Мемлекеттік активтерді қайтару бойынша жүргізілген жұмыстар аясында жалған кәсіпкерлердің 1 млрд теңгеден аса көлемдегі мүліктері қайтарылады, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы қаласының прокуратурасы шығарылған мемлекеттік активтердің заңдылығын тексеріп жатыр. 2017 жылы соттың үкімімен жалған кәсіпкерлік пен ақшалай қаржыны қолма-қол айналдырғаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды.
Атап айтқанда, 86 жалған кәсіпкерлік ашып, 87 млрд теңгеден аса қаражатты қолма-қол айналдырып, 27,7 млрд теңгеге салық төлеуден жалтарған. Олар қылмыстық жолмен алынған қаражаттарын мүліктерді сатып алу арқылы заңдастырған. Соттың үкімімен қаладағы беделді ауданда орналасқан 1,3 мың ш/м. жуық көлемде тұрғын үй құрылысы бар жалпы көлемі 1,4 га болатын екі жер телімдері қайтарылды. Жерлердің біреуінде тікұшақ қонатын алаң орналасқан. Ол объектінің шамамен нарықтық құны 1 млрд теңгені құраған.
Сонымен қатар прокурорлар анықтағандай, қылмыскерлер мүліктерін тәркілеуден жалтарту үшін жер телімдерін сотталғандардың біреуінің әкесінің атына жазған. Кейін сот үкімін орындаудан жалтару үшін жылжымайтын мүлік төрт мәрте үлестес тұлғалардың арасында жер телімінің конфигурациясын өзгерту арқылы жүзеге асырылған. Жалған мәмілелерді жасау нәтижесінде мүлік қағаз жүзінде сотталғандардың біреуінің қызына қайтарылған. Бұдан бөлек, осындай жүйемен мүлікті сақтап қалу үшін жер телімдерінің иелерінің бірі жалған некеге отырған.
Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратурасы аталған мәмілелерді, жалған неке туралы мәмілені заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінді.
«Жүргізілген ауқымды сот процестері, сондай-ақ азаматтық істің апелляциялық сатыда қаралу нәтижесі негізінде, қадағалау органының талап арызы толығымен қанағаттандырылды. Жоғарыда қабылданған шаралар мемлекет пайдасына бағалы мүліктердің қайтарылуына негіз болады», делінген хабарламада.