Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі өтті. Бұл туралы Қырғызстан Президенті әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Мұратбек Әзімбақиев мәлімдеді.
Кездесуге Қырғызстан Президенті – Садыр Жапаров, Қазақстан Президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан Президенті – Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті – Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті – Шавкат Мирзиёев қатысты.
«Ел басшылары аймақтық қауіпсіздікке бірлесіп жауап беруде Орталық Азия мемлекеттерінің өзара іс-қимылын нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты. Аймақ мемлекеттерінің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері сөз болды», деді Әзімбақиев.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті Консультативтік кездесуі аясында аймақ елдері арасындағы достық, тату көршілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылды.