• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Шілде, 2022

Шри-Ланка президенті сайланды

241 рет
көрсетілді

Шри-Ланкадағы президенттік сайлау кезінде Ранил Викрамасингхе жеңіске жетті. Парламент депутаттарының басым бөлігі экс-премьерге дауыс берді. Сарапшылар бұл халықтың наразылығын одан әрі ушықтыруы мүмкін екенін алға тартады. Өйткені жаңа басшы биліктен қуылған президент Готабая Раджапаксаға жақын тұлға.

Алты рет премьер-министр қызметін атқарған Ранил Викрамасингхе сәрсенбіде парламентте жасырын дауыс беру арқылы Шри-Ланка президенті болып сайланды. «Шри-Ланка тәуелсіздік алғаннан бергі ең ауыр экономикалық дағдарыстан, азық-түлік пен жанармай тапшылығынан және парламентке деген үлкен сенім дағдарысынан зардап шеккен уақытта, ел билігіне келген Викрамасингхені қиын жол күтіп тұр», деп жазады The Guardian.

Жеңіске жеткеннен кейінгі сөзінде Ранил Викрамасингхе бүкіл саяси партияны елдің игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. 73 жастағы саясаткер 134 дауыс, оның қарсыласы бұрынғы бұқаралық ақпарат құралдары министрі Дулла Аллахаперума 82 дауыс жинады.

Associated Press агенттігі Викрамасингхенің сайлануы елде наразылық қозғалысын тудыруы мүмкін екенін айтады. Өйткені ол Шри-Ланканың бұрынғы президентінің әкімшілігінің құрамында қызмет еткен. Ранил Викрамасингхе осы жылдың мамыр айынан бастап премьер-министр қызметін атқарды. Шілденің басында елдегі саяси дағдарыстың салдарынан президент қашып кеткеннен соң Шри-Ланка президентінің міндетін атқарған-ды.

Дауыс беруге парламенттік палатада Раджапакса отбасының үш мүшесі бар. Атап айтқанда, Готабая Раджапаксаның үлкен ағасы, бұрынғы президент және премьер-министр Махинда Раджапакса дауыс беруге қатысты. Бұл Готабая Раджапакса елден қашуға мәжбүр болғаннан кейін Раджапакса отбасының көпшілік алдында алғаш рет шығуы.

Викрамасингхенің саясатта жүргеніне қырық жылдан асты. Оны Шри-Ланканы қазіргі ең ауыр саяси және экономикалық дағдарыстан өткізуге лайық тұлға дейтіндер де бар. Әсіресе елге халықаралық Қаржы қорынан қаржылық көмек көрсету туралы келіссөздер жүргізуге көмектесетін тәжірибелі және қабілетті тұлға деп есептейді. Ранил Викрамасингхе елді 2024 жылдың қарашасына дейін басқарады.

Бірақ оның қашқын Готабая Раджапаксамен тығыз қарым-қатынасы сайлаушылар арасындағы беделіне нұқсан келтіруі ықтимал. Арагалая деп аталатын елге танымал наразылық қозғалысы мүшелерінің көпшілігі ол да биліктен кеткенге дейін наразылықтарын жалғастыруға ант берді. Сәрсенбіде жасырын дауыс беру кезінде Коломбодағы президент хатшылығында Викрамасингхенің отставкаға кетуін талап еткен үнсіз наразылық акциясы өтті.