«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжанның өнер көрсетулерінің географиясы жылдан жылға кеңеюде. Осы жаздың өзінде оны көрермендері әлемнің бірқатар елдерінде күтуде. Атап айтсақ, отандасымыздың қатысуымен маусымда Миланда 8 Гала-концерт өтті. Енді әртіс Италияның басқа да қалаларының, сондай-ақ Франция мен Аустралия көрермендерін таңғалдыруға дайындалуда.
Ұлттық балет өнерінің маңдайына бақ құсы болып қонған Бақтиярдың бағы сол – оның билерін әлемнің танымал хореографтары өздерінің балеттік бағдарламаларына қосуға асық. Ал заманауи әрі классикалық өнер табынушылары «Қазақстанның №1 бишісі» атанған өнер иесінің әрбір қойылымына баруды армандайды. Туған жер төрінде ғана емес, шетелде де зор танымалдылыққа ие жетекші солист үшін биылғы жаз да маңызды оқиғалармен басталды.
Соның ең негізгісі – 17-28 маусым аралығында Миландағы Арчимбольди италиялық театрында өткен «Роберто Болле және оның достары» атты заманымыздың біртуар бишісінің гала-балет кештерінде жарқын өнер көрсетуі. Бақтияр Сан-Франциско және Мария театрларының жетекші балет солистерімен бірге көрермендердің назарына Л.Минкустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балеттерінен үзінді ұсынды.
– Роберто Боллемен осыдан бес жыл бұрын маэстро Луиджи Бониноның арқасында таныстық. Луиджи біздің театрға Ролан Петидің хореографиясында «Париж Құдай анасының соборы» спектаклін қоюға келген болатын, сонда біз гала-концертке қатар дайындалдық. Маэстро дайындық залына кіріп, жаттығуымызды бейнеге жазып алды. Кейіннен сол бейнені Роберто Боллеге көрсетіп: «Қазақстанда осындай балет әртісі бар, ол сенің «Роберто Болле және оның достары» атты гала-концертіңде міндетті түрде өнер көрсетуі керек, бұл бәріміз үшін үлкен жаңалық болады» деп мені сырттай таныстырған екен. Кейін Роберто Болле маған әлеуметтік желі арқылы шығып, концертке шақырту жолдады. Екеуміздің таныстығымыз осылай басталды, деп Бақтияр Адамжан Милан сапары турасынан сыр ақтарды.
Сол уақыттан бері Роберто Болле Бақтияр Адамжанның қатысуынсыз бірде-бір концерт өткізген емес. Екеуінің арасындағы шығармашылық достық жылдан жылға нығайып келеді. Айта кету керек, Роберто Болленің гала-концерттеріне шақырту алу – бұл әртістің жоғары шеберлігінің дәлелі.
– Роберто өз көрермендерін қатты құрметтейді. Оның гала-концертінде өзіңді жоғары кәсіби деңгейде көрсетпесең, тиісті дәрежеңді сақтап тұрмасаң, ол шығармашылық достықты бірден шорт үзеді. Себебі оның бағдарламалары жоғары сапасымен ерекшеленеді және соған сай әртістеріне де қатаң талап қояды. Маған деген ілтипаты, концертіне шақырғаны және Италияның беделді сахналарында өнер көрсетуге жағдай жасағаны үшін оған өте ризамын, деп атап өтті Бақтияр Адамжан.
«Астана Опера» премьерінің Италияға сапары мұнымен аяқталмайды. Бақтияр 21-22 шілдеде екі күн қатарынан Рим опера театрында көрермен назарына «Париж Құдай анасының соборы» спектаклін ұсынады. Балет жұлдызы италиялық сахнада Квазимодо басты партиясында жарқырайды.
Сондай-ақ осы айда Бақтияр Адамжанды испаниялық көрермендер де асыға күтеді. Әртіс Аликанте қаласының бас театрында өтетін STARS GALA гала-балетінде өнер көрсетеді. Айта кетейік, бұл гала-концертте жыл сайын әлемнің шартарабынан нағыз кәсіби таланттар бас қосады. Биыл гала-балетте «Астана Операның» жетекші солисімен бірге бір сахнада Мария, Үлкен, Михайлов театрларының, Берлин, Вена мемлекеттік балетінің, Нидерланды Ұлттық балетінің, сондай-ақ басқа да әйгілі театрлардың үздік әртістері өнерлерін паш етеді. Әртістер балет өнерін терең түсінетін әрі жоғары бағалайтын испаниялық жұртшылыққа ұмытылмас әсер сыйлайды деп күтілуде. Мұнда Бақтияр Риккардо Дригоның «Бойтұмар» балетінен па-де-де және Цезарь Пунидің «Эсмеральда» балетінен «Диана және Актеон» па-де-десін ұсынады.
Бақтияр Адамжанның әлем бойынша гастрольдік өнер көрсетулері тамызда Аустралияда жалғасады. Бұған дейін бекзат өнер падишаһы осы елде өткен Ballet International Gala әлемдік шоуында өзінің мінсіз техникасын көрсеткен болатын. Жыл басында Жасыл құрлық көрермендерін өнерімен тәнті етіп қайтқан балет жұлдызы араға бірнеше ай салып, «Астана Операның» жетекші солисі әрі өзінің сахнадағы жұбы – Шұғыла Әдепханмен бірге тамаша тандемде аустралиялық жанкүйерлерін тағы да қуантуға асық. Одан бөлек, Бақтияр 13-15 қазан күндері Францияның Канн қаласында өнер көрсетуге де қызу дайындық үстінде.
Әлемнің әйгілі хореографтарының ғаламның түкпір-түкпірінде өтетін балет кештері мен спектакльдеріне Бақтияр Адамжанды жарыса шақыруы – оның әлемнің үздік бишілерінің қатарында екенін тағы бір дәлелдей түседі. Бұл «Астана Операның» және барша еліміздің беделін халықаралық аренада арттыратыны сөзсіз. Ендеше, жаһандық өнер кеңістігінде лайым бабың келісіп, бағың жана берсін, Бақтияр!