Уиллс сүйіншіледі.
Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында өткен баспасөз мәслихатында халықаралық мәдениет сарапшылары қазақ әдебиеті классигінің алдағы мерейтойын тек туған жерінде ғана емес, 1-10 қазан аралығында өтетін Қазақстанның мәдени күндері аясында Eurasian Creative Week VI халықаралық фестивалі шеңберінде де атап өтуді жөн санайды. Дулат Исабековтің мерейтойы мен шығармашылық жетістігін халықаралық деңгейде атап өтудің себебі негізсіз емес. Шығармалары туған елінің топырағынан тысқары мемлекеттерде ең көп сахналанған қазақ драматургінің есімі шетел оқырманы мен көрерменіне ілгеріден жақсы таныс. Д.Исабековтің шығармалары әлемнің бірқатар тілдеріне, атап айтқанда, ағылшын, неміс, чех, швед тілдеріне аударылды, енді, міне, Аустралия көрермені Шыңғыс ханның сүйікті әйелі туралы тамаша туындысымен танысуға мүмкіндік алып отыр. Сондықтан қазақ ұлттық драматургиясының көрнекті өкілдерінің бірінен саналатын Д.Исабековтің «Borte, Empress of the World» пьесасының әлемдік премьерасы – ұлтық мәдениетіміздегі айтулы оқиға.
Драматургтің айтуынша, Шыңғыс хан туралы ғылыми тұжырымға негізделген дәйекті тарихи деректермен бірге, ел ішінде ауызекі әңгіме, аңыз күйінде тараған дәйексіз ақпарат та жетерлік, алайда ұлы қағанның ұмытылып кеткен көп әйелінің арасында осы заманға аты аман-есен жеткен Бөрте жайлы тарихи мәлімет жоққа тән. «Бөртенің» алғашқы премьерасы жаңа ашылған Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында табысты қойылып, қазақ көрермені әлемді бағындырған ұлы әміршінің әйелінің тағдыр жолына үңіле отырып, оның қаһарлы қағанның ақылшысы ғана емес, мемлекет басқару ісіне араласқан сенімді серігіне айнала алған қайраткерлік тарихи ірі тұлғасымен танысқан еді. Еуропа жұрты үшін тың әрі таңсық тақырыптың театр сахнасында қойылып, VІ халықаралық Eurasian Creative Week фестивалі бағдарламасының басты шарасы ретінде жоспарлануы да осындай себептен туындап отыр.
Eurasian Creative Guild (London) төрағасының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, ел мәдениетіндегі бұл ерекше оқиға – Д.Исабеков шығармашылығында бейнеленген Қазақстанның бірегей мәдениеті мен тарихын тағы бір сатыға көтеретін биіктік. Мельбурндағы театр қойылымының премьерасына әзірлік жұмысы қазірдің өзінде қауырт басталып кеткен. Спектакльді Аустралия режиссері Уоррен Уиллс қояды, ал қойылымға Аустралия мәдениеті мен өнерінің қайраткерлері тартылған. Мысалы, әмірші мен әйелінің ғажайып махаббат оқиғасына еліткен елдегі ең ірі алпауыттардың бірі Джейсон Бовэйр мен ол басқаратын аустралиялық Moving Light Production (MLP компаниясы) спектакльдің сахналық безендірілуін өз қолына алған. Ал Уоррен Уиллс Мельбурнға келгенге дейін 35 жыл Англияның театрларында жұмыс істеген, ол сахналаған спектакльдер Ұлыбританияның Вест-Энд, Корольдіктің Шекспир театрында, Нью-Йорктің Бродвейінде, Бағдаттың Ұлттық театрында үлкен дүмпу туғызып, талғамы зор өнердегі әріптестері тарапынан толықтай мойындалып, көрермендерінің ілтипатына ие болған аса танымал режиссер.
Баспасөз мәжілісін ұйымдастырушыларға тікелей бейнеүндеу жолдаған Уоррен Уиллс: «Дулат Исабековтің шығармасы негізінде қойылатын спектакль нағыз қазақ өмірінің мерекесі болмақ: онда музыка мен биден бастап, ұлттық ас мәзірі, әдебиеті мен өнері тұтас қамтылады», дейді. Көп қырлы талант иесі Уоррен Уиллстің бойындағы үлкен өнердің бірі – композиторлығы, бұған дейін қойылымдарында драма мен операның әдемі үйлесімін жасап, осы тәжірибесімен танымалдығы арта түскен ол бұл жолы да өзі қоятын спектакльдің музыкамен көркемделуінің мінсіз болатынына сенімді. Режиссердің айтуынша, спектакльге қатысатын «Жастар хоры» пьесаны музыкалық жағынан толықтыра түспек. Сондай-ақ аустралиялық режиссер бұл спектакльдің ұзақ уақыт құрсауында ұстаған қатаң карантиннен кейін Қазақстан мен Мельбурнның рухани тұрғыда баяу да болса аяғынан нық тұруына игі әсерін тигізетініне сенім білдірді.
Басқосуға келген ECG London мүшесі, «Nuclear Angels» қазақ рок-тобының музыканты Джон Александр Гейзелар Дулат Исабековпен танысқанын тағдыр сәттілігіне балайды. Ал Құрманғазының күйлерін шығармашылығына шабыт беретін қайнар бұлақ деп біледі. Джонның өзі 25 жылдан бері Алматыда тұрады және қазақстандық музыканттармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Еуразиялық гильдия басшысының айтуына қарағанда, қазір Қазақстанның атынан Мельбурнға баратын делегация құрамы жасақталып жатыр, өз тарапынан құрметті меймандарды қарсы алуға Аустралия елі де дайын.
АЛМАТЫ