• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Шілде, 2022

Бозторғай

385 рет
көрсетілді

«Орман, орман бала орман, Күйі сыры бар орман. Саяңа ендім тағы да, Татқызар болсаң бал орман».Бұл қазақтың шайыр қызы Марфуға Айтқожинаның өлеңі. «Қыз бен орманның тілдесуі». Дұ­рысы Ару қыздың арманы, ойы, жаны, жүрегі, сезімі, сенімі селт еткені. Сергелдеңге емес сезім деген құдіретті күштің еркіне еріксіз бөленуі, берілуі. Ақын арудың кө­ңілін, жан-тамырын қалай дөп бас­қаны құдды Риманың... кеші­ріңіздер Рымбаланың өзін айтып тұрғандай. Рима да осы орман­ның ішінде бойжетті. Қыз болып қылтиып әлемге қарады. Күні бойы орманда жеміс-жидек теретін. Кейде құс төсектей қалың мүктің үстінде жатып сонау биік қарағайдың ұшына қарайтын. Ап­пақ бұлтты бұтағына орап ал­ған зәулім қарағай жәймен ғана сол бұлтты тербеткендей. Әл­де сілкігендей... Ақша бұлт та ғашы­ғының саусағынан үзіліп айырыл­ғандай әлдеқайда маужыраған қа­лыпта маңып барады.

Рымбала тық-тық басып отыр. Тық-тық... Бұл қыздың ешкімге айтпас құпиясы... Тық-тық.. тырс-тырс... Көзінен тамған ыстық жас алдындағы ақ қағаз-лентаға тамып жатыр, тамып жатыр. Тық.. тық...Рымбала ауылдық поштада істеген. «Морзе әліппесі» дегенді кинодан көрген, әкесінен де естіген. Енді міне соны үйреніп, поштада телеграфшы болып істеп жүр.

Қалайша? Қалайша құлап қал­дым? Рымбала Қарқаралыдағы мектепте жақсы оқыды. Алтын медаль болмаса да тым-тым жақ­сы бітірді. Әкесі Кенжекең осы қызды оқыту үшін аудан орта­лы­­ғы Қарқаралыдағы орыс досы Михаилдың үйінде тұрғызып оқыт­ты емес пе? Қазақшаны онсыз да біледі, енді орысша үйренсін деген. Әке үмітін ақтай алмағаны ма? «Дәрігер болмай-ақ қояйын. Бірақ оқуға түсе алмадым, масқара болды-ау...» Рымбала намысты қыз болып өсті. Мектепте жақсы оқыды, үйірмелерге қатысты. Әсіресе ән салғанды ұнататын. Нағашы ағасына еліктеуші еді. Рымбаланың анасы Айтбану да жақсы әнші болатын. Өз орталарында, құрбы-құрдастар отырыстарында ән салдырмай жібермейтін. Нағашы ағасы домбыра шертіп, ән салғанда бүкіл ауылдың қыз-жігіті жиналатын. Анасы 12 құрсақ көтергенімен, төртеуі ғана қалған. Қалғандары бала кезде шетінеді. Сондықтан да Кенжекең осы қызды ерекше жақсы көрді. «Сенің табаныңа кірген шөңге, менің маңдайыма батсын» деп өсірді. Есейген Рымбала ақылды қыз болып қалыптасты. Ағаларымен бірге шалғымен шөп шапты, атқа да мінді. Үйдің бар жұмысын істеді. Тіпті ормандағы жеміс-жидекті теріп жинайтын. Сосын қарағайдың сағызын жақсы көретін.

Әкесі Кенжебала өмір бойы орманда істеді. Тіпті жолдас-жора, тамыр-таныстары басқа жұмыс ұсынғанымен Кенжекең көнбеді. Орман оның үйіндей болды. Жаны жабырқаса да, көңілі шаттанып қуанса да ол орманға кететін.

Келер жылы Рымбала Қарағандыдағы институт­тың филология факультетіне түсті. Өйткені Қар­қаралы ерекше қасиетті жер. Ол жерде Қаз дауысты Қазыбек би, Тәттімбет, Мәдилер туып-өскен. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Әміре, Сәкендер бұл жердің дәмін татып, суын ішкен. Сосын бұл жерге орыстың ғалымдары Гри­горий Потанин тоқтаған, саяхатшылар ат басын тіреген өлке. Әйгілі жазушы Михаил Пришвин осы жерде «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» естіген.

Рымбала мектепті орысша бітірген. Әсіресе әдебиетті жақсы көрді. Сондықтан да Рымбала филология факультетіне қиналмай түскен. Студенттік жылдар жас қыз үшін өте қызықты болды. Оқу, сабақ, қала берді концерт, театрдан қол үзбейді. Қасындағы құрбыларына аңыз бен ертегінің, ән мен жырдың өлкесі Қарқаралының тарихын, ерекшеліктерін, оның ішінде сонау XVII ғасырдағы Жоңғар шап­қын­шылығындағы Будда храмынан бастап Шай­тан­көлдің тарихын, Қоянды жәрмеңкесі, оған келген С.Сейфуллин, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Қажымұқан, И.Байзақов, Қ.Қуанышбаев (Қаллеки) туралы мақтанышпен айтып береді.

Рымбала институтты бітірген соң бір жыл мек­тепте мұғалім болып істеген. Жас қыздың бойын­дағы бұла күш тыным бермей, класындағы балалармен үйірме құрған. Сол балалармен оқуда да, са­бақтан соңғы үйірмеде де бірге жүреді. Шәмші­нің, Қасым Аманжоловтың әндерімен бірге орыс, украин әндерін де айтқанды жақсы көреді. Мұғалім болу, балалармен жұмыс істеу өзіне ерекше ұнай­тын. Осындай күндердің бірінде Бөпежан Иман­құлов шақырған. Ол кісі аудандық партия комитетінің ­хатшысы, соғыс ардагері, өте білімді, абыройлы адам. Бөпежан аға әңгімеге бірден көшті.

– Рима, сені біз аудандық комсомол комите­тіне хатшылыққа ұсындық, – деген. Рымбала таң-та­ма­ша болды. Өне бойын қорқыныш билеп кетті.

– Жо-жоқ ағай, бара алмаймын.

– Неге?

– Менің класым бар. Оқушыларым... Оның үстіне директорымыз Нөгербек Сыпатаев ағайдың тапсырған ісін аяқтамай кеткенім ұят емес пе?.. Хатшы күлді.

– Жарайды директормен өзіміз сөйлесеміз. Жал­пы партияның шешіміне ешкім қарсы болмауға тиіс.

Рымбала сөйтіп 24 жасында Қарқаралы аудан­дық комсомол комитетіне II хатшы болды. Күн­діз-түні жұмыс. Әсіресе мал шаруашылығы ал­дың­­ғы қатарға шыққан. Оның үстіне сол кездегі Қар­­қаралы ауданында құрылған шопандар мен механизаторлар, комсомол-жастар бригадалары Қазақстанға танымал болды. Кейіннен комсомол бригадасының алғашқы мүшесі, механизатор Нұр­бақыт Қадбыкәрімова Социалистік Еңбек Ері атанып, еліміздің мақтанышына айналды. Дегенмен, ол бұл қиын да ауыр кезеңдер еді. Мектеп бітірген өрім­дей жастарды оқуға жібермей, ауылдағы отарға алып қалатын. Әрине, кейіннен оларға оқуға жолдама бе­рілетін. Бірақ қаншама тағдыр, қаншама арман қана­тынан қиылған уақыт болғанын жасыра алмаймыз. Әрине олар адал еңбек етуге тырысты.

Жалпы, Сарыарқа өнері, мәдениеті, руханияты жайлы сөз қозғасақ әрине Рымбала Кенжебала­қызысыз әңгіме өрбіту мүмкін емес. Рымбала өз өмірін, уақытын, бақытын, барын тек осы салаға сарп еткен жан. Қай жерде болмасын жанын салып еңбек етті. Қай жұмыс болмасын оңай емес. Өндіріс те, ауыл шаруашылығы да, мал шаруашылығы да қиын. Білім саласы, спорт, оқу-ағарту да солай. Бірақ солардың ішіндегі ауыры – өнер. Себебі онда жаны нәзік, анадан туғанда талантты деген тұлғалар, дарындылар аз емес. Олардың әрқайсысы бір төбе. Ал жақсы менеджер бүгінгі тілмен айтсаң продюссер, олардың психологы, ұстазы бола білуі керек.

Рымбалада осы қабілет бар. Ол біреуге дос, біреуге жолдас, сырлас, ал біреуге ақылшы әпке, тіпті ана бола білді. Сондықтан да Рымбала қолына алған кез келген істі тындыра білетін жан. Бір жамандықтың артында, бір жақсылығы болады. Кешегі нәубет заманда Ұлы Сталин емес, улы Стекеңнің кезінде осы өңірге айдалып келген дарындар аз емес-ті. Солардың қатарында биші Арам Мурадьен, пианист Гельмут Вейс, Париждегі консерваторияның түлегі Алла Вербо, Кіші театрдың бишісі Марина Лебедева, пианистка, дирижер Маряна Лер және әйгілі Қазақстандағы ТЮЗ-ды ашқан Наталья Сац болды. Олар өз білгендерін, тәжірибелерін осы өңірдің халқына арнады.  Бойын­дағы таланттарын шама шарқы жеткенше аямады. Жалпы, талант, дарын да кішігірім күн іспеттес. Күн адамды сәулесімен жылытса, талант адам жанын жадыратады. Көкірегіне нұр құяды. Міне өнердің құдіреті осында. Рымбаланың істеген қызметін – осы өлке біледі. Адамның басы – Алланың добы демекші, тағдырдың суық желі айдаған әлгіндей азаматтар із қалдырған өңірде өнер туын жоғары көтеру қиын да жауапты шаруа-тын. Ал Рымбала осы жұмысты адал,  әрі абыроймен атқарды.

«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, Рымбала істеген жылдары Қарағанды облысы бо­йынша өнер ошақтары көптеп ашылды. Атақты Тәттімбет атындағы Ұлттық аспаптар оркестрі, ка­мералық оркестр, «Мерей», «Әуен» ансамбльдері, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» биші­лер ансамблі, т.б. ұжымдар. Әсіресе 1988 жылы ашылған қазақ оркестрі. Бұл кез Колбин деген сұмпайының Қазақстанды басқарып тұрған кезі. 1986 жылы желтоқсандағы бұрқ ете қалған қазақ жастарының ісі жер жаһанға жария бола баста­ған кезең. Біздің зиялы қауымды езіп, жаншыған Кремльдің уақыты. Осындай ел басына күн туған кезеңде атпал азамат, жастардың сүйікті сардары болған Қуаныш Сұлтановтың жер аударылып Сарыарқа төріне келген уақыты. Маңайына қатал да, мәдениет пен өнердің руханият пен спорттың жанашыры Қуаныш Сұлтанов бұл өңірде де көптеген іске мұрындық болды. Басында 28 адамнан тұратын оркестр, кейін Академиялық мәртебе алып үлкен өнер ордасына айналғанын көзі ашық жан білуге тиіс. Иә, бұл өте қызықты да, қауырт кез еді. Оркестрге дирижерлыққа Алматыдағы Құрманғазы атын­дағы консерваторияның түлегі Дүйсен Үкібайды шақырды. Жер-жерден әртістерді шақыру, оларға пәтер беріп, аспаптармен қоса сахналық киім тігу – айтуға ғана оңай. Ең негізгісі – өз шығармашылығы, өз тағдыры бар толыққанды оркестр жасау керек еді. Рымбала болса осы жауапкершілікті нардай көтерген. Оркестрдің тұсаукесеріне Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ш.Қажығалиевтердің келуі, баталарын беруі үлкен абырой болды. Сондай-ақ кезінде ашылған Теміртаудағы музыкалық комедия театрын Қарағандыға көшіру жөнінде шешім қабылданған болатын. Ал республикадағы жалғыз музыкалық комедия театрының аяғынан тік тұрып кетуін қа­дағалау Рымбала Кенжебалақызының мойнында ­болатын. Тіпті осы ұжымды «Академия­лық» атағы­на ұсынғанда сол кездегі Министрлікте басшы­лық еткен Дүйсен Қасейінов Рымбаланың ұсыны­сын қолдап, театр «Академиялық» атағына ие болды. Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзербай­жан, Өзбекстан, Беларусь, Украина, Татарстан сияқ­ты елдерге гастрольдік сапарына дейін мәдениет бас­шы­сының көзге көрінбес еңбегі деуге болады.

Бір кездері дүрілдеп тұрған С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ драма театры да құлдырап, тозып твор­честволық тоқырауға түсе бастаған кезінде Рым­баланың еңбегі орасан. Қарағандыда театр үшін қиын күндер болғанын бүгінде ешкім біл­мейді. Театрға ұшан-теңіз еңбек сіңірген Ерсайын Тапенов жаңа театр ашылуына байланысты, Павлодар облысына бас режиссер болып кетті. Және жай кеткен жоқ Сәкен театрының білдей-білдей әртістерін өзімен бірге ала кетті. «Жы­ғылғанға жұдырық» де­мекші іргеден ашылған Целиноградтағы жаңа театрға да Жақып Омаров біраз әртістерді шақырып алды. Не директор жоқ, не бас режиссер жоқ... Қазақ театры жабылудың алдында қалды. Іргетасын сонау өткен ғасырда,  ашаршылық кездерінде, яғни 1932 жылы қаланған қара шаңырақтың ортасына құлар кезі болған қиын сәт. Арқаның қара шаңырағы құласа, онда қара ормандай қа­йыс­қан мына дүйім елге не бетімен қарамақ? Рым­бала сол күндері көз ілмей, таңды таңға ұрды. Ке­зінде осы театрда істеген алғашқы қарлығаштар, сах­на шеберлері Ж.Шашкина, М.Әбдікәрімов, Ә.Шәй­мерденов, Т.Жабаев, З.Жақыпов, А.Ыбыраев және аталған ұжымында тұсауы кесіліп, қанаттанған Қазақстанның халық әртістері Мүлік Сүртібаев, Рахия Қойшыбаева, Әнуар Молдабеков, Қарғаш Сатаев, Асия Аблаева бастаған қаншама дарын­дыға өнердің бастауы да, сүрлеуі де болған есті сахна, Есіл сахна... «9 актер қалған қазақ театры театр­ болмайды, орыс-қазақ труппасын қосамыз» деп жоғары жақтағылар, яғни облыс басшылары шешім қабылдайды. Рымбала осындай қиналған сәттерде бұрыннан білетін өнердегі досы, ұлттық руханияттың жанашыры Мәдениет министрлігінде­гі Әшірбек Сығайға телефон шалады. Мән-жайды айтқан. Әшекең де қиналып тұр екен. Ақыры сол кезде облыстық мәдениет басқармасына қарайтын өнер училищесінен (қазіргі Тәттімбет атындағы өнер колледжінен) Рымбала Кенжебалақызы актер бөлімін ашуға бел байлады. Облыстағы талантты, дарынды балаларды театрдың белді актерлерімен іріктеп, училищеде сабақ берулеріне жол ашып, болашақ театр актерлерін даярлауға кірісіп кетеді. Бүгінгі таңдағы театрдың орта буын таңдаулы актерлері – Қарағанды училищесінің алғашқы түлектері. Қарағандыға күйеу бала, Талдықорғанда режиссер боп жүрген Әлімбек Оразбековты театрға шақырды. Бар болғаны 9 әртісі қалған Сәкен театрын облыс басшыларының қолдауымен осылай сақтап қалды. Бұл Омарбекованың өнер десе отқа түссе жанбайтын, суға салса батпайтын батыр қыз екенін көрсеткен кезі. Әлімбек Оразбеков келе сала театрдың өсуіне, оның шығармашылық шыңдалуына үлкен еңбек етті. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Рымбала осы сәтті пайдаланып Республикалық театр фестивальдерін өткізе бастады. Сол жылдарда ауылдағы клуб, кітапхана, мәдениет орталықтарының қиын кезеңі еді. Сол кездегі Үкімет басшысының қаулысымен жабылып қалған ауылдағы кітапханалар мен мәдениет үйлеріне Рымбала бастап, аудан басшылары мен жанашыр халқының арқасында қан жүгірте бастады. Аудан орталығында, ауылдарда мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар қайта жаңғырған сайын Рымбаланың қуанышы қойнына сыймай жүретін. Алайда қазақ пен орыс театрының бір шаңырақта болуы да үлкен проблема еді. Облысқа жаңа келген әкімге осы мәселені айтқан. Бұл да Рымбаланың еңбегі. Бір қызығы жаңа театрдың ғимаратының алдында Сәкеннің сәнді де, әдемі ескерткіш бой көтерді. Мұның да мәні бар екенін мен кейін білдім. Кезіндегі «Зобалаң кездері» Сәкенді ұстап түрмеге жапқанда дәл осы ескерткіштің жанындағы жертөледе отыр­ған екен. Уақыт шіркін төреші – әр нәрсеге әділдік­пен үн қатады. Бұл тек Сейфуллиннің қайта тірілуі емес, бүкіл қазақ руханиятының, мәдениетінің, әдебиетінің әділдікке қол созған, жеткен шағы-тын. Әрине мұндай қуаныш өзінен-өзі келмейтіні хақ. Артынан іздейтін, жоқтайтын жанашырлары болуы тиіс. Ал Рымбала болса нағыз осы іздеуші, сұраушы, жоқтаушы басшы болды.

Өз басым Рымбала Кенжебалақызын кештеу танып-білдім. «Әншінің өзінен бұрын құлағы туа­ды» демекші, Рымбала жайлы әңгімені бұрын еститінмін. Орысша, қазақшаға бірдей, орта бойлы, иман жүзді апам адамды бірден баурап ала­тын кісі екен. Рымбала Кенжебалақызының тұсын­да қазақ өнерінің ірі тұлғалары, әнші-ақын, сазгер мен саңлақтар Сарыарқаға ағылып тұратын. Әсіресе Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Илья Жақанов, Бәкір Тәжібаев, Ескендір Хасанғалиев сияқты үлкен аға-әпкелерінен бастап, Иосиф Кобзон, Лев Лещенко, София Ротару сияқты жұлдыздар талай мәрте осы өңірге өнерлерін паш етіп қайтқан қонақтар. Әсіресе аты әлемге мәшһүр Светослав Рихтерді Қарағандыға шақыруы үлкен оқиға болды.

Бүгінде Ұлытау облысы болып қайтадан ашылған Жезқазғанда өзіндік ерекшелігімен танылған қазақ музыкалық драма театры бар. Кезінде Торғай өңіріне сонау Мәскеуден келген бір топ жастар аш­қан. Дұрысы ол театрдың ашылуына тікелей мұ­рындық болған Өзбекәлі Жәнібеков. Қазақ елінің мәде­ниетінің, өнерінің, руханиятының шырақшы­сы Өзағаң екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмей­ді. Жезқазған облысын жапқан жертесер жексұрын­дар өнер ордаларын да қирата бастады. Міне, осы кезде Омарбекова шырылдап тұрып алды. Өйткені қаладағы жалғыз Қазақ театры жабылса өнердің де соры қайнайтыны хақ болатын. Әрбір облыс әкімі ауысқан сайын Рымбаланың айтатын ең үлкен өтініші Серағаңның театрын жапқызбауды сұрайтын. Міне, бүгінде Серке Қожамқұлов атын­дағы қазақ театрының шын жанашыры болған, шырақ­шысы да болған осы апайымыз Рымбала.

Ғаламтордағы бір көрініс әлі де көз алдымда. Дарылдаған, лапылдаған үлкен комбаин сайын далада шаңы бұрқырап егіс орып келеді. Ал боздаған бозторғай кішкене балапандарына мына әлемнен пана сұрап шырылдап жатыр. «Зұлмат» трактордың алдында сарауыз балапандар қонақтаған ұясын қауырсын қанатымен жабуға тырысады. Неткен құдірет! Неткен махаббат! Неткен аналық Ұлы күш! Ана махаббаты! Біздің Рымбала Кенжебалақызын мен кейде осы бозторғайға ұқсатамын. Өнердің жанашыр бозторғайы Омарбекова...

Аман болыңыз!

 

Талғат ТЕМЕНОВ,

профессор, театр және кино режиссері