Ішкі істер министрлігі көшіп келушілердің Қазақстанға келу, тұру, тіркелу, олардың республикадан шығу қағидаларына және көші-қон бақылауын жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Босқын мәртебесін алған баспана сұраған иммигранттарға, сонымен қатар олардың отбасы мүшелеріне өтініші бойынша белгіленген тәртіппен ұзарту мүмкіндігімен үш айға уақытша тұруға рұқсат берілетіні туралы тармақ қосылды.
Бұған дейін құжатта пана іздеушілер мен босқындарды тіркеу мерзімдері көрсетілмей, оларға қатысты іс Қазақстанның босқындар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілетіні айтылған.
Сонымен қатар адам саудасының құрбандары туралы тармақ қосылды. Осылайша Қазақстан аумағында адам саудасының құрбандары деп танылған және анықталған көшіп келушілерге жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша үш ай алты айға ұзарту мүмкіндігімен, бірақ одан көп емес уақытша тұруға рұқсат беру көзделіп отыр.
Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сай арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін көрсету процесі аяқталғанға дейін олар республикадан шыққан мемлекетіне (шетелдік азаматтығы бар елге) шығарып жіберуге жатпайтыны, оның барысында құқық қорғау органдарына жүгіну және олармен ынтымақтасу туралы шешім қабылданады.
Түзетулер 2 тамызға дейін талқылау үшін Ашық НҚА веб-сайтында жарияланған.